Accessibility links

9 мамыр алдындағы дилемма. "Ажалсыз полк" Орталық Азия елдерін әбігерге салды


Алматыдағы "Ажалсыз полк" шеруі. 9 мамыр 2019 жыл.
Алматыдағы "Ажалсыз полк" шеруі. 9 мамыр 2019 жыл.

Кейінгі жылдары ресейлік ұйымдардың қатысуымен ондаған елде өткізіліп келген "Ажалсыз полк" шеруі биыл дауға айналды. Орталық Азияда елдерінде «Ажалсыз полк» шарасы мен 9 мамыр күніне орай екіұдай көзқарас қалыптасты.

"АРДАГЕРЛЕР АЗАЙЫП БАРА ЖАТЫР"

Алматыдағы әуе компанияларының бірінің өкілі өздерінің Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне тегін қызмет ұсынатынын айтады. Алайда ол жылына қанша майдангер-ардагердің әуе компаниясы қызметін пайдаланатыны туралы сұраққа жауап бере алмады. Қазақстанда спорт кешендерінде және басқа да қоғамдық орындарда "Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне тегін қызмет" көрсетілетіні жайлы жазбалар әлі де байқалып қалады. Бірақ қазір осы жеңілдіктерді пайдаланатын ардагер қалмаған деуге болады. Барының жасы осы қызметтерді пайдаланудан әлдеқайда асып кеткен.

1 сәуірдегі мәлімет бойынша, Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 387 ардагер қалған. Олардың саны бір жыл бұрын 665 болған. 20 сәуірдегі мәлімет бойынша, Тәжікстанда 60 ардагер қалған. Қырғызстанда 140-тан аса соғыс ардагері жасайды. Былтырғы мәлімет бойынша, Өзбекстанда бір мыңдай ардагер бар. Түркіменстандағы соғыс ардагерлерінің саны туралы нақты мәлімет белгісіз.

Екі жыл бұрын "Ажалсыз полк" шеруі осылай өткен. 9 мамыр 2019 жыл.
Екі жыл бұрын "Ажалсыз полк" шеруі осылай өткен. 9 мамыр 2019 жыл.

АННЕКСИЯ КЕЗІНДЕ ҚҰРЫЛҒАН "АЖАЛСЫЗ ПОЛК"

Осындай жағдайда кейінгі жылдары ардагер немесе соғыста қаза тапқан майдангерлердің портретін ұрпақтары мен туыстары 9 мамыр – Жеңіс күні болатын "Ажалсыз полк" шеруінде алып жүруді дәстүрге айналдырған. Көптеген елдерде, әсіресе, бұрынғы совет одағы кеңістігінде ресейлік ұйымдар мен Ресейдің дипломатиялық өкілдіктері бұл шараны ұйымдастыруға белсенді түрде қатысады. Орталық Азия елдерінде бұл шара 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. Сол жылы Ресей Қырымды аннексиялап алған еді.

"Ажалсыз полк" атымен Ресейдегі алғашқы шара 2012 жылы өткен. Бұл акция 2014 жылы ақпанда "Ұлы Отан соғысын есте қалдыру" үшін "Ажалсыз полк" қозғалысына айналды. Содан беріде жыл сайын Жеңіс күнінде әлемнің ондаған елінде атаулы шерулер өткізіліп келеді.

Кейінгі екі жылдағы коронавирус пандемиясы кезінде бұл шара онлайн форматқа ауысқан.

Ал биылғы шеру Ресейдің Украинадағы басқыншылық соғысымен тұспа-тұс келді. Сондықтан Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісті ерекше атап өтетін Ресейдің биылғы шараны пропагандаға айналдыру қаупі үдей түскен. Бұл Мәскеумен бірге Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше Орталық Азия елдері қоғамын екіұдай күйге ұшыратып отыр. Бір жағы, бір кезде соғысқа қатысқан майдангер толқынның ерлігі мен еңбегін атаусыз қалдыру бұл елдер үшін жат құбылыс. Екінші жағынан, мерекелік шараларды Ресей өзінің идеологиясы мен мүддесіне пайдаланып, араздық тұтанып кете ме деп қауіп бар.

ҚАЗАҚСТАН: ОТ-ШАШУСЫЗ АСТАНА, ШЕРУСІЗ АҚТАУ

Биыл Қазақстан батысындағы Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында "Ажалсыз әскер" шеруінің өткізілмейтіні хабарланды. Осы қаладағы шеруді үйлестіруші Ланга Черешкайтенің айтуынша, жергілікті билікпен кеңескеннен кейін "әлеуметтік шиеленіс тудырмас үшін" шеруден бас тартуға тура келген. Еске салсақ, биылғы Қаңтар оқиғасы Маңғыстау облысындағы газ бағасының қымбаттауына наразылықтан басталған еді. Сол оқиға кезінде Қазақстан қоғамы биліктің ҰҚШҰ күштерін көмекке шақыруын қабылдай алмайтынын білдірген.

28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында өткен шеру. 9 мамыр 2019 жыл.
28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында өткен шеру. 9 мамыр 2019 жыл.

2019 жылы ел батысындағы тағы бір қала Ақтөбеде "Ажалсыз полк" шеруі өткізілмеген. Жергілікті билік оны жолда көлік тығыздығының өрбитіндігімен және соғыста қаза тапқандардың туыстарының шағымымен түсіндірген. Олар майдангерлердің суреттері шеруден соң әр жерде шашылып, қараусыз қалғанын көріп, құрметсіздік ретінде таныған.

Қазақстанның өзге қалаларында "Ажалсыз полк" шеруі өткізіле беруі мүмкін. Алайда ел астанасында Жеңіс күні от-шашу және салют атылмайтыны хабарланды. Бұл басқа қалаларда да от-шашу болмайды деген сөз емес.

Жеңіс күнінің алдында, 7 мамырда әдетте Қазақстан Қарулы күштерінің құрылғаны күні аталып өтіледі. Биыл Қазақстан Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бірақ мерейлі датаға қарамастан әскери парад та өткізілмейді. Себебі "бюджет қаржысын үнемдеу" дегенмен түсіндірілген. Бұрын Қазақстанның тіпті Конституция күні де әскери парад өткізген кездері болған.

Дегенмен Мәскеу жалға алған ғарыш айлағы орналасқан Байқоңыр қаласында Ресей әскерінің қатысуымен шағын парад, соңынан "Ажалсыз полк" шарасын өткізу және от-шашу жоспарланып отыр.

Қазақстан 9 мамырда әскери шеруді өткізбейтінін жариялаған тұста кремльшіл журналист Тигран Кеосаян "қазақтар Украинадағы жағдайға мұқият қарап, сабақ алуы тиіс", ал "Ресейдегі жауапты тұлғалар екі елдің қарым-қатынасын қайта қарауы керек" деген сарында қоқаң-лоқы көрсеткен. Бұл сөзі қоғамда үлкен шу туғызып, белгілі адамдар Кеосаянға ауыр-ауыр сөздермен жауап берді.

Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Кеосаянның сөзін "объективті емес", "екі ел арасындағы әріптестік пен келісімдерге қайшы" деді. Министрлік өкілі Қазақстан Кеосаянды персона нон-грата деп тануы мүмкін екенін де жеткізді.

"Провокатор журналист!" Қазақстанды айыптай сөйлеген Кеосаянның сөзіне депутаттар не дейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:05 0:00

ӨЗБЕКСТАН: САЯСИ ПАРТИЯ ШЕРУГЕ ҚАРСЫЛЫҚ БІЛДІРДІ

Сәуірдің басында Өзбекстан парламенті төменгі палатасының депутаты, оңшыл "Миллий Тикланиш" (Ұлттық жаңғыру) партиясының басшысы Әлишер Қодиров өздерінің "Ажалсыз полк" шеруіне қарсы екенін мәлімдеді. Қодировтің Өзбекстан парламенті төменгі палатасы төрағасының орынбасары екенін ескергенде, бұл аймақ елдеріндегі әрқандай бір саяси партияның немесе саяси тұлғаның ресейшіл акцияға танытқан алғашқы реакциясы болып отыр.

Аталған партия төрағасы "Ажалсыз полк" шеруін пропаганда құралы және "жұмсақ күш" көрінісі деп танитындығын білдірген.

Ол өзінің Telegram парақшасындағы жазбасында "Біз мұндай көрініске қарсымыз!" деп жазған. Бұл жазбасында саясаткер Өзбекстанның фашизмді жеңуге қосқан үлесі жайында атап өткен.

"...Аталарымыздың басқыншылар мен деструктивті ұлтшылдарға қарсы азаттық үшін күресі қияметке дейін еске алынып, бағалануы керек. Біз үшін олардың суретін қала көшелерінде алып жүру күресті бағалау емес, олардың рухына дұға қылып, дүниенің жақсылығын тілеу – күресті бағалау. Шәхидтердің пәк есімдерін кезекті мәрте тойымсыз саяси мақсатқа құрбан қылмай, есте қалдырып бағалау керек!" деп жазған Әлишер Қодиров.

Өзбекстанда өткен "Ажалсыз полк" шеруі. Архив.
Өзбекстанда өткен "Ажалсыз полк" шеруі. Архив.

Өзбекстанда Ислам Каримов тұсынан бері бұл соғысты "Екінші жаһан соғысы" деп атау қалыптасқан. Ал 9 мамыр Өзбекстанда 1999 жылдан бері Соғыс құрбандары мен ардагерлерін еске алу және құрметтеу күні ретінде атап өтіледі. Билікке Шавкат Мирзияев келгелі осы күні Ресей ұйымдарының араласуымен өтетін акцияларға кедергі азайғаны байқалады.

Биыл да Ташкентте бастамашы топ "Ажалсыз полк" шеруін өткізуге рұқсат сұраған. Әзірге қала әкімдігінің қалай жауап бергені хабарланбады.

Өзбекстанда 9 мамырда әскери парад болмайды. Ташкентте Қарулы Күштердің 30 жылдығы және Отан қорғаушылар күніне байланысты соңғы әскери-патриоттық парад биыл жыл басында, 13 қаңтар күні өткізілген еді.

ҚЫРҒЫЗСТАН: ТАЛАП – Z ТАҢБАСЫНСЫЗ ШЕРУ

Қырғызстанда 9 мамыр күні Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алуға арналған реквием-митинг өткізілмек. Оған соғыс және тыл ардагерлері, қала тұрғындарына қоса шетелдік елшіліктердің әскери-дипломатиялық корпусы өкілдері қатысады. Жиын соңы "Ажалсыз полк" шеруіне жалғасады.

2019 жылғы 9 мамырда "Ажалсыз полк" шеруі Қырғызстанда да өтті. Жалал-Абад.
2019 жылғы 9 мамырда "Ажалсыз полк" шеруі Қырғызстанда да өтті. Жалал-Абад.

Қырғызстанда да Жеңіс күні құрметіне әскери парад болмайды. Елде әскери парад әдетте мерейтойлық дөңгелек даталарда ғана өткізіледі.

Қырғызстан ұлттық қауіпсіздігі мемлекеттік комитеті осы шаралар кезінде Ресей әскерінің Украинадағы соғысында пайдаланған Z таңбасын қолданбауға шақырып отыр. Комитет ондай жағдайда адамдардың "ұлтараздық тудыруға бағытталған әрекет" бойынша жауапқа тартылатынын ескерткен.

Ресей әскері биылғы ақпанда Украинаға басып кіргеннен кейін Z және V таңбаларын қолданатын болған.

