The Economist басылымы Украинадағы соғыста Ресейдің шығыны мен орыс әскерінің алға жылжу қарқынына баға берді.
Батыс үкіметтері мен тәуелсіз зерттеушілердің деректеріне сүйенген Economist "басқыншылық басталғалы бері 2025 жылдың қаңтарына дейін Ресей 640 - 877 мың әскери қызметкерінен айырылған, 137 - 228 мыңы қаза болды" деген тұжырым жасайды. Басылымның жазуынша, биыл алғашқы тоғыз айда адам шығыны "шамамен 60 пайызға" артқан. Бұл деректерге қарағанда, биыл Ресей 53 мың адамынан айырылған, ал жараланғандарды қосқанда адам шығыны 344 мың адамға жетеді.
Economist-тің жазуынша, Ресейдің шығыны артса да, ол лайықты "нәтиже" бермеген – жыл басынан бері ол бірде-бір ірі қаланы жаулап ала алмады.
"Егер кейінгі 30 күннің қарқыны сақталса, Путин алғысы келіп отырған төрт аймақты (Луганск. Донецк, Херсон, Запорожье) орыс әскері 2030 жылдың маусымында ғана толық жаулап ала алады. Ал тұтас Украинаны басып алу үшін Ресейге тағы 103 жыл керек" деп жазды басылым.
Economist сонымен бірге соғыстың сипатына да назар аударады: қазір дрондар пайдаланылып жатқан шақта "майданға жақын күштерді шоғырландыру өзін-өзі өлтірумен пара-пар", нәтижесінде жылдам алға жылжу күрделі.
"Үш жылға созылған шабуылдардан кейін Украинаның қорғаныс шебіне қарағанда Ресейдің әскери экономикасының кенет күйреуі әлдеқайда ықтимал" деп түйіндейді Economist.
Майдандағы ахуалды бақылайтын украиналық DeepState жобасының мәліметінше, биыл алғашқы 9 жарым айда Ресей Украинаның шамамен 3 250 шаршы шақырымын басып алған. Бұл былтырғы көрсеткіштен (3 150 шаршы шақырым) сәл ғана көп.
Егер Economist-тің бағалауы дұрыс шықса, Ресейге жерді жаулап алу "өте қымбатқа түсіп" жатқанын көрсетеді. Былтыр америкалық "Соғысты зерттеу институты" қыркүйек пен қарашада Ресей 2356 шаршы шақырымды жаулап алып, 125 800 адамынан айырылғанын хабарлаған яғни, украин жерінің әрбір шаршы шақырымына 53 адамнан келеді. Осы есептеуге сүйенсек, биыл Ресей кемінде жараланғандарды қоса есептегенде 344 мың адамынан айырылып, 3 250 шаршы шақырымға қол жеткізген, яғни әрбір шаршы шақырымға шамамен 106 адамнан келеді.