Франция соты елдің бұрынғы президенті Николя Саркозиді абақтыдан босата тұру туралы шешім қабылдады. Бұған дейін сот айыпты деп танып, бостандығынан айырған Саркози үш аптадан бері Париж түрмесінде қамауда отырған.
Дүйсенбі, 10 қарашада өткен сот тыңдауында 70 жастағы Саркозидің өтінішін прокуратура да қолдады. Экс-президентке кемінде апелляцияға берген арызы қаралғанға дейін, яғни 2026 жылғы наурыз айына дейін бостандықта болуға сот рұқсат берді. Сол күні ол абақтыдан шығып, Париждегі үйіне оралды.
Сот үкімімен бес жыл мерзімге бостандығынан айырылған Николя Саркози 21 қазанда жазасын өтеу үшін "Ля Санте" түрмесіне өз еркімен барған еді. Француз басылымдары ол Еуропа одағы елдері ішінде айыпау үкімі шыққаннан кейін түрмеге жабылған алғашқы бұрынғы мемлекет басшысы деп жазды. Бұған дейін Францияны басқарып, кейін түрмеге қамалған жалғыз адам – Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі коллаборационизмі үшін сотталған маршал Филипп Петен болатын.
Түрмеде өткізген уақытын "сұмдық" деп сипаттаған Саркози өзіне қолдау көрсеткен түрме қызметкерлеріне ризашылығын білдірді. Қауіпсіздік мақсатында оны басқа сотталғандардан бөлек қамауда ұстады, ал көрші камерада оның күзетшілері кезекшілік еткен. Бұған дейін экс-президентке түрлі қоқан-лоқы жасалғаны жайлы хабар тараған еді.
Париж соты Францияның бұрынғы президенті Николя Саркозиді "2005-2007 жылдары өзінің сайлау кампаниясын заңсыз қаржыландыру жөнінде Ливияның бұрынғы басшысы Муаммар Каддафи режимімен астыртын сөз байласқаны үшін айыпты" деп танып, бес жыл түрме жазасын кескен. Прокуратура соттан Саркозиді жеті жылға түрмеге қамауды сұраған еді.
Саркози өзіне тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарып келеді. Ол 2007-2012 жылдары Франция президенті қызметін атқарып, 2011 жылы Ливияға қарсы әскери интервенцияны қолдаған болатын. Ізінше Ливияда төңкеріс болып, Каддафи өлтірілді.
Саркозиге қарсы бұған дейін де сот процестері болып, айыптау үкімі шыққан. Ол 2021 жылғы наурызда жемқорлық және ықпалды саудалау баптары бойынша кінәлі танылып, бір жыл түрме жазасын және екі жыл шартты жаза арқалаған. Ол кезде жаза өтеу шарасы электрон құрал тағып жүру және ішінара үйқамақта ұстауға алмастырылған.
Ал 2021 жылдың күзінде сот Саркозиге тағы бір іс бойынша – 2012 жылғы сайлау науқанын заңсыз қаржыландыру дерегі үшін әуелі бір жыл түрме жазасын кесіп, кейін оны алты ай мерзімге шартты жазаға ауыстырған болатын.
Қазіргі іс бойынша сот Саркозидің айыбы ауыр екенін ескере отырып, ол мерзімнің бір бөлігін түрмеде өтеуге тиіс деген үкім шығарған. Сол кезде Саркози апелляцияға арыз бергеннен кейін сот оны түрмеден босатады деген болжам айтылған еді.