Accessibility links

Астана полициясы ауыл шаруашылығы министрінің үстінен қылмыстық іс қозғаудан бас тартты


Сүт өнімдерін сататын базар. Көрнекі сурет.
Сүт өнімдерін сататын базар. Көрнекі сурет.

Астана полициясы ауыл шаруашылығы министрінің үстінен қылмыстық іс қозғаудан бас тартты.

Бұған дейін министрлік ресми хабарламаларында “Қазақстан өз-өзін сүт өнімдерімен 100% қамтамасыз етіп жатқанын” жазған. Атап айтқанда, 23 қыркүйекте үкімет сайтында “Қазақстан өзін азық-түлік тауарларының негізгі түрлерімен толық қамтамасыз ететіні” жөнінде жазба жарияланған еді. Онда “мал шаруашылығында ет (сиыр еті, қой еті, жылқы еті), сүт өнімдері мен жұмыртқа бойынша 100% қамтамасыз етілуге қол жеткізілді” деп жазылған.

Осыдан кейін аграрлық сарапшы Кирилл Павлов ведомствоны “жалған ақпарат таратты” деп айыптап, полицияға арыз түсірген еді.

“За нами выехали” арнасының жазуынша, полиция арызды тіркегенмен іс ашпаған. Арна жариялаған полицияның хабарламасында “қылмыс құрамы болмағандықтан” іс ашылмағаны жазылған.

Осыған дейін сарапшы ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты департаменттің жетекшісі Шаймерден Ахметовтің Қазақстан өзін 100 пайыз сүт өнімдерімен қамтамасыз етпейтінін мойындаған видеосын полицияға жібергені хабарланған еді.

Министрлік бұл мәселеге қатысты ресми түрде түсініктеме бермеді.

Биыл жазда Кирилл Павлов әлеуметтік желіде шегірткелер мәселесін көтеріп, ауыл шаруашылығы министрлігін сынағаннан кейін "жалған ақпарат тарату" бабы бойынша кінәлі танылып, айыппұл алған еді. Павлов бұл істі кәсіби қызметіне кедергі келтіру ретінде бағалаған.

АШ министрлігі өкілдері "биыл шегірткенің болжалды таралу аумағы 2,1 млн екенін, бұл былтырғыдан 1 млн гектарға аз екенін, ал Кирилл Павлов шегірткенің таралу аумағы 5 млн гектар деп айтқанын" жеткізген. Ал сарапшы тәуелсіз бағалау бойынша, бір Жамбыл облысының өзінде морокколық шегіртке 3,5 млн гектарды қамтуы мүмкін. Бұдан бөлек азиялық шегіртке және италиялық прус бар" деген.

XS
SM
MD
LG