Accessibility links

Жала жабу шағымы қалай қаралады? Саясаткер Болат Әбілов пен заңгер Абзал Құспанның соты мысалында


Көрнекі сурет. Кітап бетінде "Жала жабу заңы" деп жазылған.
Көрнекі сурет. Кітап бетінде "Жала жабу заңы" деп жазылған.

Адвокат Абзал Құспан оппозициядағы саясаткер Болат Әбіловты жала жабу бабымен сотқа беріп, жеңіп шықты. Заңгерлер істе қайшылық көп дейді. Азаттық осы іске сүйеніп, жала жабу жөніндегі шағымдардың қалай қаралатынын түсіндіреді.

Жала – қазақ қоғамында кең тараған ұғым. Жалған айып, негізсіз тағылған кінә мағынасында қолданады. Бірақ заң тілінде оның өз анықтамасы бар және ол анықтама бойынша жала жабылғанын дәлелдеу оңай шаруа емес дейді заңгерлер. Десе де осы бір күрделі процесті тарқатуға жарайтын сот процестері баршылық. Солардың бірі – адвокат Абзал Құспанның оппозициядағы саясаткер Болат Әбілов үстінен түсірген шағымы негізінде қозғалған іс. Сот саясаткерді кінәлі деп тауып, айыппұл салды. Заңгерлер мен сарапшылар бұл істің даулы тұсы көп екенін, сонымен қатар осы бір істің заңдағы кемшілікті әшкере еткенін айтады.

АДВОКАТ НЕ ҮШІН ШАҒЫМДАНДЫ?

1 тамыз күні Youtube желісінде журналист Дәнеш Байболатовтың оппозициядағы саясаткер Болат Әбіловтен алған видео сұхбатының кезекті бөлімі жарияланды. Жарты сағаттан сәл асатын бұл видеода журналист саясаткерден оның Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен және саясаттағы өзге де азаматтармен қарым-қатынасын сұрай келе, соңына қарай Қаңтар оқиғасына көшеді.

Дәнеш Байболатов: Әзірге тіркелмеген партияңыз Қаңтар оқиғасын зерттеп, бірнеше жиын өткізді. Бірақ ол жерде сол Қаңтар оқиғасынан қамалған бірнеше адамды түрмеден шығарып алдық деген елге танымал адвокаттар Абзал Құспан, Айман Омарова секілді адвокаттарды көрмедім. Неге?
Болат Әбілов: Олар – үкіметтің, биліктің қызыл адвокаттары. Абзал Құспан туралы айтайын. Мен оны 2011 жылы Жаңаөзенге шақырдым, ол біздің адвокат болды. Бірақ Қосай деген мықты жігіт бар. Алаңда болды, екі оқ тиді. Оның камераға айтқан сөзі. Ол ауруханада жатқанда, ауруханаға полиция келіп, оларды түрмеге әкелді. Жерге тастап, жердің үстінде ұрды, соқты, азаптады. Қаңтар айында дала суық қой. Терезе сындырған, ашық. Бес адамға арналған камерада 15 адам жерде жатыр. Сол бір күнде есік ашылып, адвокат Абзал Құспан тұр. "Мен сондай адвокатпын, міне прокурор қасымда, полиция тұр. Қандай шағым?" Біз барын айттық бетіне айттық. Ол бірдеңе жазды, есік жабылды, бітті. Ештеңе өзгерген жоқ. Азаптау, жерде жатыр, тамақ бермейді, су бермейді. Бұл не?
Дәнеш Байболатов: Сіз соған ғана қарап қызыл адвокат деп санайсыз ба?
Болат Әбілов: Білеміз ғой, сен шындықты айтсаң, сені ешқашан да парламентке шақырмайды.
(Ескерту: Ауызша сұхбаттағы бұл диалог ұғынықтылық үшін аздап түзетілді)

Талапкер "биліктің қызыл адвокаты" деген сөз жала деп отыр.

Саясаткер Болат Әбілов (оң жақта) журналист Дәнеш Байболатовқа сұхбат беріп отыр.
Саясаткер Болат Әбілов (оң жақта) журналист Дәнеш Байболатовқа сұхбат беріп отыр.

