24 қыркүйекте таңертең Башқұртстандағы «Газпром нефтехим Салават» зауытына дрондар шабуылдады. Ақпаратты Ресейдің Башқұртстан республикасының басшысы Радий Хабиров растады.
Кейінгі аптада "Газпромға" тиесілі екінші зауытқа шабуыл жасалып отыр. Салават майдан сызығынан шамамен 1500 шақырым жерде жатыр.
Салават тұрғындары жарылыс естігенін айтты.
"Біз келтірілген шығын көлемін анықтап жатырмыз. Оқиға орнында барлық жедел қызмет істеп жатыр, өрт сөндіріліп жатыр", - деп жазды Хабиров өзінің Telegram-арнасында.
Зардап шеккендер жөнінде мәлімет жоқ.
Уфа мен Орынбор әуежайларында ұшақтардың қонуы мен ұшып кетуіне шектеу қойылды.
Ресей мен Украинаның Telegram арналары жариялаған фотолар мен видеолардан зауыт орналасқан аумақтан қою түтіннің көтерілгенін көруге болады.
Украина билігі әзірге шабуылға қатысты мәлімдеме жасаған жоқ.
24 қыркүйекке қараған түні украин күштері Ресейдің бірқатар аумақтарына дронмен шабуыл жасаған. Арасында Ростов облысы да бар. Облыстың солтүстік бөлігіндегі Базковскаяда екі тұрғын зардап шеккен. Бұл жөнінде аймақ губернаторы Юрий Слюсар хабарлады. Оның сөзінше, дрон жеке үйге құлаған.
Слюсардың сөзінше, соққы кезінде Таганрогта бірнеше көп қабатты тұрғын үйдің алды бүлінген.
Ресей қорғаныс министрлігі сәрсенбі күні аннексияланған Қырым мен Қара теңізде, сонымен бірге Белгород, Курск, Ростов және Волгоград облыстарында 70 шақты дрон атып түсірілгенін хабарлады.