Accessibility links

Алматыда Герольд Бельгер атындағы кітапхана ашылады


Абай ескерткішінің маңында өз ойын айтып тұрған Герольд Бельгер туралы видео кадры.
Абай ескерткішінің маңында өз ойын айтып тұрған Герольд Бельгер туралы видео кадры.

Алматының Наурызбай ауданында жазушы Герольд Бельгер атындағы кітапхана ашылады. Онда жазушының құжаттары, кітаптары мен жеке заттары сақталмақ. Бұл жөнінде "Республика" басылымы жазды.

Басылымның жазуынша, 2016 жылы Алматыдағы Ұлттық кітапханада ашылған Герольд Бельгер атындағы мемориал кабинеті жуырда жабылған. Кітапхана өкілдерінің айтуынша, туыстары жазушының атынан жеке кітапхана ашқысы келетінін айтқан. Олар мекемеге алғыс айтып, жазушының барлық еңбектері мен заттарын жаңа ғимаратқа көшіріп әкеткен.

Ақпаратты өзге де дереккөздер растаған.

Герольд Бельгер орыс, қазақ және неміс тілдерін еркін меңгерген және сол тілдерде шығармаларын жазған жазушы, аудармашы, әдеби сыншы. Ол қазақ жазушыларының туындыларын аударған, өзі билікті де сынап отырған. Қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты пікірлерін ашық айтып отырған.

Герольд Бельгер 1934 жылы 28 қазанда Ресейдің Саратов облысы, Энгельс қаласында туған. 1941 жылы отбасымен бірге Қазақстанға депортацияланған. Абай атындағы Қазақ педагогика институтын бітірген (1958). «Ауыл шетіндегі үй» (1973), «Даладағы шағалалар» (1976), «Алты асу» (1977), «Тас өткел» (1988, орыс, қазақ, неміс тілдерінде), «Бауырластықтың жанды бейнесі» (1981), «Созвучие» (1982), «Уақытпен бетпебет» (1985, неміс тілінде), «Мотивы трех струн» (1986), «Гете и Абай» (1989), «Родство» (1991), «Земные избранники» (1995) атты зерттеу еңбектері шыққан.

2015 жылы 7 ақпанда көз жұмды. 2021 жылы Алматы орталығында – Қабанбай мен Уәлиханов қиылысында жазушының құрметіне орай ескерткіш ашылды.

XS
SM
MD
LG