Абзал Құспан – расымен де танымал адвокат. Бірқатар атышулы істерді жүргізген. Қытайдан Қазақстанға қашуға мәжбүр болып, онда пана таба алмай түбі Швецияға кеткен Сайрагүл Сауытбайдың да қорғаушысы болған.

Ақтаудағы наразылықтан басталып, бүкіл Қазақстанды қамтыған Қаңтар оқиғасы кезінде Абзал Құспанның өзі де Оралдағы "заңсыз митингіге қатысқаны үшін" 10 күнге қамауға алынған.

Абзал Құспан Қаңтар наразылығы кезінде Оралдағы шеруде сөз сөйлеп тұр.
Абзал Құспан Қаңтар наразылығы кезінде Оралдағы шеруде сөз сөйлеп тұр.

Қаңтардың соңында ол Ақордада мемлекеттік хатшы Ерлан Кариннің қабылдауында болғанын айтып, артынша наразылық күндері жазықсыз қамалғандардың құқығын қорғау үшін "Аманат" дейтін комиссия құратынын мәлімдеді. Ақорданың келісімімен қамау абақтыларына жолы ашылған комиссия 11 ақпан күні баспасөз мәслихатын өткізіп, 85 адамның босауына ықпал еткенін айтқан.

Сол жиында Абзал Құспанға: "Билік сол адамдарды өздері ұстады, енді өздері сізді тартып, босатып отыр. Бұл билікке жарнама емес пе?" деген сұрақ қойылды.

"Ол [полиция] контртеррористік операция кезінде сол эпицентрде болған адамдарды түгел ұстап қамауға тиісті. Ол солай болады. Өйткені, сіз ол жерде мына террорист пе, бұл ұрлады ма, ұрламады ма, бұл шабуыл жасағандардың ішінде бар ма, жоқ па деп сол мезетте, сол сәтте анықтау іс жүзінде мүмкін емес нәрсе" деп жауап берген еді ол сол кезде.

Құспан мен оның комиссиясы Қаңтар оқиғасы кезінде жазықсыз қамалғандардың құқығын қорғауды одан әрі де жалғастыра берді. Ал наурызда ол комиссия атынан парламентте сөз сөйлеп, жұмысының нәтижесін баяндады, "бізге осындай мүмкіндік тудырып, қолдағаны үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа комиссия атынан және біз қорғаған жүздеген азаматтың атынан алғыс білдіргім келеді" деді. Осыдан кейін ол президент қолынан "Құрмет" орденін алды.

"Аманат" қоғамдық комиссиясының жетекшісі Абзал Құспан (ортада). Нұр-Сұлтан, 11 ақпан 2022 жыл.
"Аманат" қоғамдық комиссиясының жетекшісі Абзал Құспан (ортада). Нұр-Сұлтан, 11 ақпан 2022 жыл.

Абзал Құспан мен оның комиссиясына сенімсіздік білдірген жалғыз Болат Әбілов емес. Азаттыққа берген сұхбатында тағы бір белгілі адвокат Шынқуат Байжанов бұл комиссияның жұмысын "саяси ойын, саяси жоба" деп атаған. Бірақ Құспан дәл осы Әбіловтың сөзінен кейін ғана сотқа жүгінді.

– Қараңыз, балаларымның алды жиырма бірге кетіп бара жатыр. Ауылдан шыққанмын, ағайын-туыс бар. Олар да осындай нәрсені ылғи естіп отырады. Барған кезде талай мәрте айтты. "Елдің аузындағы осындай әңгімелерге неге тыйым жоқ. Пікіріңді неге айтпайсың?" дейді. Саясаткер емеспін, уақытым жоқ олармен ауыз көпіртіп ұрысып отыруға. Сол себепті осының бәрі жинақтала келе ішкі істер органдарына арызбен жүгінуіме алып келді, – дейді Құспан Азаттыққа.

Сөйтіп 17 тамыз күні Құспан Алматы полициясына Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіндегі "жала жабу" бабымен арыз түсіріп, бұл арыз алты күннен кейін сотта қаралды. 19 минутқа созылған процесте судья Әбіловты кінәлі деп тауып, оған 180 АЕК немесе 551 340 теңге айыппұл салды.

