Accessibility links

Журналист прокуратурадан Тоқаевтың сөзіне реакция білдірген белсендінің жазбасын тексеруді сұрады


Бас прокуратура
Бас прокуратура

Журналист Айбар Олжаев бас прокуратурадан тараздық белсенді Жанна Папинаның президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінен кейін жариялаған жазбасында ұлтаралық алауыздық қоздыру белгілері бар-жоғын тексеруді сұрады. Бұл мәселеге бірінші болып ҚазТАГ агенттігі назар аударды.

"ҚР бас прокуратурасына Қылмыстық кодексі 174 бабы бойынша алдын-ала тергеу жұмыстарын өткізу бойынша арыз берілді" деп жазды Айбар Олжаев сенбі күні Threads желісінде.

Скриншотқа қарағанда арыз тіркелген.

Бұған дейін Папина Facebook-тағы парақшасында "нацики, идите, поплачьте в степи" (нацистер, барып далада жылап алыңыздар...) деп пост жариялаған еді. Ол өзінің жазбасына Тоқаевтың "ешкім ешкімді мына тілде сөйле деп міндеттей алмайды" деген сөзінен үзінді келтіріп, президенттің суретін де жариялап қойған.

"Біз заң мен құқықтық тәртіп қағидасы үстемдік ететін ел мен қоғам құрып жатырмыз. Еліміздегі ұлтаралық келісім мен бейбітшілікке нұқсан келтіруге бағытталған кез келген арандатушылық қазір ерекше қауіпті. Мұндай арандатушылықтармен бүкіл қоғам болып күресу керек" деп жазды Айбар Олжаев. Оның жазбасынан ҚазТАГ үзінді келтіреді.

24 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы ассамблеясында «Ешкім ешкімді мына тілде сөйле деп міндеттей алмайды, тілді ту еткен арандатушылар бар» деген сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыланған еді. Ол қоғамды жікшілдікке апаратын кез келген арандату әрекеті жазаланатынын айтқан. Тоқаев "шетелде отырып әлдебір ұйымдардың ақшасы мен тапсырмасына деструктивті әрекетпен айналысатын арандатушылар" туралы да айтқан.

XS
SM
MD
LG