21 қарашада Астанада ЛГБТКИА+ өкілдеріне қатысты дискриминацияның экономикалық даму және адам құқығына әсері туралы пікірталас өтпей қалды, ал шараның спикері Ардж Тұрсынқан ұсталды. Бұл жөнінде "Еркіндік қанаты" қоры хабарлады. Шараны Education Community бастамасының белсенділері ұйымдастырған.
Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, шара басталған кезде залға өзін "БАҚ қызметкері" ретінде таныстырған бір әйел кіріп, "спикерлердің сөзін қайта-қайта бөліп, арандатуға тырысқан, пікірталасқа кедергі келтірген". Бұдан кейін шараны тоқтатуға тура келген.
Қор өкілдерінің айтуынша, осы оқиғадан кейін шара спикері Ардж Тұрсынқан ұсталған. Ол Сарыарқа аудандық полиция бөліміне жеткізілген. Оған "Ұсақ бұзақылық" бабы (434-бап, 1-бөлік) бойынша айып тағылған. Қор өкілдерінің айтуынша, оның соты 22 қарашада таңертең өтеді.
"Біз Ардж Тұрсынқанның денсаулығына алаңдаймыз. Оның бұған дейін екі рет инсульт алғаны белгілі, сондықтан оны уақытша ұстау изоляторына қамау оның өміріне қауіп төндіреді деп есептейміз. Біз Ардж Тұрсынқанды дереу босатуды, оған медициналық көмек көрсетуді талап етеміз. Қоғам мен халықаралық ұйымдарды осы оқиғаға назар аударуға шақырамыз" деп жазылған қордың хабарламасында.
"Феминита" бастамасының Инстаграм-парақшасында жарияланған видеода өзін Зиуар деп таныстырған әйел шара спикерін "Қазақстанды балағаттады" деп айыптайды. Шара өткен жерге полиция мен жәй киім киген өзге де адамдар келгені көрінеді. Ал "Феминита" белсендісі Жанар Секербаева оған "бұлай айыптамаңыз, жалған сөйлемеңіз" деп айтады. Ол оның әрекеті "титушкалардың әрекетіне" (митинг, түрлі шаралар кезінде төбелес шығарып, арандатататын адамдарды сипаттау үшін қалыптасқан термин) ұқсас екенін айтады.
Ол осы сияқты адам құқығына арналған шара өткізудің қандай машақат болып кеткенін айтады.
Астана полициясы әзірге белсендінің ұсталуына түсініктеме бермеді.
Мұндай оқиға елде ЛГБТ насихатына тыйым салуды қарастыратын даулы түзетулерді парламенттің төменгі палатасы қабылдап, сенатқа жолдаған шақта болып отыр. Сенат қабылдаса, президент қол қояды. Жоба авторларының түсіндіруінше, аталған түзетулер "ЛГБТ өкілдеріне қарсы бағытталмаған", "оларды насихаттауға" ғана тыйым салады.
Бұған дейін халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан парламентін түзетулерден бас тартуға шақырған еді. Құқық қорғаушылардың пікірінше, ұсынылған түзетулер адам құқығын бұзып, елдегі ЛГБТИК+ өкілдеріне қатер төндіруі мүмкін.
Түзетулер қабылданған жағдайда Қазақстан адам құқығы саласында халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелерді бұзады, арасында балалардың білім алу, денсаулығы мен ақпарат алу құқығы бар дейді құқық қорғаушылар.
Өткен аптада Астанада “ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы” түзетулер талқылануы тиіс болған жиын офлайн өтпей қалған еді.