Енді осы істі талдап көрелік.

БІРЕУ ЖАЛА ЖАПСА, ЕКІ ТҮРЛІ БАППЕН ШАҒЫМДАНА АЛАСЫЗ

Егер кімде-кім сіз туралы жалған мәлімет таратса, екі түрлі заңмен шағымдана аласыз. Біріншісі – әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстегі "Жала жабу" бабы (73-3-бап), екіншісі – азаматтық кодекстегі "ар-намысты, қадiр-қасиеттi және iскерлiк беделдi қорғау" бабы (143-бап).

Халықаралық стандарт бойынша жала жабуды дәлелдеуге мынадай шарттар қойылады:

  • Айтылған сөз факт болуы керек
  • Факт жалған болуы керек
  • Жалған факт талапкер туралы болуы керек
  • Талапкер туралы факт жала жабу сипатында болуы керек
  • Талапкер туралы жалған факт жариялануы керек
  • Жарияланған жалған факт талапкерге зиян тигізуі керек.

Қарастырылып отырған кейсте, Болат Әбілов Абзал Құспан туралы қандай да бір мәлімдеме жасағаны, оның жарияланғаны анық. Ендеше тараптар даулап отырған шарттарға тоқаталайық.

ФАКТ ПЕН ПІКІРДІҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ НЕ? ОНЫ ҚАЛАЙ ДӘЛЕЛДЕЙДІ?

Анықтамасы бойынша, пікір мен фактінің айырмашылығы айқын. Факт деген – болған жағдайды немесе қандай да бір объективті шындықты білдіретін сөз. Оны түрлі айғақпен тексеруге болады. Мысалы, "пара алды" деген сөздердің рас-өтірігін тексеруге болады. Адам не пара алады не алмайды. Мұндайда "менің ойымша" деп барып жалған факт айтсаңыз, бұл сізді жауапкершіліктен құтқармайды. Айтылған сөзден факт анықталса, болды.

Ал пікір – адамның субъективті көзқарасы. Оны дәлелдей алмайсыз. Бір зат сізге көрікті, досыңызға ұсқынсыз болуы мүмкін. Мұндайда кімдікі дұрыс екенін анықтай алмайсыз.

Бірақ факті мен пікірді ажырату әрдайым оңай бола бермейді. Айтылған сөз сол ортаның контекстінде қабылданады. Қандай да бір сөздің этимологиясында факт жатуы мүмкін, бірақ тарихи контекстіде оның қолданысы өзге сипат алып, пікірге айналып кетуі, ол сөзді естіген адам оны факт деп қабылдамауы ықтимал. Мәселен, дамыған елдерде саясаткерлер бір-бірін "өтірікші" деп айыптай береді. Бірақ бұл сөз үшін олар сотқа жүгіне бермейді. "Өтірікші" деген өтірік айтты, жалған ақпарат таратушы деген фактіні білдіруі мүмкін. Бірақ заманауи түсінігінде бұл сөзді қоғамдық тұлғалар оңды-солды қолдана береді.

Мұндай жағдайда сөздің фактіге жатар-жатпасын сараптама анықтайды. Сараптаманы әдетте тіл мамандары жасайды.

"БИЛІКТІҢ ҚЫЗЫЛ АДВОКАТЫ" ПІКІР МЕ, ФАКТ ПЕ?

Болат Әбіловтың адвокаты Данияр Кәріпжанов соттан филологиялық сараптама жасатуды сұрағанын, судьяның бұл өтінішті қанағаттандырмағанын айтады. Абзал Құспан сараптама жасалмағанын растайды, оған өзі де қарсы болғанын мәлімдейді.

– Ол бір апта бойы түрлі себеппен соттан қашып жүрді. Сосын мен де қарсымын дедім. Апелляциялық алқа тағайындай берсін, – дейді Құспан.

Сот қаулысында судья "Сұхбаттың өзінде А.Т. Құспанға қарата "Биліктің адамы, қызыл адвокат" сөздері айтылады. Бұл сөздер "жалған" және оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіреді" деп жазған.

Абзал Құспан айтылған сөздің факт екеніне сенімді. Ол – мемлекеттік қызметте ешқашан жұмыс істемегенін, ал "қызыл адвокат" сөзі заңгерлер арасында анық мағынасы бар екенін айтады.

Адвокат Абзал Құспан тергеу изоляторы алдында ақпарат құралдарына сұхбат беріп тұр. 25 қаңтар 2022 жыл.
Адвокат Абзал Құспан тергеу изоляторы алдында ақпарат құралдарына сұхбат беріп тұр. 25 қаңтар 2022 жыл.

– "Биліктің қызыл адвокаты" деген сөз бір ғана мағына береді. Өзінің қорғауындағы адамдардың құқығын бұзып, оған қарсы жұмыс жасайтын, тергеушімен келісіп алып өзінің қорғауындағы адамдарға қарсы, оларды соттатып жіберетін адвокаттарды айтады. Сол мағынаны береді, басқа мағынаны бермейді, – дейді ол.

Азаттық сот сараптамасына маманданған филолог Рахила Қарымсақовадан осы сөздердің мағынасын сұрап көрді.

– Филологтың екі міндеті бар. Біріншіден, даулы мәтіннен жағымсыз деген ақпаратты ерекшелеп, оның жағымсыздығы неде екенін сипаттайды. Одан кейін оның қандай формада айтылғанын анықтайды. Бұл факт пе, пікір ме, болжам ба деген сияқты, – дейді филология ғылымдарының кандидаты Рахила Қарымсақова.

"Биліктің қызыл адвокаты" деген сөзге баға беруді сұрағанда маман контекстіге қарау керек екенін, бірден кәсіби пікір білдіру қиын екенін айтты. Бірақ шамалап бағасын берді.

– Заманауи түсінікті бұл сөздің расымен де жағымсыз сипаты бар. Сірә мұны көптеген мәтінді сараптау арқылы қуаттау қажет. Бірақ бұл факт мәлімдемесінен гөрі пікірге ұқсайды. Қандай да бір адамның әрекеттеріне қарап, оны "биліктің адамы" деп бағалауға болады, дейді ол.

САРАПТАМА НЕ ҮШІН ТАҒАЙЫНДАЛМАДЫ?

Заңгерлер әкімшілік соттар істерді азаматтық соттарға қарағанда жылдам қарайтынын, қажет деп тапса, сараптамасыз-ақ үкім шығара алатынын айтады.

"Құқықтық медиа-орталық" қоғамдық қорының заңгері Гүлмира Біржанова. Астана, 18 қаңтар 2016 жыл.
"Құқықтық медиа-орталық" қоғамдық қорының заңгері Гүлмира Біржанова. Астана, 18 қаңтар 2016 жыл.

– Әкімшілік сотта сараптама міндетті емес. Судья тараптар тапсырған құжаттарда барлығы жеткілікті деп тапса, сараптаманы тағайындамауы да мүмкін, – дейді "Құқықтық медиа-орталық" қоғамдық қорының заңгері Гүлмира Біржанова.

Құқық қорғаушылар осы себепті "жала жабу" бабы азаматтық кодекске өтуі керек деп санайды.

2020 жылға дейін "жала жабу" бабы қылмыстық кодексте болған. Бірақ билік бұл бапты ізгілендіру жұмыстары аясында қылмыстық заңнан әкімшілік заңға ауыстыратынын мәлімдеген.

"Еркіндік қанаты" қоғамдық қоры құрылтайшыларының бірі, заңгер Роман Реймер баптың әкімшілікке кодекске ауыстырғаннан мәселе шешілмейтінін сол кезде-ақ ескерткенбіз дейді.

– Жала жабуды декриминализациялау мәселесі көтерілгенде қылмыстық кодекстен әкімшілікке кодекске өткізу туралы шешім қабылдай салды. Халықаралық стандарт тұрғысынан бұл ешқандай да декриминализация емес. Қылмыстық істен толық шығару үшін оны азаматтық кодексе ауыстыру қажет, – дейді ол. – Сот Әбіловты кінәлі деп тауып, оған әкімшілік айыппұл салған. Ал бұл айыппұл талапкерге емес мемлекетке төленбек. Ал айыппұл көлемі елеулі болуы мүмкін. Яғни осы арқылы мемлекет репрессия механизмін іске қосып отыр.