Мәскеудің бұл әскери әрекеті Ресейдегі Отан қорғаушылар күні 23 ақпаннан 24 ақпанға ауған түні басталған болатын. Бұл дата бір кезде Совет армиясының құрылған күні ретінде аталып өтілетін. Ал Орталық Азияда Қырғызстан мен Тәжікстанда 23 ақпан Совет одағы ыдыраған соң Отан қорғаушылар күні ретінде бекіді. Бішкекте ара-тұра 23 ақпанды атаулы күндер тізімінен алып тастау мәселесі көтеріліп тұрады. Қырғызстанда Қарулы Күштердің құрылған күні – 29 мамыр.

ТӘЖІКСТАН: РЕСЕЙ БАЗАСЫНДАҒЫ ПАРАДТЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

Тәжікстан Жеңіс мерекесін Ресеймен бірге атап өтеді десе болады. Душанбе мен Бохтарда Ресейдің өз шекарасы аумақтарынан тыс жердегі ең ірі әскери базасы орналасқан.

Биыл осы 201 базада әскери қызметтегі әйелдердің қатысуымен парад өткізіледі. Жеңістің 77 жылдығы құрметіне өтетін Душанбедегі парадқа әйел әскери қызметкерлері тұңғыш рет қатысқалы отыр. Бұл парадта әйелдердің әскери киімі георгий лентасымен безендірілетіні айтылады. Парадта 60-тан аса әйел сап түзеп өтпек.

"Ажалсыз полк" шеруі Тәжікстанда. Душанбе, 9 мамыр 2019 жыл.
"Ажалсыз полк" шеруі Тәжікстанда. Душанбе, 9 мамыр 2019 жыл.

Былтыр Жеңіс күнінде Мәскеуде өткен әскери парадқа шет ел басшыларынан жалғыз Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон барған. Парадқа Рахмонның ҰҚШҰ мемлекеттерінің басшылары кеңесінің төрағасы ретінде шақырылғаны хабарланған.

Орталық Азия елдері ішінде Өзбекстаннан басқа Түркіменстанда да кейінгі жылдары "Ұлы Отан соғысы" жайлы аз айтылатын болған. Бұл елде Жеңіс мерекесі кезіндегі акция, шерулерге ресми тыйым салынбаған. Ашғабадта Екінші дүниежүзілік соғыс "1941-1945 жылдардағы соғыс" аталады.

"АЖАЛСЫЗ ПОЛКТІ" АЛҒАШ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАР СОҒЫСҚА ҚАРСЫ

Биыл Жеңістің 77 жылдығын атап өту Ресейдің Украинаға басқыншылығымен тұспа-тұс келді. Соған орай кейбір елдерде Жеңіс күнгі акция, шерулерде Ресейдің әскери белгі-таңбалары, СССР-дің туы, совет әскерінің формасы және георгий лентасын пайдалануға заңмен тыйым салынды.

Ал "Ажалсыз полк" шеруінің өткізіліп келе жатқанына биыл 10 жыл болады. Алайда оның алғашқы ұйымдастырушылары – Томскідегі ТВ2 телеарнасының бұрынғы журналистері Ресейдің Украинадағы басқыншылығын сынап отыр.

"Біз бүгін "Ажалсыз полк" атаған соғысқа қатысқандардың шөберелері бір-біріне қарсы шеп құрған соғыстың азапты екендігін кім ойлаған. Осыны көріп бабаларымыз бізді қарғаған болар ма еді" дейді акцияны алғаш ұйымдастырушылардың бірі Сергей Лапенков.

Биыл Ресейдегі "Ажалсыз полк" шеруіне қатысатындар Украинада қаза тапқандардың да суретін алып шығады деп күтіледі. Украина қарулы күштерінің бас штабының дерегінше, қазіргі соғыста Ресей 22 мыңнан аса әскериінен (қаза тапқандар мен жараланғандар) айырылған. Ал Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің есебінше, Украинадағы соғыста Ресейдің 15 мың әскериі қаза тапқан. Кремль кейінгі екі айда Украинада қанша әскериі қаза болғанын айтпай отыр.

(Автордың пікірі Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін.)

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG