Accessibility links

Алматы әкімдігі феминистік ұйымдарға 8 наурызда шеру және митинг өткізуге рұқсат бермеді


8 наурыз күнгі шара. Алматы, 2022 жыл.
8 наурыз күнгі шара. Алматы, 2022 жыл.

Алматы әкімдігі 2026 жылы 7 және 8 наурыз күндері митинг және шеру өткізуге рұқсат бермеді. Бұл жөнінде феминистік марш ұйымдастыру комитеті Instagram-дағы парақшаларында хабарлады.

"Барлық төрт шешімде "аталған тақырып бойынша бейбіт жиын өткізу кезінде қоғам тәртібін бұзу қаупі туындайды" деген себеп айтылған. Шешімде нақты құқықтық немесе фактологиялық негіздеме жоқ" деп жазылған ұйымдастыру комитетінің хабарламасында.

Бастама өкілдері Алматы әкімдігінің шешіміне шағым түсіретінін және қиындықтарға қарамастан дайындықты жалғастыра беретінін айтты.

"8 наурыз күнгі марш – бұл біздің заңды құқығымыз және әйелдердің құқығы туралы айтудың маңызды жолы. Кедергілерге қарамастан оны өткізуге күш саламыз" деді ұйым өкілдері.

Алматы әкімдігі әзірге бұл мәселе бойынша реакция білдірмеді.

Әкімдік былтыр да феминистерге шеру өткізуге рұқсат бермеген. Ол кезде де жергілікті билік өкілдері "қоғам тәртібін бұзу қаупін" алға тартқан еді.

"Власть" сайтының жазуынша, былтыр қала билігі басылымға берген ресми жауабында ұйымдастырушылар мен қатысушылардың өтініште көрсетілген тақырыптан "бірнеше рет ауытқығанын және өз сөздерінде ұғымдарды дұрыс қолданбағанын" айтқан. Биліктің айтуынша, "қарапайым азаматтар мен жастар, желтоқсаншылар бұған наразы болған".

Бұған дейін бірқатар белсенділер қала әкімдігін митинг және шеру өткізуге рұқсат беруге шақырған.

Қазақстанда 2020 2020 жылы бейбіт жиындар туралы заң қабылданған. Ол бойынша бейбіт жиын өткізу үшін жергілікті билік органдарынан рұқсат алу тәртібі хабарлау сипатына алмастырылды. Билік мұны елді демократияландырудағы маңызды қадам деп атаған.

Бұл заңды құқық қорғаушылар халықаралық стандарттарға сай емес, бейбіт жиын өткізуге жергілікті әкімдік рұқсат беру керек деген бұрынғы заңдағы талап сол күйі қалды деп сынға алды. Белсенділер жергілікті әкімдік митинг өткізуге рұқсат бермес үшін түрлі сылтау ойлап табатынын айтады. Ондай сынға келіспейтін Астана митинг туралы жаңа заңды "демократиялық мазмұнда" деп атап, оны қабылдағаннан кейін Қазақстанда бейбіт жиындар "бірнеше есе" көбейді дейді.

XS
SM
MD
LG