Accessibility links

ЕҚЫҰ-да Қазақстандағы экобелсенділерге қысым жөнінде айтылды


Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылында жұрт алтын өндіруге қарсылық білдіргеннен кейін алтын өндіруші компания ғимаратына арнайы жасақ қойылды. 8 мамыр, 2024 жыл.
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылында жұрт алтын өндіруге қарсылық білдіргеннен кейін алтын өндіруші компания ғимаратына арнайы жасақ қойылды. 8 мамыр, 2024 жыл.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) кеңсесінде аймақтағы экология мәселелерін қозғап жүрген қазақстандық экобелсенділерге қысым жөнінде айтылды. Бұл жөнінде "ЭКОМ" қоғамдық ұйымы, Орталық Азиядағы аймақтық экологиялық орталықтың басқарма кеңесінің мүшесі Светлана Могилюк хабарлады.

"Бүгін Венада ЕҚЫҰ кеңсесіндегі Орхус орталығындағы кездесу кезінде өте маңызды мәселе талқыланды. Өкінішке қарай, елімізде қоршаған ортаны қорғаушыларға қысым көрсету жағдайы жиілеп барады. Мен өз сөзімде тек екі жайтты ғана баяндадым: Шығыс Қазақстан облысындағы Маралды ауылы тұрғындарының өздері тұратын мекенді қорғаудағы сәтсіз талпынысы. Мемлекеттік органдар тарапынан шынайы көмектің болмауы. Және Атыраудағы сәл сәттілеу жағдай: онда компаниялардың бірі ақпа судың ластануы мәселесін көтеріп жүрген экобелсенділерге сот арқылы қысым жасамақ болған. Алайда белсенділердің тәжірибелілігі, Жайық-Каспий Орхус орталығының ұзақ жылдар бойғы жұмысы мен тәжірибелі заңгерлердің қолдауы экобелсенділерді қорғауға көмектесті" деп жазды Могиляк Facebook желісінде.

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылында алтын өндіру фабрикасы 2024 жылғы 26 қарашада іске қосылған. Жергілікті халық оның салынуына екі жылдан астам уақыт қарсылық танытты, алтын өндірісі ашылса да зауыт жұмысын тоқтатсын деген талапарын жергілікті әкімдікке айтуды доғармады.

Ауыл тұрғындары фабриканың алтынды топырақтан цианид қоспасымен ажыратуы қоршаған ортаға қауіпті деп есептейді. Сонымен бірге жарылыс жұмыстары аң-құсты үркітіп, ауылдағы ара шаруашылығына да кері әсер етеді дейді. Тәуелсіз экологтар да зауыт жобасының мінсіз іске асатынына күмән келтіріп, цианид қоспасы көктемгі қар суымен және жерасты суымен араласып, өзенді улайды деген.

Бұған дейін алтын өндіру фабрикасының зияны туралы айтқан кейбір белсенділер әкімшілік жазаға тартылған.

Фабрика халықтың алаңдаушылығынан кейін жобаға қосымша өзгеріс енгізілді, цианид суын топыраққа өткізбейтін қабат екі есе қалыңдатылды деп мәлімдеген. Сонымен бірге жобада кәсіпорын экологияға зиян келтірмейді деп көрсетілген. Маралды халқы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірнеше мәрте үндеу жолдап, жағдайды келіп көруін сұраған. Тоқаев жұрттың арыз-өтінішіне тікелей жауап берген жоқ. Облыс әкімі кен барлау мен фабрика құрылысы "заң аясынан шыққан емес" деген пікір айтқан.

Ресми Астана елде ешкім ой-пікіріне я саяси көзқарасына бола қудаланбайды дейді.

XS
SM
MD
LG