Еуроодақтың Ресейге қарсы санкциясына “ВТБ банкі” (Қазақстан) де ілінді. Шешім ЕО-ның ресми журналында жарияланды және 2025 жылдың 2 желтоқсанында күшіне енеді.
“ВТБ банкі” бұған дейін Батыс елдерінің санкциясына ұшыраған ресейлік ВТБ тобына еншілес құрылым. Санкция ресейлік қаржы жүйесіне қосылуға тыйым мен Ресей банктерімен операцияларға шектеуді қарастырады
23 қазанда ЕО елдері Ресейге қарсы 19-санкция пакетін қабылдаған.
Шектеулер Ресейдің “көлеңкелі флотына” қарсы бағытталған және онда Ресейдің сұйытылған табиғи газын импорттауға да тыйым қарастырылған. Бұл тыйым кезең-кезең бойынша күшіне енеді: алты айдан кейін ол қысқамерзімді келісімдерді қамтыса, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ұзақмерзімді келісімдерге де күші болады.
Шектеу сонымен бірге ресейлік дипломаттардың ЕО аумағында жүруіне де қатысты.
Еуроодақтың сыртқы істер бойынша жоғарғы өкілі Каи Калластың айтуынша, жаңа санкцияның нысанасы – ресейлік банктер, криптовалюта биржалары, Үндістан мен Қытайдағы ұйымдар.
Бұған дейін Еуроодақтың санкциясына Алматыда шоғырланған Kazstanex және "Металлстан" компаниялары ілінген еді. Оның алдында қазақстандық Elem group және DA Group компаниялары да ЕО санкциясына ұшыраған. Қазақстан билігі АҚШ пен Батыс елдерінің санкциясына іліккен елдегі кей компания жұмыс істемейтінін айтқан.