Германия соты "Ислам мемлекеті" радикалды тобының жұмысына араласты деп күдікке ілінген тәжік азаматын Душанбеге экстрадициялау туралы шешім шығарды. Тиісті сот қаулысын Солтүстік Рейн-Вестфалия жерінің соты қабылдаған. Осылайша Орталық Азия елі азаматының апелляциялық шағымын кері қайтарды деп жазды "Неміс толқыны".
Тәжік азаматының аты-жөні мақалада айтылмайды. Deutsche Welle мәліметінше, ол Мюнстер түбінде тұрып, 2015 жылы "Ислам мемлекеті" ұйымына қосылып, Сирия мен Ирактағы соғыстарға қатысқан.
2017 жылы Дюссельдорф соты оны "шетелдік террористік ұйымға мүше болғаны үшін" 5 жылға бас бостандығынан айырған.
Түрме жазасын өтегеннен кейін ер адам Германия билігінен өзін еліне жібермеуді сұраған. Өзінің айтуынша, туған елінде оны азаптау күтіп тұр. Алайда соттың айтуынша, Тәжікстан жағы елде азаптау мен дөрекі қарым-қатынас жоғын айтқан.
Азаттықтың Тәжік қызметінің болжамынша, нақты жағдайда мәселе 2016 жылы Германияда ұсталған Махмадсаид Саидов жөнінде болып отыр. Германияның федералдық прокуратурасы сол кезде оның Сирияның Ракка қаласындағы қарулы қақтығыстарға қатысқанын айтқан. Кейін ол 5 жыл түрмеге кесілді.
Душанбенің дерегінше, өткен он жылдықта Сирия мен Ирактағы "Ислам мемлекеті" және өзге де экстремистік топтар қатарында Тәжікстаннан барған 1100-ден астам азамат соғысқан.