Accessibility links

Франциядағы журналистердің мемориалына Айдос Садықовтың есімі енгізілді


Наталья Садықова Францияның Байе қаласындағы журналистерге арналған мемориалда тұр. Мемориалға 9 қазанда күйеуі, журналист Айдос Садықовтың есімі енгізілген. Сурет Садықованың парақшасынан алынған.
Наталья Садықова Францияның Байе қаласындағы журналистерге арналған мемориалда тұр. Мемориалға 9 қазанда күйеуі, журналист Айдос Садықовтың есімі енгізілген. Сурет Садықованың парақшасынан алынған.

Кәсіби міндетін атқару кезінде қаза болған әлемдік журналистердің мемориалына Айдос Садықовтың есімі енгізілді. Бұл жөнінде марқұм журналистің жесірі Наталья Садықова әлеуметтік желіде хабарлады. Мемориал Францияның солтүстігіндегі Байе қаласында орналасқан. Мемориалды 2006 жылы “Шекарасыз тілшілер” ұйымы ашқан.

"Ол ақиқат үшін өмірін құрбан етті. Енді оның есімі сөз бостандығы үшін қаза болған әлемдік журналистердің аты-жөні жазылған стелаға қашап жазылды. Сөз бостандығының құны бар. Айдос ол үшін өмірін берді” деп жазды Наталья Садықова.

“Шекарасыз тілшілер” ұйымының хабарлауынша, 9 қазанда ашылған ескерткіш тасына кейінгі бір жылда кәсіби міндетін атқару кезінде опат болған 73 журналистің аты-жөні енгізілген. Олардың арасында Украина, Газада қаза болған журналистер де бар.

2024 жылғы 18 маусымда бір миллионнан астам жазылушысы бар оппозициялық "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовты Киевтегі үйінің маңында атып кеткен. Басына оқ тиіп, ауыр жараланған белсенді 2 шілдеде ауруханада көз жұмды.

Сол кезде Украина бас прокуратурасы Садықовтың қазасына қазақстандық Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаевты күдікті ретінде атаған. Кейін Қазақстан билігі Жақанбаев елге оралып, өз еркімен берілді деп хабарлаған.

Украиналық адвокат Дмитрий Моргун мамыр айында "Бәсе" арнасына берген сұхбатында Украина жағы Қазақстанға бір жыл ішінде үш рет сұрау салғанын, Қазақстанның құзырлы органдары тиісті дәрежеде қимылдамай отырғанын айтқан. Үш сұраудың негізгісі былтыр желтоқсанда берілген.

Биыл көктемде Садықовтың жесірі Наталья Садықова "Республика"басылымына Украина органдарының мәліметіне сүйеніп, Қазақстан Алтай Жақанбаевты ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатып жібергенін айтқан. Садықованың сөзінше, Қазақстанның құқық қорғау органдары "аталған тұлғалардың қастандыққа қатысын дәлел болмағандықтан қазақстандық прокурорлар тергеу амалдарын жүргізуден бас тартқан".

Маусым айының басында Қазақстан бас прокуратурасы Азаттыққа жолдаған жазбаша жауабында "сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын, тергеу құпиялығына байланысты басқа ақпарат жарияланбайтынын" айтты.

Садықов пен әйелі Наталья Садықова Қазақстаннан кетіп, Украинадан босқын мәртебесін алған. Ерлі-зайыпты Киевте жүріп "Бәсе" YouTube-арнасын ашып, Қазақстан билігін ашық сынайтын видеолар жариялап жүрген. Қазақстан ерлі-зайыпты Наталья және Айдос Садықовтарға іздеу жариялаған еді.

Былтыр Наталья Садықова күйеуінің қазасына Қазақстан билігін айыптап, қастандық "Тоқаевтың арында" деп мәлімдеген. Астана қастандықтың артында Қазақстан билігі тұр деген айыптауды жоққа шығарған. Қазақстанның тиісті органдары аталған іс бойынша мәліметті өте сирек береді.

Азаттық ашық дереккөздерден күдіктілерге тиесілі деген нөмірлерді тауып, ол нөмірлер өзге адамдардың телефондарында "арнайы жасақ", "собр", "капитан", "снайпер" немесе "Алтай Сырбар КНБ", "Алтай КНБ" деген қосымша ақпаратпен сақталғанын анықтаған еді. ҰҚК Азаттыққа Қаратаев пен Жақанбаев ҰҚК құрамында жұмыс істемейтінін, одан басқа ақпарат бере алмайтынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG