Accessibility links

БАҚ: Британия Украинаға Storm Shadow зымырандарын берді


Әскери ұшақтың қанатының астына ілінген Storm Shadow/SCALP зымыраны (көрнекі сурет)
Әскери ұшақтың қанатының астына ілінген Storm Shadow/SCALP зымыраны (көрнекі сурет)

Ұлыбритания Украинаға Storm Shadow қанатты зымырандарының қосымша партиясын жеткізген деп хабарлады Bloomberg агенттігі дереккөздеріне сүйеніп. Украина әскері Ресей аумағындағы нысаналарға шабуыл жасауға осындай зымырандарды пайдаланып жүр.

Бұл жолы Украинаға неше зымыран жеткізілгені нақты айтылмағанымен, Bloomberg олардың қоры алдағы қыс мезгілінде Украинаға жеткілікті болып қалады деп жазды. Агенттік дереккөздерінің болжамы бойынша, қыс айларында Ресей Украина аумағындағы инфрақұрылым нысандарына шабуылды үдете түспек.

Лондонның бұл әрекеті АҚШ президенті Дональд Трамптың жақын арада Украинаға Tomahawk қанатты зымырандарын беруді қарастырмайтынын айтқанымен байланысты болуы мүмкін деп жазды Bloomberg. Storm Shadow зымыраны дәл Tomahawk сияқты алысқа ұшып бара алмайды, бірақ Ресейдің ішкері жағына қарай бірнеше жүз шақырымда орналасқан нысаналарға шабуыл жасай алады. Украина бұл зымырандарды алғаш рет 2024 жылғы қарашада Ресейдегі әскери мақсаттағы нысандарға шабуыл жасағанда пайдаланған.

Ұлыбритания билігі Storm Shadow қанатты зымырандары Украинаға жеткізілгенін ресми түрде не растаған жоқ, не теріске шығармады.

Ал осыған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп әзірге Украинаға Tomahawk қанатты зымырандарын беру мүмкіндігін қарастырмайтынын мәлімдеген. Журналистердің сұрақтарына берген жауабында ол өз ұстанымы өзгеруі мүмкін екенін, бірақ әзірге "жоқ" деп жауап беретінін айтқан.

XS
SM
MD
LG