Accessibility links

БАҚ: Данияға дрондар шабуылдаған кезде жақын маңда Ресейдің теңіз күштерінің кемесі болған


Данияның Ekstra Bladet басылымының жазуынша, осы аптада елдің бірнеше қаласында белгісіз дрондар пайда болып, әуежайлардың жұмысына кедергі келтірген кезде елдің территориялық акваториясына жақын жерде Ресейдің Балтық флотына тиесілі "Александр Шабалин" кемесі жүрген. Оның транспондері өшіріліп тұрған.

Басылым тілшілері арнайы тікұшақ жалдап, кемені суретке түсірген. Ekstra Bladet-тің жазуынша, "Александр Шабалин" Калининград облысындағы базада шоғырланған, бірақ бірнеше күннен бері Данияға жақын жүрген. AIS жүйесі қосылмағандықтан ол кемелерді бақылайтын жүйеде көрінбеген.

26 қыркүйекке қараған түні де белгісіз дрондардың салдарынан Дания билігі Ольборг әуежайы маңында әуе кеңістігін жапқан. Соның салдарынан әуежай бірқатар рейстерді қабылдамаған, кейбірі ұша алмаған. Мысалы, KL1289 рейсі Амстердамға қайтуға мәжбүр болған. Ал SK1225 рейсі Копенгагеннен ұша алмаған.

Бұған дейін елдің оңтүстігіндегі Эсбьерг, Сеннерборг және Войенс қалаларында да дрондар пайда болған, бірақ әуежайлар жұмысын жалғастыра берген.

Ресей Даниядағы әуежайлардың жұмысына кедергі келтірген дрондарға қатысы барын үзілді-кесілді жоққа шығарып отыр. Ресейдің Копенгагендегі елшілігі оқиғаны Ресеймен байланыстырған кез келген ақпаратты "сандырақ" деп атады. Бұл жөнінде Reuters жазды.

Бұған дейін Данияның премьер-министрі Метте Фредериксен дрондарға қатысты оқиғаларды елдің маңызды инфрақұрылымдарына жасалған "ірі шабуыл" деп атап, оны ресейлік дрондардың "Еуропадағы күмәнді белсенділігімен" байланыстырған.

Десе де Дания премьері Ресейді тіке айыптаған жоқ. Данияның қорғаныс министрі Трульс Лунд Поульсен Данияда әзірге дрондардың Ресейге қатысы барын дәлелдейтін айғақ жоғын айтты.

Оқиғаларға Ресейдің қатысы бар болуы мүмкін екендігі жөнінде болжамды Reuters-ке берген сұхбатында корольдіктің қорғаныс колледжінің доценті Питер Вигго Якобсен айтты. Оның сөзінше, Ресей "НАТО әскери тұрғыда жауап беретіндей әрекет етеді, бірақ ол сызықтан әрі өтпейді де" деген.

XS
SM
MD
LG