Роман Реймердің айтуынша, "жала жабу" бабымен әкімшілік сотта жеңіп шыққан талапкер осы шешімді алып азаматтық сотқа да жүгіне алады. Сөйтіп моральдық және материалдық шығынның өтемін талап етуге мүмкіндігі бар.

Қаңтар құрбандарын еске алу митингісіне шақырып, айыппұл салынған кәсіпкер Болат Әбілов. Алматы, 2 наурыз 2022 жыл.
Қаңтар құрбандарын еске алу митингісіне шақырып, айыппұл салынған кәсіпкер Болат Әбілов. Алматы, 2 наурыз 2022 жыл.

Абзал Құспан расымен да дәл осы істі азаматық сотта жалғастыратынын айтып отыр. Не себепті бірден азаматтық сотқа жүгінбегенін сұрағанда, істі азаматтық тәртіппен қарау ұзаққа созылатынын айтты.

– Мен екеуін қатар бастадым, азаматтық өте ұзаққа созылады. Сотқа дейінгі талап беруің керек. Ол мекенжайға жетуі керек. Оның мекенжайын да білмейді екенмін. Телефон нөмірін де білмеймін. Әкімшілікте оны полиция тез табады. Енді оның көрсеткен мекенжайын көріп алдым, сол жерге сотқа дейінгі талапты жібердім, ол енді поштамен ұзақ барады. Азаматтық тәртіпте асықпай тұрып соттасуға мүмкіндік бар, – дейді ол.

АЗАМАТТЫҚ ЖӘНЕ ӘКІМШІЛІК СОТТАРДЫҢ БҰДАН ӨЗГЕ ҚАНДАЙ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ БАР?

"Құқықтық медиа-орталық" қоғамдық қорының заңгері Гүлмира Біржанованың айтуынша, әкімшілік кодекстегі баппен тек жеке тұлғалар ғана шағымдана алатынын, заңды тұлғаларда ондай мүмкіндік жоқ. Соңғысы тек азаматтық сотқа ғана жүгіне алады. Сондай-ақ, әкімшілік сотта айыппұл мемлекетке төленсе, азаматтық сотта моральдық және материалдық шығынның өтемі талапкерге беріледі.

Бірақ заңгердің сөзінше, ең негізгі айырмашылық – әкімшілік сотта жауапкер талапкер туралы ақпараттың жалған екені біле тұра қасақана жариялағанын дәлелдеу керек.

– Қылмыстық кодексте болғанын да, қазір әкімшілік кодексте де "жала жабумен" сотқа жүгінетіндер аз болған. Себебі мұнда кісінің ақпаратты оның жалған екенін біле тұра жариялағанын дәлелдеу қиын, – дейді Гүлмира Біржанова.

– Егер мені көшеде тоқтатып, сұрақ қойса және мен жөпелдемеде жауап берсем, онда бұл көрінеу жалған ақпарат таратуға жатпайды, – дейді заңгер Роман Реймер.

Болат Әбіловтың қорғаушысы Данияр Кәріпжановтың сөзінше, сотта көрінеу жалған ақпарат таратылғанына дәлел ұсынылмаған. Талапкер Абзал Құспан мұны растайды, бірақ әкімшілік сотта көрінеу жалған ақпарат таратылғанын дәлелдеу міндетті емес дейді.

– Әкімшілік кодексте санкциясын оқысаңыз, көрінеу деген нәрсе жоқ. Егер сіз жолда келе жатып, қызылға өтіп кетсеңіз, ережені әдейі бұздыңыз ба, жоқ па, ешкім басын ауыртпайды, айыппұл салады, – дейді ол.

Әкімшілік кодекстің 73-3 бабында жала жабуды "басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер тарату" деп анықтаған.

"Әділ сөз" қоры заң бөлімінің жетекшісі Сергей Злотников бұл анықтама қайткен де көрінеулікті дәлелдеу қажет екенін, филологиялық сараптама көрінеулік жоқ десе, айыптау тоқтайды дейді.

Заңгер Гүлмира Біржанованың айтуынша, азаматтық сотта дәлелдеу жүгі жауапкерде, яғни жалған мәлімет таратушы деген адамда болса, әкімшілік сотта көрінеулікті арызданушы дәлелдеуі қажет.

