Accessibility links

Аса ірі көлемде бюджет ақшасын жымқыру қылмысына күдікті Ресейден Қазақстанға жеткізілді


Аса ірі көлемде қаржы жымқыру қылмысына күдікті адам Қазақстан бас прокуратурасының сұрауы бойынша Ресейден елге экстрадицияланды. Мұндай ақпаратты 22 қыркүйекте Бас прокуратураның баспасөз қызметі жариялады.

Ресми хабарламада күдікті қазіргі уақытта тергеу абақтысында қамауда отырғаны жазылған. Оның аты-жөні, жасы, қай елдің азаматы екені айтылмаған.

Тергеу дерегі бойынша, ол адам 2020-2022 жылдары құрылыс компаниясының басшысы бола жүріп, алдын ала сөз байласқан топ құрамында әрекет еткен. Ол жалған келісімшарттар жасап, бір-бірімен байланысы бар компанияларға ақша аудару жолымен "Самұрық-Энерго" "Самұрық-Энерго" акционерлік қоғамының еншілес ұйымынан 8,5 млрд теңгеден астам қаржы жымқырған деген күдікке ілінген.

"Бұл қаражат Ақмола облысында жел электр станциясын салуға бөлінген. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынған және оған халықаралық іздеу жарияланды. Биыл ақпан айында ол Ресей аумағында ұсталып, Қазақстан бас прокуратурасының сұрауы бойынша экстрадицияланды", – деп хабарлады бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Прокуратура дерегінше, осы қылмысқа қатысы бар деген айыппен жауапқа тартылған басқа адамдар биыл мамыр айында сот үкімімен түрлі мерзімге бостандығынан айырылған.

XS
SM
MD
LG