Қарағандылық бизнесмен Ерлан Әшімнің қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастыру туралы үндеуіне ондаған жергілікті тұрғын мен кейбір кәсіпкерлер қолдау танытты. Белсенділер – негізінен көпшілігі «Нәтиже» компаниясының жұмыскерлері мен экологиялық музей қызметкерлері – Қарағандының орталық саябағындағы шағын көлді қалпына келтіру жұмыстарына шілденің 30-ы күні кіріспекші. Олар көлді өз күштерімен тазалап, жиналған қаржыны құс ұялары, қоқыс жәшіктері мен орындықтар сатып алуға жұмсамақшы. Қарағандылықтар арасындағы аңыз бойынша, бұл көлді Қарлаг тұтқындары салған. Бірақ құжат жүзінде оған дәлел жоқ.
Жәрмеңкеден түскен қаржыға көлді тазартпақшы
Қарағандыда орталық саябақтағы жасанды көлді қалпына келтіруге қажетті қаржы жинау мақсатында қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

1
Эко-жәрмеңкені «Нәтиже» сүт фабрикасы Қарағанды облыстық экологиялық музеймен бірлесіп ұйымдастырған. Бұл қайырымдылық шарасына ондаған жергілікті тұрғын мен кейбір кәсіпкерлер қолдау танытты.

2
Эко-жәрмеңкеге келген кішкентай сатып алушыларға балаларға арнап қолдан жасалған түрлі әшекей бұйымдар ұсынылды.

3
Қарағандадағы эко-жәрмеңкеде жергілікті қолөнершілер өздері әзірлеген түрлі бұйымдарды саудаға шығарды. Олардың өнімдеріне соңғы кездері сұраныс артқаны байқалады.

4
Қайырымдылық эко-жәрмеңкесін ұйымдастырушы, қарағандылық бизнесмен Ерлан Әшім Азаттыққа сұхбатында өзі басқаратын «Нәтиже» компаниясы бүгінгі шарадан жиналған барлық қаржыны қайырымдылық мақсатына жұмсайтынын айтты. Бүгін компания Қарағандыдағы жәрмеңкеге 200 мыңға жуық теңгенің өнімдерін шығарған.

5
Қарағандының орталық саябағына кіретін қақпа. Саябақ аумағында шағын көл орналасқан. Белсенділер бүгін эко-жәрмеңкеден түскен қаржыны сол көлді қалпына келтіріп, тазалау жұмыстарын жүргізуге жұмсамақ.

6
Қайырымдылық эко-жәрмеңкесінде көлдің суреті бар баннер де ілінді. Онда жасанды көлдің қазіргі қоқысқа толы, лас күйі бейнеленген.

7
Қарағандылық Гүлдана Хамзеева эко-жәрмеңкеге өзі жасаған ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын әкелді. Мұны қосымша табыс көзі санайтын тұрғын ол бұйымдарын 300-ден 600 теңгеге дейін бағалап саудаға шығарды. Келушілер оларды қызыға сатып алып жатты. Ұлттық ою-өрнек салынған заттың бірін Азаттық тілшісі де өзіне сатып алды.

8
Экологиялық жәрмеңкеде үйден пісіріп әкелген тағам түрлерін сатқан әйелдер бүгінгі саудадан түскен барлық табысты Қарағанды орталық саябағындағы жасанды көлді тазарту мақсатына беретіндерін айтты.

9
Қайырымдылық эко-жәрмеңкесіне қатысушылар мен қонақтарға жергілікті бишілер ұжымы өнер көрсетті.

10
Бүгінгі қайырымдылық эко-жәрмеңкесінде айранның негізінде жасалған сабын да сатылды. Оны әзірлеушілердің айтуынша, дүкеннен табылмайтын өнімді олар тек тапсырыс бойынша дайындайды екен.

11
Қайырымдылық шарасына сіркіреп жауған жауын аздап бөгет жасады. Жаңбырлы күні жәрмеңкеге өнімдерін алып шыққан сатушылар үсті-басы су болғанына қарамастан, осы жерде кешке дейін тұруды ұйғарды.