Accessibility links

Түйе сүті – қатерлі ісік ауруларының емі


Қазақтың түйе сүтінен жасалатын ұлттық сусыны - шұбат.
Қазақтың түйе сүтінен жасалатын ұлттық сусыны - шұбат.

Шымкенттік ғалымдар түйе сүтінен лактоферрин затын алу әдісін ойлап тапты. Дәргерлер оны қатерлі ісікке қарсы қосалқы ем ретінде пайдалануға болатынын айтады. Оңтүстік Қазақстан облысында соңғы жылдары осы ауруға шалдыққан науқастар саны артып отыр.


РАКПЕН КҮРЕСТІҢ ТАҒЫ БІР ЖОЛЫ

Таяу маңда идея авторлары түйе сүтінен лактоферрин алу әдісі бойынша патентке ие болмақ. Олар өткен жылы Интеллектуалдық жекеменшік бойынша Ұлттық институтқа тапсырыс берген-ді. Зерттеу қорытындысы түйе сүтінен антиоксиданттық, қабынуға қарсы қабілеті бар препарат алуға болатынын дәлелдеген.

Мамандардың айтуынша, лактоферриннің 1 грамын алу үшін 100 литр сиыр сүті қажет болса, түйе сүтінің 25 литрі жеткілікті екен. Бұл көлемі жағынан ана сүтімен пара-пар, дейді жаңалық жаршылары. Ресей онкологтарының бірер жыл бұрын ана сүтінен лактоферрин алу
Ғалым Мұсатілла Тоханов. Шымкент, 7 шілде. 2010 жыл.
әдісі бойынша патент алғанын айтқан мамандар, өздері ашқан әдістің одан әлдеқайда тиімді әрі арзан екенін алға тартады.

– 25 литр ана сүтін алудың өзі қаншалықты қиын екені түсінікті. Ал түйе сүтінен алу тиімдірек. Құрамы жағынан ана сүтіне ұқсас. Оның үстіне арзан түседі. Биохимиялық сараптау уыздың құрамы 500 есе көп екенін көрсетті. Сондай-ақ зарарсыздандыру кезінде сапасының сол қалпында қалатыны анықталды, – дейді Оңтүстік Қазақстан мал шаруашылығы мен өсімдіктер ғылыми зерттеу институтының технология және мал шаруашылығы бөлімінің ғылыми қызметкері Мұсатілла Тоханов.

Ғалымдар қатерлі ісік ауруына шалдыққан жандарға кеселмен күресетін тағы бір мүмкіндік пайда болатынын айтады. Шұбаттың табиғи адам иммунитетін күшейткіш қасиетінің барын дәлелдеген мамандар, бұл жаңалықтың ел үкіметі тарапынан қолдау табарына үміт артады.

«БИЛІК БҰҒАН КӨЗ ЖҰМДЫ»

Былтырғы жылы Шымкенттік ғалымдар қазақтың ұлттық тағамдарының бірі – шұбатты құрғақ күйінде сақтаудың жаңа әдістері бойынша
Ғалым Мұсатілла Тоханов (сол жақта) әріптесімен зертханада. Шымкент, 7 шілде. 2010 жыл.
инновациялық патентке ие болғаны белгілі. Табиғи шұбаттың таблеткалы және ұнтақ түрін жасау жолын тапқан мамандар, түйе сүтінен жасалған йогурт, балқаймақ және шалаптарды экспортқа шығаруды мақсат тұтқан еді. Алайда ол бастама билік тарапынан қолдау таппады.

– Ең өкінішктісі осы болды. Біздің бастамаға жергілікті билік қолдау көрсетпей, көз жұма қарады. Еңбегіңнің еленбегені деген осы. Біз бұл тұста барлық жұмысты атқардық. Тек қолдау қажет. Бірақ біз әлі де үмітімізді үзбейміз, – дейді идея ауторы Мұсатілла Тоханов.

Шұбатты экспортқа шығарып, қазақтың брендіне айналдыру үшін тер төккен ғалымдардың айтуынша, табиғи шұбаттың таблеткалы түрі, құрғақ түйе сүті, йогурт, балқаймақ және шалап секілді жаңа әдістерімен алынған өнімдер әлем нарығына шықса, теңдесі жоқ ұтымды тауар белгісіне айналары сөзсіз. Егер бұл іс жүзеге асса, әлемдік нарықта шұбаттан мұнайдан түсетін кірістен кем емес пайда табуға болады, деп есептейді мамандар.