Сонымен, сот процесінің ерекшелігін қорытсақ, Азаттық сөйлескен мамандардың сөзіне қарағанда адвокат Абзал Құспан мен саясаткер Болат Әбілов арасындағы тартыста "жала жабудың" екі шарты толық дәлелденбеген. Біріншісі – айтылған сөздің факт екені, екіншісі – көрінеу жалған ақпарат таратылғаны.

"Еркіндік қанатының" заңгері Роман Реймер Қазақстан заңындағы тағы бір кемшілік бар дейді.

– Бізде шенеуніктер қатардағы азаматтардан ажыратылмаған. Шенеунік, саяси партия жетекшісі немесе қоғамдық істермен айналысатын кез келген адам сынға ашық болуы қажет. "Жала жабу" бабы қылмыстық кодексте болған кезде сараласаңыз, арызданушылардың көбі шенеуніктер болғанын көресіз, яғни бізде шенеуніктер ренжігіш келеді, – дейді ол.

Заңгерлер мемлекеттік қызметкер емес Абзал Құспанды қоғамдық қызметіне қарап "жария тұлғаға" (публичная личность) жатқызып отыр.

Сарапшылар сондай-ақ халықаралық нормаларда бар "қоғам мүддесі" түсінігі Қазақстан заңнамасында жоқ екенін, мұның да кемшілік екенін айтады. "Құқықтық медиа-орталық" қоғамдық қорының жетекшісі Диана Окремова осы ұғымды енгізсе, қоғам үшін маңызы бар деген тақырыптарда сөз бостандығы кеңірек қорғалатын еді дейді. Маман аталған істегі Қаңтар оқиғасына қатысты талқылар қоғам мүддесіне жататынын айтады.

"Құқықтық медиа-орталық" қоғамдық қорының жетекшісі Диана Окремова. 11 қараша 2016 жыл. Алматы.
"Құқықтық медиа-орталық" қоғамдық қорының жетекшісі Диана Окремова. 11 қараша 2016 жыл. Алматы.

– Адам құқығы жөніндегі Еуропалық сот пен БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитеті сүйенетін халықаралық стандарттарда саяси сипаты бар мәлімдемелер 19-бап (БҰҰ-ның Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы – ред.) кеңірек қорғалады. Аталған жағдайда әңгіме үлкен резонанс тудырға оқиға туралы екенін көріп отырмыз. Осы істі Еуропада не Америкада қараса, ешкім жала жабудың белгісін көрмеуші еді, – дейді ол.

Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 19-бабы: Әр адам наным-сенім бостандығына және өз көзқарасын еркін білдіруіне құқығы бар; бұл құқық өз наным-сенімін кедергісіз ұстану еркіндігін және мемлекеттік шекаралар тәртібіне тәуелді болып қалмай, ақпараттар мен идеяларды еркін іздеп, кез-келген құралдар арқылы тарату бостандығын да қамтиды.

Роман Реймер де, Диана Окремова да бұл істің қауіпті прецедент екенін, шенеуніктер мен өзге де жария тұлғаларға сын айтқандарды оңды-солды әкімшілік сотқа беруге жол ашатынын айтады.

– Осы жағдайдың мейлінше еркін болуы тиіс саяси дискуссия саласында болғаны өкінішті. Адамдар саясат туралы көбірек білуі үшін онда мықты дискуссия болуы керек, саясаткерлер белсенді болуы тиіс. Ал бізде мұндай дискуссияны осы секілді сот шешімдерімен тұншықтырғысы келеді, – дейді Окремова.

Болат Әбілов сот шешіміне апелляциялық шағым түсіргенін мәлімдеген. Бірақ адвокаты Данияр Кәріпжановтың айтуынша, 8 қыркүйек күні өткен апелляциялық сот бірінші инстанция шешімін өзгеріссіз қалдырған.

Абзал Құспан Болат Әбіловтан сұхбат алған журналист Дәнеш Байболатовтың үстінен де осындай шағым түсірген. Бірақ тамыздың соңында араша түскен журналистердің өтінішін қабыл алып, Байболатовпен дауласпайтынын мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG