Accessibility links

COVID-19 індетімен әлем елдері қалай күресіп жатыр?


Италияның Милан қаласында көше дезинфекциялап жүрген адам. 31 наурыз 2020 жыл.
Италияның Милан қаласында көше дезинфекциялап жүрген адам. 31 наурыз 2020 жыл.

Коронавирус әлем елдерін жүзжылдықтағы аса ауыр қиындыққа тап қылды. COVID-19 індетін тоқтатудың жылдам жүзеге асатын нақты ережелері болмағандықтан, әр ел өз бетінше әрекет етіп жатыр. Олардың кейбірі нәтижелі, ал енді бірі нәтижесіз.

COVID-19 дертін жұқтырғандардың саны 1 миллионға таяп қалды, індеттен қаза болғандар саны 44 мыңнан асып кетті. Вакцина жасауға айлар, бәлкім жылдар кетуі мүмкін. Елдерде дағдарыспен күресуіне қатысты ешқандай нақты ереже жоқ.

Коронавирус пандемиясының қатеріне тап болған әр мемлекет індеттің таралуын баяулату үшін қолдан келгенін істеп жатыр.

Үкіметтер карантин жариялап, адамдарды оқшаулау, маска кию сияқты әркелкі тәсілдерге жүгініп әуре.

Вируспен күрестегі алуан түрлі стратегия мен тактиканы төрт елдің мысалында қарап көрейік.

ОҢТҮСТІК КОРЕЯ

Пандемия жаңа басталғанда алғаш әрі қатты жапа шеккен елдердің бірі Оңтүстік Корея болатын. Болжамдар да тым үрейлі еді.

Дегенмен ел үкіметі жағдайды ушықтырмай, дер кезінде түзетті. Джонс Хопкинс университетінің 2 сәуірдегі мәліметі бойынша, бұл елде вирусты жұқтырғандар он мыңнан асты, қайтыс болғандар – 174 адам.

Жаппай сынама жасаудағы инновациялық әдіс елді жетісікке жетелеген шешімдердің бірі болды. Мәселен, телефон будкасы сияқты әйнектен жасалған шағын кабина орнатып, адамнан қауіпсіз түрде жылдам анализ алып отырды. Инфекция жұқтырғандар табылса, олармен байланыста болғандаарды бірден тауып, оқшаулады.

Оңтүстік Кореяның Дэгу қаласындағы медициналық қызметкерлер.
Оңтүстік Кореяның Дэгу қаласындағы медициналық қызметкерлер.

Америка ғалымдары федерациясының аға ғылыми зерттеушісі, эпидемиолог Эрик Фейгл-Дингтің айтуынша, Оңтүстік Корея күніне 15 мың адамнан сынама алудың арқасында халықты жаппай тексеру бойынша алдыңғы қатарға шықты.

Оңтүстік Корея 2015 жылы Таяу Шығыстан тараған MERS індетімен күресте тәжірибе жинап, ауруды бақылау жүйесін біраз реттеп алған. Озық медицина жүйесімен қоса, Оңтүстік Корея биотехнология индустриясы алдыңғы қатардағы ел саналады, соның арқасында олар жылдам тексеру жүргізе алды.

Алайда Оңтүстік Кореяның тексерілуі тиіс адамдарды анықтағанда бақылау камерасын көп орнатуы, банк карталарын, ұялы телефонды қадағалау сияқты аңду технологияларын көп пайдалануы жеке өмірге қол сұғу сынды біраз мәселе тудырды.

ГЕРМАНИЯ

Бір қарағанда, Германияның жағдайы қиын сияқты көрінеді. Джонс Хопкинс университетінің 3 сәуірдегі мәліметіне қарағанда, елде коронавирус жұқтырғандар саны 85 мыңға жеткен. Ауырғандар саны жөнінен олар әлемде бесінші орында тұр.

Елде мыңнан астам адам COVID-19 дертінен көз жұмған. Германияда 82 миллион халық тұратынын ескерсек, салыстырмалы түрде қайтыс болғандардың үлесі аз (1 пайыздай). Мәселен, Италия мен Испанияда қайтыс болғандар үлесі 10 пайыздан асады.

Оңтүстік Корея сияқты, Германияда да аурудың көп таралуына тосқауыл болған әдіс – жаппай әрі уақтылы сынама жасау.

Берлиндегі Бранденбург қақпасы, 2 сәуір 2020 жыл.
Берлиндегі Бранденбург қақпасы, 2 сәуір 2020 жыл.

Германиядағы коронавирус бойынша маман Кристиан Дростеннің айтуынша, елде індет жұқтырғандар саны аз кез – қаңтардың басында-ақ жаппай сынама жүргізу басталған. Кімде вирустың бар екенін жылдам анықтау – өте маңызды, себебі жұқтырған көп адам симптомдары анық байқалмайтындықтан, вирусты әрі қарай таратып жүре береді.

