Accessibility links

"Түркия Ресейге балама болады деуге ерте". Әсел Тутумлумен сұхбат


«Түркия Ресейге балама болады деуге ерте». Сарапшы Әсел Тутумлумен сұхбат
please wait

No media source currently available

0:00 0:11:14 0:00

"Түркия Ресейге балама болады деуге ерте". Сарапшы Әсел Тутумлумен сұхбат

Түркі мемлекеттерінің ұйымы мүше елдерге интеграция және ынтымақтастықтың балама мүмкіндіктерін береді, сөйте тұра бұл ұйым аймақтағы басқа бірлестік және державалармен бәсекеге түспейді, дейді Таяу Шығыс университетінің ассистент профессоры Әсел Тутумлу. Түркі мемлекеттерінің ұйымы Қазақстанға не ұсына алады? Аймақта Анкараның ықпалы күшейіп жатыр ма? Түркия әскери салада аймақта Ресейдің орнын баса ала ма? Азаттық осы сұрақтарды Әсел Тутумлумен талқылады.

"Түркі мемлекеттері интеграция және ынтымақтастықтың балама мүмкіндігін береді"

− Кей зерттеушілер мен ақпарат құралдары Түркі мемлекеттері ұйымы тек мәдени емес, саясат пен геосаясатты қамтитын, өзара қарым-қатынастың ықпалды арнасына айналды деп есептейді. Бұл пікірге келісесіз бе?

Таяу Шығыс университетінің ассистент профессоры Әсел Тутумлу
Таяу Шығыс университетінің ассистент профессоры Әсел Тутумлу

− Келісемін. Түркі мемлекеттеріне қазіргі геосаяси ахуал, әсіресе экономика, қауіпсіздік мәселесі аса күрделі болып тұр. Бұл елдерді біріктіретін ортақ мүдде пайда болды. Қауіпсіздік жағына келгенде Ресей – Украина соғысы аяқталып, экономикалық дәліздерді қалпына келтіру маңызды. Екіншіден, аймақтағы барлық ел үшін егемендігі мен аумағының тұтастығының кепілдігі болғаны маңызды. Себебі солтүстік көрші елдің лауазымды тұлғалары Қазақстанға қарата "метрополия құрған жасанды мемлекет" тәрізді сөздерді айтты. Мұндай мәлімдемелер қауіпсіздікке нұқсан келтіреді. Ресей соғысқа дейін Украинаға қарата дәл осындай сценарий қолданған. Сондықтан Орталық Азия, Молдова мен Балтық елдеріне мұндай мәлімдемелер айтарлықтай қауіп төндіреді.

Түркі мемлекеттері ұйымы ондағы елдерге интеграция және ынтымақтастықтың балама мүмкіндігін береді. Олар бірігіп әскери оқу-жаттығу өткізіп жүр, Ресейден өзге нарықтан қару-жарақ сатып алу мен өндіру жолға қойылып жатыр. Бұл жемісін беріп жатыр.

Екінші мәселе, экономика. [Батыс санкция салғанға дейін] тауар айналымның 80 пайызы Ресей арқылы өтетін. Әзербайжан мен Түркияны қамтитын интеграция Орталық Азия елдеріне Еуропа және әлем нарығына шығуға мүмкіндік берер еді. Бұл түркі елдері үшін тығырықтан шығар жол, экономикалық интеграция Орта дәлізді жандандырып, бұл елдерге транзитті ғана емес, өзара және сыртқы сауданы арттыруға мүмкіндік береді.

Қазақ-қырғыз шекарасында кезек күтіп тұрған жүк көліктері. 2023 жылдың тамыз айы.
Қазақ-қырғыз шекарасында кезек күтіп тұрған жүк көліктері. 2023 жылдың тамыз айы.

− Түркі мемлекеттері ұйымы аймақта Мәскеу мен Пекин қатысатын өзге ұйымдардың, жеке Ресейдің ықпалына қаншалықты баланс бола алады?

