Ирактағы езидтер ауылында туған алты жасар Айман содырлар тұтқынында болып, отбасына екі жылдан соң оралған.
Содырлар тұтқыны болған бала
"Ислам мемлекеті" (ДАИШ - Қазақстанда тыйым салынған) террорлық ұйымы тұтқынына түскен алты жасар Айманды содырлар ерлі-зайыпты адамдарға сатып жіберген. Фотогалерея езид баланың адам сенгісіз тағдырын баяндайды.

1
Айман Таяу Шығыстағы езидтер отбасында дүниеге келген. Езидтер - осы аймақтағы этникалық әрі діни азшылық. Оларға "Ислам мемлекеті" содырлары жаппай озбырлық көрсетіп келеді. БҰҰ содырлардың езидтерді өлтіру әрекеттерін геноцид деп бағалайды. Суретте: үйіне оралған Айман атасымен амандасып жатыр.

2
Айманның туған ауылы Харданды содырлар екі жыл бұрын басып алған еді. Содырлар баланы алып кеткен, ал оның ата-анасының өлі-тірісі әлі күнге белгісіз. Суретте: ауылына оралған Айман әжесін құшақтап тұр.

3
Содырлар қолға түсірген балалардан өздері сияқты содырлар дайындап шығарады. Бірақ Айманның жолы болып, жетімдер үйіне түскен. Сәретте: Айманның туыстарымен қауышқан сәті.

4
Балалары жоқ ерлі-зайыпты Әбу Ахмед пен Умм Айманды "Ислам мемлекеті" содырлары ұйымдастырған "жетімдер үйінен" 500 долларға сатып алған. Олар оған араб тілін үйретіп, исламды насихаттаған. Езидтер күрд тілі диалектісінде сөйлейді әрі зороастризм, христиан және ислам діндері элементтері араласқан өздерінің бөлек дінін ұстанады. "Ислам мемлекеті" содырлары езидтерді "сайтанға табынады" деп санайды. Суретте: Әбу Ахмед пен оның әйелі Умм.

5
Асырап алған адамдар Айманның ұлтын жасырған, таныстарына "туысымыз" деген. Ол кезде Мосул қаласының бір бөлігі "Ислам мемлекеті" содырларының қолында еді. Әбу Ахмед "Оған езид екеніңді тірі жанға айтпа дейтінмін" дейді. Олар баланың өзінің ата-тегін ұмытқанын қаламағандарын айтады. Ерлі-зайыптылар Айманның туған ауылы туралы әңгімелерін тыңдайтын болған. Суретте: Әбу Ахмед Айманның ойыншықтарын көрсетіп отыр.

6
Мосул қаласын содырлардан азат ету операциясы кезінде Ирак армиясының командирі "Әбу Ахмедтің үйінде езид бала тұрады" деген ақпарат естиді. Ерлі-зайыптылар баланы әскери қызметкерлерге тапсыруға мәжбүр болған. Әскерилер баланың туыстарын табу мақсатында оның суретін Facebook желісіне жариялаған. Суретте: туған ауылында жүрген Айман.

7
Айманның ата-анасы әлі табылған жоқ. Баланы оның атасы мен әжесіне тапсырған. Туыстары кейін Айманды оны бір жарым жыл асыраған Әбу Ахмед пен Уммға көрсететіндерін айтады. Ерлі-зайыптылар баламен сөйлесу үшін бірнеше рет телефон шалған, бірақ Айманның атасы оларды сөйлестірмеген. Ол кісі ерлі-зайыптыларға "баланың туыстарын іздемеді" деп ренжіген. Суретте: Айман атасы Самир Рашо Халафпен (сол жақта) бірге отыр.

8
Айманның өзі отбасына оралғанына қуанып жүр, бірақ ол өзін кезінде асырап алған кісілерді де сағынады. "Бір күні қайтып келеді деп үміттенемін" дейді Умм.
ПІКІРЛЕР