5 қаңтар күні Алматының орталығындағы Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументінің алдына жиналған отызға жуық адам 2022 жылғы Қаңтар көтерілісі кезінде қаза тапқан азаматтарды еске алып, марқұмдарға құран бағыштады.
Оларды алаңның айналасында жүрген, қарапайым киім киген адамдар сырттай бақылап тұрды. Қаңтар құрбандарын еске алу және құран бағыштау кезінде алаңда мобильді интернет байланысы істемей қалды. Азаттық тілшісі алаңның бір шетінде әлдебір байланыс құрылғылары бар арнаулы көліктер тұрғанын көрді.
Қаңтар құрбандарына құран бағыштап, еске алғаннан кейін жиналған адамдар ың-шыңсыз тарап кетті.
2022 жылдың басында Қазақстанның батыс аймағында сұйылтылған газ бағасының өсуіне қарсылық халықтың әл-ауқатының төмендеуіне жаппай бейбіт наразылыққа ұласып, Қазақстанның өзге өңірлеріне де тарады. Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Тараз, Талдықорған, Семей, Өскемен және басқа қалаларда көшеге мыңдаған адам шығып, әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қоса саяси талаптар көтеріп, барлық деңгейдегі билікті ауыстыруды талап ете бастады.
Кей қалада митингілер аяғы полициямен қақтығысқа, әкімшілік ғимараттарды басып алып, дүние-мүлікті қиратып, өртеуге, азаматтарды жаппай ұстауға ұласты.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "елге мыңдаған террорист шабуыл жасады" деп мәлімдеп, күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуға бұйрық берді. Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда, ресми мәлімет бойынша, 238 адам (көбі Алматы қаласында) қаза тапқан, арасында кішкентай балалар да бар.
Тоқаев көмек сұрап Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына жүгінді. Штаб-пәтері Мәскеуде орналасқан бұл ұйым Қазақстанға әскер кіргізді, ол әскер елде екі аптаға жуық уақыт болғаннан кейін шығарылды. Бақылаушылар ҰҚШҰ күштерінің енгізілуі жоғары билік элитасы арасында өрбіген тартыстың түйінін алдын ала айқындап берді деп есептейді.
Қазақстан билігі елге сырттан әлдебір террор тобы шабуылдағанына әлі күнге дейін ешқандай айғақ-дәлел келтірген жоқ.
Қаңтарда адамдарға оқ атқандардың дені анықталмады, кісі өлімі фактісі бойынша қозғалған істердің көбі жабылып қалды. Кейін бірнеше әскери қызметші "қызметін асыра пайдалану" бабы бойынша жауапқа тартылды.
Қазақстанның жаңа тарихындағы ең ірі қантөгіс болған Қаңтар көтерілісінің жай-жапсарын зерттеп, 600 істі құжатқа түсіріп, хронологиясын түзген, биліктің іс-әрекетінің адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкестігін зерделеген құқық қорғаушылар "баршаның өмір сүру құқығы бұзылды" деген баға берген. Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасын біржақты тергеді, қаза болғандар мен азаптауға ұшырағандар ісі әділ қаралған жоқ деп мәлімдеген. Ресми Астанада бұл тұжырымға келіспейді.
Бүгін Turkistan газетінде жарияланған сұхбатында президент Тоқаев Қаңтар оқиғасы жөніндегі тергеу амалдары әлі жүріп жатыр ма деген сұраққа "бұл тақырыпқа қатысты негізгі мән-жайдың бәрі әлдеқашан белгілі болды" деп жауап берген. Қаңтар кезінде "тәртіпсіздік қолдан ұйымдастырылғанын" айтқан Тоқаев: "Төңкеріс" жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар үкіметтің жанар-жағармай бағасын өсіру туралы шешімін желеу етіп, адамдарды жаппай шеруге шығуға итермеледі. Сосын азаматтардың, мемлекеттік қызметшілердің, бір таңғаларлығы, күштік құрылым қызметкерлерінің едәуір бөлігінің арасында дүрбелең туғызды" деді.