Ақтөбе облысында жол апатынан 12 адам қаза болды.
"23 қазанда Самара – Шымкент автожолында, Белқопа ауылының маңында DAF жүк көлігі мен «ГАЗель» жолаушылар көлігі соқтығысты. Алдын ала мәлімет бойынша, жүк көлігі қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан оқиға орнында екі жүргізуші мен «ГАЗель» автокөлігінің 10 жолаушысы қаза тапты, тағы бес адам медициналық мекемеге жеткізілді" деп жазылған Ақтөбе облыстық полиция хабарламасында.
Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Ресми ақпаратқа қарағанда, газель Жүргенев ауылынан облыс орталығына жолаушылар тасымалдаумен айналысқан.
Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сүйенген ҚазТАГ-тың жазуынша, ауруханаға жеткізілген бес адамның үшеуінің жағдайы ауыр, екеуінікі – орташа ауыр. Біреуі ауруханаға жатудан бас тартқан. Жәберленушілер Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілген.
Ішкі істер министрлігінің статистикасы бойынша, Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 2500 адам жол апатынан қаза табады. Елде 1991 жылдан бері жол-көлік апатынан қайтыс болғандар саны бірде 4 мыңға өсіп, бірде 2 мыңға дейін кеміп отырған. Кейінгі төрт жылдағы есепке сәйкес, адам шығыны баяу өсіп келеді.
2022 жылы – 2425 адам;
2023 жылы – 2543 адам;
2024 жылы– 2579 адам қаза болған.
Ал биыл қаңтардан қыркүйекке дейін сегіз айда 1446 адам көз жұмған.