− Меніңше, Түркі мемлекеттері ұйымы басқа елдермен не басқа ұйымдардың күн тәртібімен бәсекеге түспейді. Қазақстан мен Өзбекстан түрлі ұйымдардың күн тәртібіне шығаратын мәселелер – экономика мен қауіпсіздік. Шанхай ынтымақтастық ұйымында да дәл осы мәселелер көтерілді. Аймақ мемлекеттері өзара кездескенде немесе Қытай + Орталық Азия, АҚШ + Орталық Азия саммиттерінде үнемі қауіпсіздік пен аймақтық тұтастықты мойындау күн тәртібіне шығады. Сондай-ақ Орталық Азия елдерінің әр форумында көшбасшылар экономикалық байланыс пен Орта дәлізге мән береді. Біздің мемлекет пен жетекшілер осы екі саладағы мүддесін қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып жүр.

− Сонда Түркі мемлекеттері ұйымының серіктестігін күшейту арқылы Ресейді баланстау туралы сөз болып жатқан жоқ па?

− Түркі мемлекеттерінің ұйымы Ресейге қарсы бірлестік емес деп ойлаймын. Ресей басқа жолмен өз мүддесін ілгерілете алады. Ресей ықпалы экономика саласында, әсіресе энергетика, газ бен уран саласында күшейіп жатыр. Бұл тек Қазақстан емес, Қырғызстан мен Өзбекстан экономикасынан да осыны байқауға болады. Ресей аймақтық немесе халықаралық ұйымдар арқылы ықпал етуі шарт емес. Ол онсыз да әрекет ете алады.

Түркі мемлекеттері ұйымы Ресейге пайдасын тигізуі мүмкін. Мысалы, Ресей, Қырғызстан мен Қазақстан Еуразия экономика одағына кіретінін ескерсек, Мәскеу санкция салынған кей тауарды өз нарығына алдырта алады. Яғни Орта дәліз арқылы сауда көлемінің артуы қысқа мерзімде Ресейге тиімді, бұл Ресейге конфликт тудырады деп есептемеймін.

Түркі мемлекеттерінің ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының 11-саммиті. Бішкек, Қырғызстан, 6 қараша, 2024 жыл.
Түркі мемлекеттерінің ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының 11-саммиті. Бішкек, Қырғызстан, 6 қараша, 2024 жыл.

− 6 қараша күні Бішкекте өткен саммитте Түркия президенті Режеп Ердоған түркі елдеріне ортақ әліпбиді қайта ұсынды. Ақпарат құралдары Орталық Азия басшылары бұл бастаманы іліп әкетпегенін айтады. Неліктен?

− Меніңше, әліпби − ұйым ішіндегі қайшылық пен келіспеушіліктің көрінісі.

Ердоған үшін ортақ әліпби маңызды, ол бірыңғай ақпараттық кеңістікті қалыптастыра алатын еді. Бірақ постсоветтік елдер үшін ол ұлттық бірегейліктен айырылуға әкеп соқтыруы мүмкін.

Өйткені Қазақстан үшін әліпби фонетикалық. Қазақстан үшін әліпбидегі әріптер қазына, одан әр мемлекет өзіне керек әріп пен дыбысты ала алады. Сондықтан әліпбиде жоқ дыбысты қабылдау Қазақстан мен Қырғызстан үшін стратегиялық маңызды нәрсе, ол не қоғамның, не мемлекеттің мүддесіне жауап бермейді.

Түркия ары қарай да мәдени интеграцияны қалайтындықтан, бұл конфликт алда туындай бермек. Мемлекеттер білім беру, ғалымдар алмасу саласында құжаттарға қол қойды. Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан осылайша интеграцияны қалаймыз, осы бағытта белгілі бір қадамдар жасаймыз дегенді көрсеткісі келеді. Бірақ олар мұны өзіміз қалайтын, өзімізге ыңғайлы уақытта жасаймыз дегенді меңзеді.

Анкараның ықпалы күшейіп жатыр ма?

