Accessibility links

Сарапшылар Қазақстанда советтік цензураны түрмеге қамау қаупі алмастырғанын айтады


Оппозиция белсенділері ұйымдастырған аспаздық көрмеге қойылған бұл тағам «Өзіндік цензура» деп аталады. Талдықорған, тамыз, 2009 жыл.
Оппозиция белсенділері ұйымдастырған аспаздық көрмеге қойылған бұл тағам «Өзіндік цензура» деп аталады. Талдықорған, тамыз, 2009 жыл.

Қабылданғанына биыл 15 жыл толатын Қазақстан Конституциясында цензураға қатаң тыйым салынған. Цензураның күші Горбачев тұсында жойылған еді. Міне, содан бері 20 жыл Қазақстан цензурасыз өмір сүріп жатыр. Бірақ бұл тек қағаз жүзінде ғана дейді сарапшылар.


Қазақстан Конституциясының 20-шы бабының 1-ші тармағында былай делінген: «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады». Осы баптың екінші тармағына сәйкес, әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар.

1990 жылы, Михаил Горбачевтің билігі кезінде, ССРО-да цензураны ресми түрде жойған бұқаралық ақпарат құралдары туралы одақтық заң шыққаннан кейін бір жыл өткен соң Қазақстанда да дәл сондай заң қабылданған болатын. 1995 жылы тамыздың 30-ы күні бүкілхалықтық референдумда қабылданған Қазақстанның қазіргі Конституциясында да цензураға тыйым салынған. Жалпы алғанда Қазақстан цензурасыз 20 жыл өмір сүрді.

Өзінің кезекті дөңгелек үстелінде Азаттық радиосының Қазақ редакциясы «Қазақстан: Конституция және заң бойынша цензурасыз өткен 20 жыл» тақырыбын талқылады.

Пікірсайысқа журналист, Қазақстандағы БАҚ пен қоғамдық қозғалыстар шолушысы әрі тарихшысы Андрей Свиридов; Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев; БАҚ туралы алғашқы заңды қабылдап, цензураның күшін жойған Қазақстан Жоғары Кеңесінің бұрынғы төрағасы Серікболсын Әбділдин, «Республика. Деловое обозрение» газетінің шеф-редакторы, редакция алқасының төрайымы Ирина Петрушова қатысты.

Дөңгелек үстелді Азаттық радиосының қызметкері Сұлтанхан Аққұлұлы жүргізді.

ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕ ЖӘНЕ ШЫНАЙЫ ӨМІРДЕ

Жүргізуші:

– Қазақстанда заң бойынша цензураның жоғалғанына 20 жыл болды. Және де, Конституцияда цензураға біржақты тыйым салынған. Негізгі заңның осы бабы қаншалықты жұмыс істеп отыр және іс жүзінде нені байқайсыздар?

Әбділдин мырза, 1991 жылы БАҚ туралы алғашқы қазақ заңын қабылдаған Қазақстан Жоғары Кеңесінің бұрынғы төрағасы ретінде алғашқы сөз сізге беріледі.

Серікболсын Әбділдин:

– 1990-шы жылдары бүкіл Советтер Одағының халқы үшін сөз бостандығы және азаматтық қоғам құру салаларында үлкен, тіпті, революциялық қадамдар белгіленді. Бұл ССРО Жоғары Кеңесінде жиі-жиі талқылау тақырыбына айналып отырғандықтан кейінгі
Қазақстан Жоғары Кеңесінің бұрынғы төрағасы Серікболсын Әбділдин.
оқиғалар көп күттірмеді.

Михаил Горбачев Совет Одағы бойынша заңға қол қоюға мәжбүр болды. Оған сәйкес, цензура өткеннің еншісіне қалдырылып, сөз бостандығы заңдық формаға ие болды. Жыл өтісімен, сіз атап өткендей, сол кездегі атау бойынша Қазақ Республикасында президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған тиісті заң қабылданды.

