Accessibility links

Саакашвили мен жаңа парламенттің «уақытша некесі»


Грузияның билеуші "Біріккен ұлттық қозғалыс" партиясы мен сайлауда жеңген оппозициялық "Грузия арманы" блогының өкілдері кездесіп отыр. Тбилиси, 5 қазан 2012 жыл.
Грузияның билеуші "Біріккен ұлттық қозғалыс" партиясы мен сайлауда жеңген оппозициялық "Грузия арманы" блогының өкілдері кездесіп отыр. Тбилиси, 5 қазан 2012 жыл.
Билеуші партия президенттің мерзімі аяқталуға жақын тұста сайлауда жеңіліп қалса, не болмақ? Мұндай жағдайда екі жақ еріксіз уақытша біріге тұрады.

Грузия президенті Михаил Саакашвили парламент сайлауында қарсыласы Бидзина Иванишвилидің жеңісін мойындады. Бірақ бұл енді екі жақ екі тарапқа кетеді деген сөз емес.

«ЕРІКСІЗ УАҚЫТША БІРІГУ»

Саакашвили билікте әлі келесі жылғы президент сайлауына дейін отырса, Иванишвилидің блогы парламент пен үкіметтегі орындарды иеленеді. Мұндай билік бөлінісін француздар «уақытша бірігу» (cohabitation) деп атайды.

Грузияның жағдайындағы «еріксіз уақытша бірігу» президент пен премьер-министр де атқару билігіне ие болатын жартылай президенттік жүйеге тән.

Ол көбіне парламент пен президент сайлаулары бір уақытта өтпеген кезде және бір мезетте президенттік қызмет пен парламентті бақылауында ұстаған партия оның біріндегі позициясынан айырылып қалған жағдайда қалыптасады.

Бірақ кейде мұндай ахуал кездейсоқ қалыптаспайды. Лондон экономика мектебінің European Politics and Policy журналының редакторы Патрик Данливи электорат кейде өз саяси ұстанымдары арасындағы тепе-теңдікті сақтауы үшін оларды «еріксіз уақытша бірігуге» мәжбүр етеді дейді.

ЭЛЕКТОРАТТЫҢ ТАҢДАУЫ

- Кейде сайлаушылар нақты нені қалайтынын өздері білмей, дағдарып қалып жатады. Грузияда да сайлаушылар Украинадағы сияқты я президенттің Еуропа Одағымен (ЕО) жақындасу саясатын, я Иванишвилидің Ресеймен қарым-қатынасын дұрыстау саясатын таңдау алдында тұрды.

Сосын сайлаушылар билікті президент пен премьер арасында теңдей бөлу, я президент пен оған бәсекелес партияға парламентте көпшілік орын алып беру арқылы қос саясатты қатар таңдайды. Сайлаушылар бұл жағдайда Ресеймен қарым-қатынасты дұрыстауды қалап тұрса да (оппозиция ұстанымы), ЕО-мен жақындасуды көздейтін саясаттан (президент партиясының саясаты) да бас тартқысы келмейді, - дейді Данливи.
Тбилисидің азаттық алаңында тұрған оппозиция жақтасы. Тбилиси, 2 қазан 2012 жыл
Тбилисидің азаттық алаңында тұрған оппозиция жақтасы. Тбилиси, 2 қазан 2012 жыл

Бірақ «уақытша бірігу» кезінде кейбір партиялар келесі сайлауға дейін өзіне бәсекелес партияның беделін түсіруге тырысады. Әр тарап президенттік пен премьерлік орындарды өзі иеленгенше бәсекелесі әлсірейді деп үміттенеді. Бірақ екі жақ арасындағы мұндай өзара жаулық ұзаққа созылуы мүмкін. Мұның мысалын 1980 жылдардың соңында «уақытша бірігу» термині алғаш пайда болған Францияның саяси тарихынан көруге болады.

1986 жылы Франция президенті Франсуа Миттеран сайлауда өз партиясы парламенттегі көпшілік орыннан айырылып қалған соң басты қарсыласы Жак Ширакты премьер-министр етіп тағайындауға мәжбүр болды. Ал Жак Ширак президенттің кезінде қабылданған бағдарламалардан бас тарта бастаған кезде Миттеран үкімет қабылдаған қаулылар мен жарғыларға қол қоймай, ұзақ уақытқа созылатын парламент қарауынан өткізуді талап етіп келді. Бұл теке-тірес Миттеран қайтадан президент болып сайланып, партиясы парламенттегі орындардың көпшілігіне ие болғанға дейін екі жылға созылды.

Бірақ «уақытша бірігу» арқылы басқару жүйесі кейде елді бұдан да қиын жағдайға душар етеді.
Румыния конституциялық сотының премьер-министр жариялаған импичментке тосқауыл қойған сәті. Бухарест, 27 тамыз 2012 жыл
Румыния конституциялық сотының премьер-министр жариялаған импичментке тосқауыл қойған сәті. Бухарест, 27 тамыз 2012 жыл

- Мысалы, Румынияда партиясы парламентте басымдыққа ие премьер-министр президентке импичмент жариялап, оны қызметтен кетірмек болған, бірақ конституциялық сот оған қарсы болды, - дейді Патрик Данливи.

Бірақ бәсекелес партиялар бірігіп, тізе қосып жұмыс істейтін болса, «уақытша бірігу» саяси алауыздықты реттеуге де ықпал етеді.

Бірақ қандай жағдай болса да, «уақытша бірігу» бәсекелес партиялар арасында ара-тұра қарама-қайшылық тудырғанымен, мемлекеттегі жалпы демократияны құрдымға кетуден сақтап қалады.

«БИЛІКТІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫП БАСҚАРУ»

Қазір АҚШ-та президент пен көпшілік орынды оппозициялық республикашылар иеленген конгрестің арасында да бітіспес талас бар. Бірақ мемлекетті «бөлісе басқару» деп аталатын мұндай жүйе «уақытша бірігуден» өзгеше. Себебі Америка Құрама Штаттарында президенттік басқару жүйесі орныққан. Онда президент атқарушы билікке, ал конгресс заң шығарушы билікке ие. Яғни мұнда биліктің атқарушы және заң шығарушы тармағы бөлінген.
АҚШ президенті Барак Обама Конгреске жолдау арнау үшін келіп тұр. Вашингтон, 8 қыркүйек 2011 жыл
АҚШ президенті Барак Обама Конгреске жолдау арнау үшін келіп тұр. Вашингтон, 8 қыркүйек 2011 жыл

Патрик Данливи Грузиядағы сияқты биліктің атқарушы тармағының өзі бөліске түсетін «уақытша бірігуді» қиын жағдай деп санайды. Себебі билік бұлай бөлінген кезде президент пен премьер-министр «тату-тәтті тұруы» қажет.

- Биліктің атқарушы тармағын бөліскен жағдайда президент пен премьер-министр үнемі, әсіресе қорғаныс мәселесі, сыртқы саясат, маңызды стратегиялық мәселелерде кеңесіп, келісіп отыруы тиіс. Яғни президент пен премьер тату болса, «еріксіз уақытша бірігу» жағдайында да қиын мәселелерді шешуге болады, - дейді Данливи.
XS
SM
MD
LG