ЖАҢАЛЫҚ ЖАПОНДАРДЫ ЕЛЕҢ ЕТКІЗДІ

Қазақтың ұлттық тағамдарының бірі – шұбаттың таблеткалы және ұнтақ түрін жасау жолын тапқан Шымкенттік ғалымдардың жаңалығына алыстағы Жапония қызығушылық танытып отырған көрінеді. Бұл жаңалық жайлы әлемдік ғаламтордан оқып білген шетелдіктер, жақын маңда өнертапқыштармен жеке кездесу үшін Шымкентке келмек.

– Бұл үшін Азаттық радиосына алғысым шексіз. Елеген тек сіздер. Сіздерден біліп, Жапонияның Эн-Эйч-Кей телеканалынан маған хабарласты. Солардың атынан Астанадан бір қыз телефон шалды. Сөзіне қарағанда, бізден бір қаһарман жасамақшы. Осында арнайы келіп, біз туралы фильм түсіреміз деді. Шынымды айтсам, қобалжулымыз. Оның үстіне, құпия-сырларды ашуға да қорқам. Қымызымыз бен бесбармағымызды онсыз да шетелдіктер тартып алды емес пе? – дейді ғалым Мұсатілла Тоханов.

Маманның айтуынша, қазақ арасында ұлттық сусын ретінде ықылым заманнан үзбей пайдаланылып келе жатқан шұбаттың емдік қасиетін қазір әлем мойындап отыр. Шұбатты көптеген ауруларды, атап айтқанда рак, Альцгеймер дерті, сары ауру, өкпе ауруларына шалдыққандарды емдеуге пайдалануға болатындығы, қан айналу жүйесіндегі қан тамырларының жұмсақтығы мен беріктігін қамтамасыз ететіні, ағзада жүретін зат алмасу процестерін жақсартып, жалпы иммунитетті күшейтетіні анықталған, дейді ғалым.

Қазақ халқының дәстүрлі сусындарының бірі шұбат – шипалы ем, нәрлі сусын. Халық оның қоректік, емдік қасиеттерін алуан түрлі ауруға ем ретінде де пайдаланып келген, сусын адам ағзасында жеңіл қорытылады. Қарын сөлінің қорытқыш қасиетін күшейтіп, ішектің қызметін жақсартады.

ҚАТЕРЛІ ДЕРТКЕ ШАЛДЫҚҚАНДАР КӨБЕЙІП БАРАДЫ

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қатерлі ісік ауруына шалдыққан 10 мыңнан астам адам есепте тұр. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 1,5 есе көп. Оның 761 соңғы 4 айдың ішінде тіркелген.

Науқастар химиялық терапия, операциялық жолмен және сәуле арқылы ем қабылдайды. Тек соңғы бір жылдың ішінде өңірде 2300
Оңтүстік Қазақстан облыстық қатерлі ісікке қарсы диспансердің бас дәрігері Нұрғали Орманов. Шымкент, шілде. 2010 жыл.
адамның бойынан осы кесел анықталған. Қатерлі ісік ауруынан аймақта жыл сайын шамамен 1300 адам көз жұмады екен.

– Бір лактоферринмен емдеуге болады деп айта алмаймын. Бірақ қосымша ем ретінде қолдануға болады. Ғалымдарымызды қолдаған жөн. Бұл кеселдің анықталу жағы өте қиын. Қаншама қымбат аппаратуралардың көмегімен де анықтау қиын. Сондықтан бұл тұста айтарым, ең бастысы дәрігерге жиі қаралу. Ерте анықталған жағдайда ғана емделуге болады, – дейді ОҚО қатерлі ісікке қарсы диспансерінің бас дәрігері Нұрғали Орманов.

Онкологтардың айтуынша, қазіргі таңда қатерлі ісік ауруларының жиі кездесетін түрі – сүт безі рагі, асқазан рагі, тері және өңеш, өкпе рагі болып отыр. Соңғы жылдары ракқа шалдыққандардың арасында жас және жасамыс адамдар көбейіп келеді.
XS
SM
MD
LG