Қағаз жүзінде сақталған бұл заң қазір де қолданыста бар. Алайда қос Конституцияда да қандай мемлекет құратынымыз айтылып, демократия бұрышта қалып қойды. Шынайы өмірде біз сөз бостандығын да, цензура күшінің жойылғанын да, өзге ойларды да көріп отырған жоқпыз. Қазақстанда демократиялық мемлекетті айтпағанда, құқықтық мемлекет жоқ. Сондықтан, мен сөз бостандығын қалыптастыруға байланысты Қазақстанда 20 жыл босқа кетті деп есептеймін.

Жүргізуші:

– Петрушова ханым, басқа басқа, сіз басқарып отырған басылым Конституция бойынша цензураның «жоқтығын» біледі және Қазақстанның БАҚ туралы заңының барлық қасиеттерін басынан өткерді.

Ирина Петрушова:

– Қағаз жүзінде цензураға тыйым салу мен өмірде кездесетін цензураның арасында үлкен айырмашылық бары түсінікті жайт.
Дегенмен, санамызда цензура болды және меніңше, әлі де бар.
Горбачевтің заңы озық болғаны рас. Мен ол уақытта тым жас журналист едім және бұл заңды біз үлкен құлшыныспен талқыладық. Біз Главлитсіз өмір сүруге болатынына сене алмадық. Бірақ, Борис Ельцин басқарған алғашқы жылдардың өзінде өмір сүруге болатынына көзіміз жетті. Дегенмен, санамызда цензура болды және меніңше, әлі де бар.

Қазақстанға келер болсақ, Конституцияға жазылған бұл қағиданы журналистер қауымдастығы шындап қабылдады деп айта алмаймын.
«Республика. Деловое обозрение» газетінің шеф-редакторы, редакция алқасының төрайымы Ирина Петрушова.
Ағат кетсем Матаев мырза мені түзетер, бірақ, қазақстандықтардың санасындағы цензура Ресейге қарағанда әлдеқайда мықты деген ойдамын. Бұл әлі де өзгере қойған жоқ.

Сөз жоқ, Қазақстанда цензура бар. Қазір бұл белгілі бір дәрежеде иезуиттік сипат алған. Ата заңымызда «цензура жоқ және сөз бостандығына басымдық беріледі» деп жазылғанымен, іс жүзінде және басқа заңнамалық актілерде (мәселен, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңда) цензура айқын көрініс береді.

Мысалы, бұқаралық ақпарат құралын тіркеу, басылымның лицензиясын алу мүмкіндігінің төмендігі – мұның бәрі бар. Біз бұны өз тәжірибемізден көріп отырмыз. Мұны менің әріптестерім де растай алады. Атап айтқанда, Ермұрат Бәпи мырза. Менің білуімше, оның тым болмағанда бір баспасөз құралын тіркету үшін әуре-сарсаңға түсіп жүргеніне бірнеше айдың жүзі болды. Бірақ, әзірге онысы іске асар емес.

Ал, Қазақстан баспаханаларында басуға тыйым салынған біздің газетіміздің тарихы баршаға мәлім. Заңымызда баспаханада басуға еш тыйым салынбаған. Соған қарамастан, бір де бір баспахана біздің газетімізді басып шығармайды. Жағдайды былайша сипаттауға болады: «Қағаз бетіндегі цензура мен шынайы өмірдегі цензураға тыйым салу – екеуі екі нәрсе».

ЖУРНАЛИСТЕР ҚҰҚЫҒЫН ТАПТАЙТЫН ТҮЗЕТУЛЕР

Жүргізуші:

– Свиридов мырза, Қазақстандағы БАҚ мен қоғамдық қозғалыстардың шолушысы әрі тарихшысы ретінде баспасөз құралына, БАҚ туралы заңға және т.с.с. қатысты ахуал назарыңыздан тыс қалмаған болар?

