Accessibility links

Алматы облысында жол апатынан Үндістанның екі азаматы қаза болды


Алматы облысында жол апатынан Үндістанның екі азаматы қаза болды. Екеуі де – студент. Бұл жөнінде Үндістанның Қазақстандағы елшілігі хабарлады. Жол апатынан тағы үш адам жарақаттанған. Дипломатия өкілдігі қаза болғандардың отбасына көңіл айтып, зардап шеккендердің туыстарымен хабарласып отырғанын, Қазақстан билігімен де бірге жұмыс істеп отырғанын айтты.

Алматы облысы полиция департаментінің хабарлауынша, жол апаты 6 қаңтарда Алматы – Бішкек тас жолының 86-шақырымында болған. Көлікте Үндістанның бес азаматы болған: төртеуі Оңтүстік Қазақстан медициналық университетінде оқиды, біреуі – турист. Олар Алматыдан Шымкентке қарай жол тартқан.

"Алдын ала мәлімет бойынша, 33 жастағы Toyota Alphard көлігінің жүргізушісі рөлді басқара алмай, соның салдарынан көлік аударылған. Жүргізуші сол жерде қайтыс болды. Екі жолаушы аурухана көз жұмды, тағы үш адам түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды" деп хабарлады Алматы облыстық полиция департаменті.

Полицияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалған.

Қазақстанда адам қазасына себеп болған жол апаттарының саны азаймай отыр. Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 2500 адам жол апатынан қаза табады. Елде 1991 жылдан бері жол-көлік апатынан опат болған адам саны бірде 4 мыңға өсіп, бірде 2 мыңға дейін кеміп отырған. Кейінгі төрт жылдағы есепке сәйкес, адам шығыны баяу өсіп келеді.

XS
SM
MD
LG