Accessibility links

Газа секторында атысты тоқтату режимі күшіне енді


Газа секторы.
Газа секторы.

Израиль әскері Газада атысты тоқтату режимі күшіне енгізілгенін хабарлады. Ол жергілікті уақыт бойынша түс кезінде күшіне енген.

Израиль мен палестиналық ХАМАС тобының (АҚШ пен Еуроодақ террористік ұйым) ресми өкілдері бейсенбі күні атысты тоқтату туралы келісімге қол қойған. Бұл АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған бейбітшілік жоспарының бірінші кезеңі. Израиль әскері Газа аумағының жартысынан астамын бақылауында қалдырмақ деп жазды Times of Israel.

Келісімнің алғашқы кезеңі ХАМАС ұстаған израильдік тұтқындарды босатуды (20 адам) және соғыс басталғалы бері қаза болған тұтқындардың мәйіттерін беруді қарастырады. Израиль өз кезегінде өмірлік түрме жазасына кесілген шамамен 250 палестиналықты босатуы керек. Бұған қоса, Газада соғыс басталғалы бері ұсталған 1700 шақты азамат түрмеден шығарылмақ.

Тұтқын алмасу келісім жасалғаннан кейін 72 сағат ішінде жүзеге асырылуы керек. Мерзімі мен саны процесс кезінде өзгеруі мүмкін. Жұма күні таңертеңге қарай тұтқындардың тізімі келісілген жоқ.

Тұтқын алмасқаннан кейін тараптар Трамп жоспарының келесі пунктіне өтеді. Онда ХАМАС-ты биліктен шеттету туралы талап та бар. Бұл тармақтағы көп мәселе келісілмеген.

XS
SM
MD
LG