− Түркі мемлекеттері саммитінде және оған дейін Түркияның аймақтағы ықпалын саралаған көптеген мақала жарияланды. Түркия президенті Ердоған Ресей Украинадағы соғыспен жүргенде оңтайлы сәтті пайдаланып, өз ықпалын арттырып жатыр деген пікір бар. Бұл туралы не дейсіз? Анкара ықпалының күшейіп жатқанын көрсететін белгілер бар ма?

− Көпвекторлы саясат тұрғысынан қарасақ, аймақтағы көпвекторлық барлық мемлекетті бірдей қашықта ұстаймыз дегенді білдірмейді. Керісінше көпвекторлық белгілі бір елдерге экономика, транзит пен қауіпсіздік сияқты салаға қатысуға мүмкіндік береміз деген сөз. Түркияның белгілі бір орны бар, біз Ресей шығармайтын, бірақ Түркия шығаратын дрон мен танктерді сатып ала аламыз. Бұл міндетті түрде Ресейге қарсы нәрсе емес. Қару-жарақ сатып алуға келгенде Түркия әлі Ресейге балама бола алмай отыр. Мұндай баланс тұрғанда Түркия ықпалын арттырады, Ресейге балама болады деуге ерте. Украинада соғыс басталған соң Ресей Қазақстан экономикасына ықпалын арттырғанын көріп отырмыз. Ресей газ, атом индустриясы мен энергетикаға қатты интеграцияланып жатыр.

− Ресей экономикадағы ықпалын арттырып жатыр дедіңіз. Бірақ Орталық Азия елдері Мәскеуден алыстап жатыр деген пікір бар. Ресей неліктен экономикада ықпалын күшейтіп жатыр деп есептейсіз?

− Біріншіден, Ресей өз газын өткізе алатын нарық санаулы, бұл елдердің экономикалық мүмкіндігі шектеулі. Яғни, бүкіл капитал бір жерге бағытталуы керек. Ресей капиталы үшін Орталық Азия – тым шағын нарық. Бізге Ресей Қазақстандағы ең ірі уран кенішін алғанын ең соңында бір-ақ хабарлады. Ресей сондай-ақ газ инфрақұрылымына қол жеткізді. Кезінде Украина Ресей газын тасымалдағаны сияқты біз де Ресей газын өз ішімізге ғана емес, Қытайға да тасымалдай аламыз. Оған қоса қазір Ресей бұрын аз қатысқан саладан кәсіпорындар сатып алуға кірісті. Бұл мысалы дәріхана желілері. Ozon маркетплейсі де нарыққа жаппай кіріп, Ресей кәсіпорындарына біздің экономикаға мейлінше терең интеграциялануға жол ашты.

"Әскери техника мен қауіпсіздікке келгенде әлі де Ресейге қарайлаймыз"

− Орталық Азия мен Қазақстан Ресейден алшақтап жатыр деген пікір wishful thinking, яғни жоқ нәрсені бар деп көрсету ме?

− Біз [Ресейден] басқа салаларда алыстап жатырмыз. Экономикада интеграция жүріп жатыр, бірақ бұл басқа салаларда Ресей басым дегенді білдірмейді. Қауіпсіздікке келгенде, Ресей агрессорға айналуы мүмкін деген түсінік бар. Сол үшін Түркі мемлекеттері ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы тәрізді бірлестік Орталық Азия елдеріне қауіпсіздіктің кепілі болуды ұсынады. Бұл кепілдік Қазақстанға аумағының тұтастығын бекітуге мүмкіндік береді.

Қазақстанның Ресей-Украина соғысы бойынша позициясына үңілейік. Астана Мәскеуді қолдаса, ұқсас сценарий Қазақстанда да қайталануы мүмкін деген қауіп бар. Сондықтан Астана халықаралық құқыққа негізделген балансталған саясат ұстанып отыр. Астана Қырымды, өзін-өзі жариялаған Луганск және Донецк "халық республикаларын" қолдап, мойындаса екен деген Ресейдің тілегіне қарамастан, Қазақстан халықаралық құқыққа сүйеніп отыр.

