Accessibility links

БАҚ: Айдос Есполов ұсталды


Астанадағы EXPO ғимараты. Көрнекі сурет.
Астанадағы EXPO ғимараты. Көрнекі сурет.

"Астана ЭКСПО-2017" компаниясының бұрынғы кеңесшісі Айдос Есполов ұсталды деп жазды дереккөзге сүйенген ҚазТАГ агенттігі.

"Айдос Есполовты екі күн бұрын Астанада ҰҚК-ға қарасты "антикор" ұстады" деп ақпарат агенттігі жағдайдан хабары бар дереккөздің сөзінен үзінді келтіреді.

Айдос Есполов – бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үшінші әйелі Әсел Құрманбаеваның бауыры. БАҚ оны Еуразия технология университеті мен Alatau Asset Management Company-ның құрылтайшысы ретінде атайды.

БАҚ Есполовтың телефоны қазір сөндірулі тұрғанын жазады.

Әзірге Қазақстанның құқық қорғау органдары түсініктеме бермеді.

Ақпарат құралдарының болжауынша, оның қамалуы EXPO-2017 компаниясындағы ақша жымқыру ісімен байланысты болуы мүмкін.

2025 жылы сәуірде мәжіліс депутаттары "Астана ЭКСПО-2017" компаниясындағы ақша жымқыру ісін қозғаған еді. Депутаттар іс бойынша жаңа деректердің пайда болуына қатысты үкімді қайта қарауға шақырған.

Депутаттардың сауалына жауап берген бас прокуратура биыл жазда "Астана ЭКСПО-2017" ісі бойынша шыққан үкімді қайта қарауға негіз жоқ деп мәлімдеген және ЭКСПО қаржысының жымқырылуы бойынша "аты аталмаған тұлғаларға" қатысты тағы бір қылмыстық іс антикордың өндірісінде екенін айтқан.

2016 жылы «Астана EXPO-2017» ұлттық компаниясының басшысы болған Талғат Ермегияев «аса ірі көлемде пара алды» деп айыпталып, 14 жылға сотталған еді. Ол айыппен келіспеген. Бас прокуратура мәліметінше, «Астана EXPO-2017» ақша жымқыру ісі бойынша жалпы 20-дан астам адамға үкім оқылған.

XS
SM
MD
LG