Accessibility links

ПСЖ футболшысы Усман Дембеле "Алтын доп" иегері атанды


Француз футболшысы, ПСЖ клубының шабуылшысы Усман Дембеле "Алтын доп" иегері атанды. Париж, 22 қыркүйек 2025 жыл.
Француз футболшысы, ПСЖ клубының шабуылшысы Усман Дембеле "Алтын доп" иегері атанды. Париж, 22 қыркүйек 2025 жыл.

Франциялық "Пари Сен-Жермен" (ПСЖ) футбол клубының шабуылшысы Усман Дембеле "Алтын доп" сыйлығын жеңіп алып, осы маусымда әлемнің ең үздік футболшысы атанды. Әйелдер арасында испаниялық "Барселона" клубының футболшысы Айтана Бонмати үздік деп танылды. Марапаттау рәсімі дүйсенбі, 21 қыркүйек күні Парижде өтті.

28 жастағы француз футболшысы Усман Дембеле Луис Енрике жаттықтыратын команда сапында париждік клубтың Еуропа Чемпиондар лигасындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізген. Сөйтіп ол "Алтын доп" иегері атанған алтыншы француз футболшысы болды. Бұған дейін бұл марапат 2022 жылы франциялық Кәрім Бенземаға бұйырған.

Биылғы "Алтын допқа" үміткерлер арасында Дембеленің басты бәсекелесі "Барселона" ойыншысы Ламин Ямал еді. 18 жастағы футболшы бұл номинацияда екінші орын алды. Ал ПСЖ-ның тағы бір ойыншысы Витинья үшінші орыннан табылды.

"Біз барлығын дерлік ұттық. Сіздер мені жақсы кезде де, қиын кезде де қолдадыңыздар. Бұл жеке адамға арналған сыйлықты ұжым болып жеңіп алдық" деді Дембеле көзіне жас алып.

ПСЖ өткен маусымда Еуропа Чемпиондар лигасымен қатар Франция біріншілігін және кубогын, сондай-ақ УЕФА супер кубогын алған.

Дембеле ПСЖ командасында сыйлыққа кенелген жалғыз адам болмады. Франциялық чемпион өткен маусымның үздік клубы атанды. Ал Луис Енрике үздік бапкер, Джанлуиджи Доннарумма үздік қақпашы деп танылды.

"Бұл – клубтағы барлық адамның табанды жұмысының жемісі" деді ПСЖ президенті әл-Хелаифи. "Бізде команда үшін қызмет ететін жас ойыншылар мен жұлдыз ойыншылар бар. Бұл – ұжымдық жетістік".

Өткен маусымда Еуропа Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанған испаниялық Бонмати әйелдерген арналған "Алтын доп" иегері болды. Ал Англия құрамасының голландиялық бапкері Сарина Вигман әйелдер арасындағы үздік бапкер деп танылды. Ол бастаған Англия құрамасы Еуропа чемпионатын жеңіп алды.

XS
SM
MD
LG