Блогер, белсенді Мирболат Мырзатайұлының ісі бойынша тергеу аяқталды. Алдын ала сот тыңдауы 17 қазанда сағат үште өтеді деп хабарлады блогердің әйелі Гүлшат Бишуинова.
Мирболат Мырзатайұлына Қылмыстық кодекстің 174-бабы, бірінші бөлігі бойынша (әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) айып тағылған.
Күдіктінің адвокаты Жанар Балғабаеваның айтуынша, полиция әлеуметтік желіге мониторинг жасау кезінде "ұлтараздықты қоздыру белгілері бар видеоны" анықтаған. Сол видео мазмұнына филологиялық сараптама жасаған.
Адвокаттың сөзінше, сараптама шілденің ортасында жасалған.
Жақтастары оны азаматтық белсенділігі үшін қудалап жатыр деп санайды.
54 жастағы Мирболат Мырзатайұлы кейінгі он жылдан бері медиа саласында жүр. Бұрын мемлекеттік "Қазақстан" арнасында, КТК телеарнасында журналист қызметін атқарған. Кейінгі жылдары азаматтық белсенділер арасында жиі жүреді. Қоғамдағы әлеуметтік-саяси тақырыптар бойынша сыни жазбалар жариялайды. Саяси астары бар делінетін сот істерінен хабар таратады. Наразылық акцияларынан тікелей эфирге шығады. Кейінгі кезде YouTube-та "Журналисттік зерттеулер агенттігі" деген арнаны жүргізген.