БҰҰ Бас ассамблеясы Таяу Шығыстағы жағдайды реттеуде "екі халық үшін екі мемлекет" принципіне оралуға шақыратын қарар қабылдады. Құжатта палестиналық радикалды ХАМАС ұйымын (ЕО мен АҚШ-та террористік ұйым танылған) Газа секторын бақылаудан шеттету туралы талап та бар.
12 қыркүйекте құжатты 142 қолдап дауыс берді. Арасында Қазақстан да бар. 10 ел қарсы шықты: АҚШ пен Израиль де құжатты қолдамады. 12 мемлекет қалыс қалды.
Қарар жобасын Франция мен Сауд Арабиясы әзірлеген. Израиль үкіметі дауыс беруді күрт айыптады, палестиналық әкімшілік жылы қабылдады.
Қарарға сәйкес, ХАМАС қозғалысы "халықаралық қолдаудың" көмегімен қаруын Палестина ұлттық әкімшілігіне тапсырып, 2023 жылы 7 қазанда кепілге алынған израильдік тұтқындарды босатуы керек. Құжат ХАМАС-тың бейбіт халыққа шабуылын айыптайды.
Қыркүйектің соңына дейін Палестинаның тәуелсіздігін Франция және өзге де бірқатар ел мойындауы мүмкін. Олардың ұстанымы бойынша, Палестина мемлекеті демилитаризацияланып, Израильмен бейбіт қарым-қатынаста болуы керек. Ал ХАМАС билікке араласпауы керек.
Израильмен қатар Палестина араб мемлекетін құруды қарастыратын "екі халық үшін екі мемлекет" тұжырымдамасы 1967 жылғы алты күндік соғыстан кейін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 242-қарарымен бекітілген. Дегенмен бұл мәселеде Израильде де, Палестина саяси күштері арасында да ешқашан ортақ пікір болған емес: Израиль саясаткерлері тәуелсіз Палестина мемлекеті Израильге тұрақты шабуылдар жасайтын базаға айналады деп қауіптенеді, ал көптеген палестиналық радикалдар еврей мемлекетінің өмір сүруге хақы жоқ деп санайды.