Дегенмен Германия бұдан да өзге шектеу шараларын қолданды. Мәселен, қоғамдық жиындарға тыйым салып, азық-түлік сатпайтын дүкендерді, барлар мен мейрамханаларды жапты.

Оның үстіне, елдің денсаулық сақтау жүйесі дағдарысты еңсеруге жақсы дайындалған, мұндағы ауруханалар 500 мың адамды қабылдай алады, қажет болса оның санын екі есеге ұлғайтуға болады.

ИТАЛИЯ

3 сәуірдегі мәлімет бойынша, Италияда COVID-19 жұқтырғандар саны 115 мың адамға жеткен. Бұл – АҚШ-тан кейінгі екінші орын. Елде Covid-19 дертінің кесірінен 14 мың адам көз жұмған.

Сарапшылардың айтуынша, ел үкіметі тым сылбыр әрекет еткен.

Ақпанның 23-і індет жұқтырған 123 адам анықталғанда үкімет 11 қаланы жапты. Бірақ үкіметтің үндеуі қарама-қайшылыққа толы болды. Билік 4 наурызда жұртты оқшаулануға шақырып, барлық мектепті жапқанымен, италиялықтарға “ескі әдеттен бас тартудың қажеті жоқ, қалыпты өмір сүре береміз” дегенді меңзеді.

Оның үстіне, Италияның денсаулық сақтау жүйесі мұндай дағдарыстан шығуға дайындалмаған, сондықтан маска мен респиратор жетіспеу сияқты мәселе көп болды.

Вирусолог Джорджио Палудың айтуынша, Италияның тағы бір қателігі – ауруханаларды симптомдары аса қауіп тудырмайтын адамдарға толтырып тастады.

COVID-19 дертінен қайтыс болғандардың сүйегі салынған табыттар. Сериате, Италия.
COVID-19 дертінен қайтыс болғандардың сүйегі салынған табыттар. Сериате, Италия.

Наурыздың ортасында үкімет төтенше жағдайға байланысты денсаулық сақтау жүйесіне 3,9 миллиард доллар қаржы бөлу туралы шешім шығарды, ол ақша терапия палаталарын ашуға, жасанды демалу аппараттары мен вирустан қорғанатын керек-жарақ алуға жұмсалды.

Сарапшылар солтүстіктегі аса қатты зардап шеккен Ломбардия аймағы мен солтүстік-шығыстағы аса қатты қиындық көрмеген Венето аймағын салыстырды.

Мамандардың айтуынша, Венето аймағы жаппай сынама жасағаннан ғана емес, ауру жұқтырған адамдармен қатынаста болды-ау дегендерді жылдам анықтап, оларды дер кезінде тексеріп не карантинге жатқызу арқылы індеттің тарауын барынша тоқтатқан.

АҚШ

Қазір коронавирус пандемиясының негізгі ошағы Америка Құрама Штаттарына ойысты. Сәуірдің 3-і күнгі мәлімет бойынша, мұнда 246 мыңға жуық адам дертке шалдыққан.

АҚШ президенті Дональд Трамп америкалықтарды “өте ауыр екі апта күтіп тұр” деген күннің ертесінде елде вирус кесірінен қайтыс болғандар саны 6 мыңнан асты.

Президенттің бұл сөзі бұрынғы айтқандарына мүлде кереғар шықты. Мәселен, АҚШ-та ауру жұқтырған алғашқы адам тіркелген 20 қаңтарда Дональд Трамп “біз барлығын бақылауда ұстап отырмыз” деген еді.


Джорджтаун университетінде сарапшылар алдында сөз сөйлеген 2014 жылы Эбола індетімен күрес тобын басқарған Рон Клайн бұл екіұшты мәлімдемелер үкіметтің “өте сәтсіз әрекетінің мысалы ретінде оқулықтарға жазылып, келесі ұрпаққа оқытылады” деді.

Коронавируспен күрестегі ең маңызды құралдардың бірі – сынама алу жағы көп проблеманың кесірінен ақсап жатты. Мұндағы жағдай тек соңғы күндері ғана түзеле бастады.

Сынама құралдарының сапасыздығы, жаңаларын әзірлеуге құлықсыздық, өндіріс мәселелері, үкіметтегі бюрократия, Трамптың бір-біріне қайшы мәлімдемелері – осының барлығы сынаманы жылдам жүргізуге кедергі болды.

Ауруды бақылау және оның алдын алу орталығының басшысы Роберт Редфилдтің айтуынша, вируспен күрестің тым баяу болуына қаржыландырудың жетіспеуі де қолбайлау болған.

Наурызда конгресс мүшелері алдында жасаған баяндамасында Редфилд “Шынын айтсам, біз қоғамдық денсаулық зертханаларына ақшаны аз бөліппіз” деді.

Ағылшын тілінен аударған Мұхтар Екей

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG