Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев 16 қазанда Варшавадағы адамзат өлшемі жиынында Қазақстанда бейбіт жиын өткізу үшін азаматтардың рұқсат сұраудың қажеті жоғын, тек әкімдікке ескерту жеткілікті екенін айтты.
Оның сөзінше, бірнеше ғана жағдайда өтініш иелеріне рұқсат етілмеуі мүмкін: егер бір орында қатарынан екі шара жоспарланса немесе жөндеу жұмыстары жүргізілсе немесе таңдалған орын қатысушылардың санымен сәйкес келмесе. Ол сонымен бірге 2025 жылдың қаңтарынан бері конституциялық соттың шешіміне сәйкес, әкімдіктер ұйымдастырушыларға балама орындарды ұсынуға міндетті екенін атап өтті. Оның айтуынша, осылайша биыл 55 балама орын ұсынылған.
Ол өз сөзінде сонымен бірге елде үкіметтік емес ұйымдарды тіркеу жеңілдетілгенін, елде 23 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым істеп жатқанын айтты.
Қазақстанда белсенділер мен азаматтар әкімдіктен бейбіт жиын өткізуге рұқсат ала алмайтындығына жиі шағымданады. Жуырда ғана белсенділер Алматы, Астана, Шымкентте қымбатшылыққа қарсы митинг өткізуге рұқсат ала алмағанын айтқан еді. Оның алдында Орал тұрғындары митинг өткізе алмаған.
Елде "рұқсат етілмеген митингілерге" барған азаматтар ұсталып, көп жағдайда әкімшілік жазаға тартылады. Оппозиция күштері жария еткен митингтер алдында белсенділер ұсталып, қамалады. Кейбірі сыртта полиция күзеткендіктен үйден шыға алмайтындарын айтады. Осылайша полиция азаматтардың жиналуына мүмкіндік бермейді.
Халықаралық ұйымдар азаматтардың бейбіт жиналу құқығы бұзылып жатқандығын жиі айтады.
Биыл қаңтарда Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары кеңесінде Қазақстандағы адам құқықтарының ахуалы талқыға түскен. Ол кезде БҰҰ-ға мүше 103 мемлекеттің делегациясы ресми Астанаға адам құқығын жақсартуға бағытталған 294 кеңес берген еді. Олардың арасында бейбіт жиналу, пікір айту еркіндігін сақтау да болды.
“Белсенділер экстремист емес” құқық қорғау тобының мәліметінше, 2020 жылдың шілдесінен бастап 2025 жылдың қазаны аралығында бейбіт жиын, бір адамдық пикет немесе шеру өткізу туралы кемінде 713 өтініш орындалмаған. 27-сі биыл тіркелген.
Ал Қазақстан билігі азаматтардың бейбіт жиналу құқығы сақталатынын, демократия құндылықтары мен заң үстемдігінен айнымайтынын жиі айтады.
2020 жылы қабылданған "Бейбіт жиын өткізу" туралы заңды билік "демократияға қадам" деп бағалағанмен құқық қорғаушылар аталған заңда бұрынғы шектеулер сақталып қалғанын айтып келеді. Айтуларынша, заң жергілікті атқару органдарына бейбіт жиын өткізу туралы өтінішті орындамауға мүмкіндік береді