АҚШ-тың әскери-теңіз күштері Атлант мұхитының солтүстігінде Ресейдің "көлеңкелі флотына" жататын танкерді басып алды. Мұның алдында америкалық күштер бірталай күн бойы кеменің артынан еріп жүрген. Бұл – Вашингтонның Венесуэла мұнайын заңсыз тасымалдады деген кемелерге қарсы кейінгі қадамы.
АҚШ-тың Еуропадағы қолбасшылығы (EUCOM) 7 қаңтар күні әлеуметтік желіде таратқан мәлімдемесінде бұрын Bella 1 деп аталған, кейін атауы Marinera болып өзгерген танкердің Исландия мен Ұлыбритания аралығындағы Солтүстік Атлант аймағында қолға түскенін хабарлады.
Теңізде жүзген танкерге Ресей туы ілінген соң, Ақ үй баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт кеменің ешқандай елге тиесілі емес екенін мәлімдеді.
"Бұл – Венесуэланың көлеңкелі флотының санкцияланған мұнай тасымалдаған кемесі. Кеме жалған ту көтерген соң, ешқандай мемлекетке тиесілі емес деп танылды. Оны тәркілеу туралы сот шешімі болды. Сондықтан экипаж қылмыстық жауапкершілікке тартылады" деді Левитт Ақ үйдегі брифингте. "Кемеге қатысты соттың тәркілеу туралы шешімі бар. Бұл – экипаж федералдық заңдарды бұзғаны үшін қудалануы мүмкін деген сөз. Қажет болған жағдайда олар сот процесі үшін АҚШ аумағына жеткізіледі".
Мұның алдында ғана Ресей баспасөз құралдары танкердің үстінде ұшып жүрген АҚШ тікұшағын көрсеткен. Бұл кезде бірнеше басылым өз дереккөздеріне сілтеп, танкерге қатысты операция жүріп жатқанын хабарлаған.
Ресей парламенті халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Леонид Слуцкий мемлекеттік ТАСС агенттігіне берген сұхбатында танкерді басып алуды "теңіз құқығы мен БҰҰ конвенцияларының сөзсіз бұзылуы" деп атады. Ал Ресей сенаторы Андрей Клишас бұл қадамды "ашық қарақшылық" деп бағалады.
Ресей көлік министрлігі БҰҰ-ның 1982 жылғы Теңіз құқығы жөніндегі конвенциясына сәйкес, ашық теңізде жүзу еркіндігі қолданылатынын және бірде-бір мемлекеттің басқа елдердің юрисдикциясында тіркелген кемелерге қарсы күш қолдануға құқығы жоқ екенін мәлімдеді.
Осыдан бірнеше күн бұрын АҚШ күштері Венесуэлаға соққы жасап, ел басшысы Николас Мадуроны ұстап әкеткен. Вашингтонның бұл операциясы бүкіл әлемді дүрліктірді.
АҚШ бұған дейін Венесуэлаға қарсы науқан аясында екі кемені басып алған. 10 желтоқсан күні Skipper танкерін, 20 желтоқсан күні Centuries танкерін ұстаған.
Сол кезде АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэлаға кіріп-шығып жатқан, санкция салынған мұнай тасымалдаушы танкерлерге қарсы "блокада" жариялауға бұйрық бергенін айтқан.
Bella 1 Ираннан Венесуэлаға барған. Ол онда мұнай тиеу үшін барған болуы мүмкін деген ақпарат бар. Желтоқсан айында кеме Венесуэла суларына жақындағанда АҚШ жағалау күзеті оны тексеру үшін танкерге мінуге тырысқан.
Алайда бұл әрекет тойтарылып, кеме жедел түрде Атлант мұхитына бет алып, атауын Marinera деп өзгерткен. Ол Ресейдің ресми кеме тізіліміне енгізіліп, экипаж мүшелері кеменің бортына Ресей туын ілген.
"Bella 1 моторлы танкері бірнеше апта бойы Жағалау күзетінен қашып жүрді, тіпті қудалау кезінде туын өзгертіп, корпусының үстіне жаңа атауын бояп жазды. Бұл — әділдіктен қашудың үмітсіз әрі сәтсіз әрекеті" деді АҚШ ішкі қауіпсіздік министрі Кирсти Ноэм X (бұрынғы Twitter) желісіндегі жазбасында.
Бұл кеме 2024 жылғы шілдеде АҚШ санкциясына ілінген.
Мәскеу Вашингтоннан кемені қуалауды доғаруды талап етіп, дипломатиялық наразылық білдірді.
Ресей сыртқы істер министрлігі кеме "халықаралық теңіз құқығы нормаларына толық сәйкес жұмыс істеді" деп мәлімдеді. Баспасөз құралдарының хабарлауына қарағанда, Мәскеу кемені Ресейге жеткізу үшін оған сүңгуір қайық пен басқа да әскери-теңіз күштерін жіберген.
АҚШ билігі кемені Ливанда орналасқан, АҚШ террористік ұйым деп таныған "Хезболлаға" тиесілі компания үшін заңсыз жүк тасымалдауға қатысы бар деп те айыптап отыр.
Marinera танкерінің қолға түскені жарияланғаннан кейін көп ұзамай АҚШ-тың Оңтүстік қолбасшылығы Кариб теңізіндегі халықаралық суларда санкция салынған тағы бір танкердің ұсталғанын хабарлады.
"Ұсталған M/T Sophia кемесі халықаралық суларда жүзіп, Кариб теңізінде заңсыз әрекеттермен айналысқан. АҚШ жағалау күзеті M/T Sophia кемесін түпкілікті шешім қабылдау үшін АҚШ-қа алып бара жатыр" делінген хабарламада.