− Әскери серіктестікке келгенде Ресей әлі де ықпалын сақтап отыр, Анкара әзірге Мәскеуді алмастыра алмайды дедіңіз. Бірақ сөйте тұра Орталық Азия елдері Анкарадан дрон сатып ала бастады. Қазақстанда Түркиямен бірлесіп ANKA дрондарын жасап шығаратын кәсіпорын салу жоспарланды. Түркия не себепті әскери тұрғыда Ресейге балама бола алмайды дейсіз?

− Бүгінде Ресей дрон шығармайды, Украинаға қарсы соғыста қолданатын дрондарды Ираннан сатып алып жатыр. Қазақстан Түркиямен бірлескен кәсіпорында ANKA дронын шығаратыны және Қырғызстанның "Байрақтар" дронын сатып алғаны Түркияның бұл салада белгілі бір орны барын көрсетеді.

Түркияның танк пен зымыран жасау бойынша жобалары бар, олар Ресей технологияларын алмастыра алады. Бірақ дәл сондай технология Ресейде бар болса, оны Түркиядан сатып ала алмаймыз. Меніңше, осы келісімшарттар арқылы Қазақстанға Түркияның ықпалы әлі де шектеулі екенін көруге болады.

− "Ресейде әскери техниканың баламасы болса, оны тек сол Мәскеуден аламыз" дедіңіз. Сонда Мәскеуге жалтақтау бар ма?

− Әскери қауіпсіздікке келгенде әу бастан Ресей қару-жарағы басым болды. Кейінгі 30 жылда танкілер, машина мен беренді техника жасауға тырыстық. Қазақстанда әлдеқайда озық технология болғанына қарамастан, ел үкіметі оны Ресейден сатып алатын болды. Әскери техника мен қауіпсіздікке келгенде Ресейге қарайлаймыз. Өйткені Ресей үшін бұл стратегиялық мәселе. Сондықтан әскери жағынан алғанда біз әлі де жеткілікті дәрежеде тәуелсіз емеспіз.

Ресей мен Қазақстанның әскери танкілері Жамбыл облысындағы "Мәтібұлақ" полигонында жаттығуға қатысып жатқан сәт. Архивтегі фото.
Ресей мен Қазақстанның әскери танкілері Жамбыл облысындағы "Мәтібұлақ" полигонында жаттығуға қатысып жатқан сәт. Архивтегі фото.

− Сіздің ойыңызша, соғыс басталғалы Түркі мемлекеттері ұйымы аясында серіктестік күшейді ме?

− Бұл ретте біз "күшею" деп нені меңзеп тұрғанымыз маңызды. Институт тұрғысынан алғанда Түркі мемлекеттерінің ұйымы, әрине, күшейді. Ол жұмсақ мәдени формасындағы интеграциядан институциялары бар, өзін жақсы танытып жүрген ұйымға айналды. Өзбекстан енді экономикалық интеграция, тіпті кеден одағы қажет деді. Бұл ретте ұйым табиғи түрде күшейіп жатыр, өйткені белгілі бір инстиуттар құрыла бастады. Бұған дейін ол институттар болған жоқ.

6 қараша күнгі саммитте туды бекітті. Бүгінде белгілі бір ақша қоры бар хатшылық жұмыс істеп тұр. Әзербайжан хатшылық органға 2 миллион доллар бөлді, өйткені түркі әлемінің 2040 жылға қарайғы бағдарламасын мүдделі тараптарсыз іске асыру қиын. Сонымен қатар инвестициялық банк бар. Өзбекстан түркі даму банкін құруды ұсынды. Түркі мемлекеттерінің белгілі бір ортақ проблемаларды шешетін органдарды институт ретінде бекітуге бейіл. Бұл үрдіс геосаяси ықпалдың көрінісі болуы мүмкін. Бүгінде бұл мәселеде елдердің мүддесі теңескенін көріп отырмыз. Түркия Түркі мемлекеттерінің ұйымын институттау арқылы ықпалын арттырып жатыр немесе түркі мемлекеттерін белгілі бір саясат ұстануға көндіріп жатыр дей алмаймыз. Керісінше кей салада конфликт бар, ал кей салада серіктестік байқалады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG