Бұрынғы совет және ресейлік дипломат Сергей Шестаков АҚШ-тың құқық қорғау органдарына жалған куәлік бергені үшін екі айға қамалды. Оған сонымен бірге 100 доллар айыппұл салынды. Жазаны өтеу мерзімі 2026 жылдың ақпанында басталады.
Ақпаратқа қарағанда, Шестаков санкциядан жалтару ісін тергеген ФБР агенттеріне өтірік айтқан деп айтылады, ол істе ФБР-дың бұрынғы агенті Чарльз Макгонигал және ресейлік олигарх Олег Дерипаска да бар.
Айыптау тарабының айтуынша, 2013 жылы АҚШ азаматтығын алған және Америка соттарында аудармашы болып істеген Шестаков ФБР агенттеріне жалған куәлік беру қылмыс екенін білген.
Макгонигал мен Шестаковқа 2018 жылы АҚШ санкциясына ілінген Дерипаскаға шектеу шарасынан жалтаруға көмектесті және ақша жымқыру үшін астыртын сөз байласты деген айып тағылды. 2023 жылы желтоқсанда бұл іс бойынша сот Макгонигалды 4 жыл 2 айға бас бостандықтан айырды. Шестаков өзін кінәсін мойындағаннан кейін одан айып алынды.
Жалған куәлік беру ісі Шестаков пен Дерипаска негізін қалаған EN+ Group холдингінің қызметкері Евгений Фокин арасындағы әңгімеге қатысты. Прокурорлардың айтуынша, Фокин Шестаков пен Макгонигалдың сыбайласы. ФБР Фокинді Ресей сыртқы барлау қызметінің агенті деп санайды.
2021 жылы қарашада ФБР агенттері Шестаковтан оның Фокинмен байланысы туралы жауап алған. Шестоков Фокинмен байланысы жоғын айтқан. Бірнеше күннен кейін ФБР агенттігі оның электронды құрылғыларын тәркілеген.