Accessibility links

Әлиев Санкт-Петербургтегі ТМД саммитіне барудан бас тартты


Әлиев пен Путин. 2024 жыл.
Әлиев пен Путин. 2024 жыл.

Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Санкт-Петербургтегі ТМД елдері басшыларының саммитіне бармады. Оның әкімшілігінің баспасөз қызметінің хабарламасында президенттің кестесі тығыз екені жазылған.

Ресейде Әлиевті күтіп, оның сапарына дайындалған. Бұл жөнінде Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков айтты. Әлиевтің саммиттен бас тартатыны соңғы сәтте белгілі болды деп жазды "Настоящее Время" арнасы.

Әзербайжан президенті соңғы рет Санкт-Петербургтегі ТМД басшыларының саммитіне 2023 жылы барған. Былтыр желтоқсанда әзербайжан әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырағаны белгілі болған кезде ол шараға бармаған. Бакудан Грозныйға ұшқан ұшақ Ресейдің әуе кеңістігінде зақымданды. Сол кезде 38 адам қаза болып, 29 адам аман қалған.

Ертесінде Reuters пен Euronews Бакудағы дереккөздерге сүйене отырып, ұшақты ресейлік әуе қорғаныс жүйесі атқанын жазған. Әзербайжан билігі мен Әлиевтің өзі ұшақ апатына Ресейді кінәлады.

Баку айлар бойы Ресейден ұшақ апатын мойнына алуды талап етті. Мамырда Әлиев Мәскеудегі Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа келмеді.

Қазан айында Душанбедегі кездесу кезінде Путин ұшақты ресейлік әуе қорғаныс жүйесі атқанын мойындады. Ол ұшақ апатына кінәлілерді жазалауға және зардап шеккендерге өтемақы беруге уәде берді.

Алайда ұшақ апатын тергеу мен кінәлілердің жазаланғаны, зардап шеккендерге өтемақы берілгені сол күйінде хабарланбады.

1 желтоқсанда Екатеринбургте әзербайжан диаспорасының басшысы тағы ұсталды.

Бұл маусым айында Екатеринбургте Ресей қауіпсіздік күштерінің ағайынды Зияддин мен Хусейн Сафаровтардың өліміне әкелген жаппай рейдтен кейін басталған Ресей мен Әзербайжан арасындағы тұтқындаулардың жалғасы болды. Ресей тергеу комитеті сол кезде олардың жүрек ауруынан қаза болғанын хабарлаған. Ал әзербайжан сот-медицина сараптамасы олардың көптеген жарақаттан қаза болғанын көрсеткен. Осыдан кейін Әзербайжанда бірнеше ресейлік қамалды. Ізінше екі елде де қамалғандардың бірнешеуі босатылған.

XS
SM
MD
LG