Андрей Свиридов:

– 1990 жылы мен Алексей Пугаевпен бірге алғашқы оппозициялық, партиялық емес «Мнение» («Пікір») газетінің редакторы болатынмын. Ол кісі кейіннен қайғылы қазаға ұшырағанын білесіздер. Әлі есімде, тамыздың бірінен бастап Главлит жоғалды, цензура жойылды. Бірақ, газетімізге оның қатысы болған жоқ. 1989 жылы желтоқсан айында газетіміздің алғашқы санын Қазақстанда шығара алмаған соң Литваға кеткеніміз сияқты, екінші санын да 1990 жылдың тамыз айында, қазіргі ризографқа аз-маз ұқсайтын аппаратта басып шығардық. Қазір «Республика» газеті де тура осындай әдіспен жарыққа шығуға мәжбүр болып отыр.

Ол заманда баспаханалардың ешқайсысы бізді қабылдамады. Ал қазір жүздеген баспахана болса да, «Республика» газетін басқылары келмейді. Біз неден бастасақ – соған келіп жеткендейміз.

Алайда, 20 жыл босқа кетті деп те айта алмаймын. Өйткені, «Республикадан» өзге де тәуелсіз басылымдар бар. Олар ештеңеге де қарамастан жарыққа шығып, оқырмандарын тауып жатыр. Бұл «Свобода слова», «Жас Алаш» және т.б. басылымдар. Қанша ниеттенгенмен де БАҚ атаулының барлығын жабу және 1985-1990 жылдардағы жағдайға қайта әкелу мүмкін емес деп ойлаймын.

Ал енді цезураның бастапқы және жазалау түрлеріне келейік. Әбділдин мырза төрағалық еткен Жоғары Кеңес қабылдаған заң 1999 жылға дейін жұмыс істеді. Ал 1996 жылдан бастап оған өзгертулер мен толықтырулар енгізіле бастады. Сол өзгертулер мен толықтырулар, Конституцияда цензураға тыйым салынатыны жөнінде жазылғанына қарамастан, цензураны енгізді.

1999 жылы Ұлттық қауіпсіздік туралы, Тұңғыш президент туралы заңдарға түзетулер енгізілді. 2000-шы жылдары БАҚ туралы заң сан рет өзгертілді. Мен, тіпті, БАҚ туралы заңға қанша рет түзетулер мен өзгертулер енгізілгенін санамай-ақ қояйын. Шамамен, жеті-сегіз мәрте. Енді, міне, елбасы туралы соңғы заң да сөз бостандығына кейбір шектеулер жасайды. Ендігәрі журналистер Елбасы – ұлт көшбасшысын сынға алғаны үшін жазаланатын болады. «Цензурасыз өткен» 20 жылда жеткен жеріміз осы болды.

Сейітқазы Матаев:

– Совет баспасында жұмыс істеген біз үшін (мен ол кезде «Индустриальная Караганда» газеті бас редакторының орынбасары едім) цензураның алынып тасталуы төбеден жай түскендей әсер етті. Біздің газет облыстық партия комитетінің органы болатын. Содан кейін де біраз уақыт бойы Главлит жүйесі бұрынғы дағдысымен жұмыс істей берді. Олар бізбен бір қабатта отыратын. Ал біз үйреншікті әдетімізбен оларға зыр жүгіретін едік.

Мен заң бойынша цензураға тыйым салынған, алайда, ішкі цензура әлі де бар деген Ирина Петрушованың пікірімен келісемін. Өйткені,
Ішкі цензура әлі де бар. Өйткені, БАҚ атаулының 75 пайызы мемлекеттік емес секторға еншілі десек те, құрылтайшы, жекеменшік газеттердің иелері деген ұғым бар.
БАҚ атаулының 75 пайызы мемлекеттік емес секторға еншілі десек те, құрылтайшы, жекеменшік газеттердің иелері деген ұғым бар.

БАҚ туралы алғашқы, Қазақ ССР Жоғары Кеңесі қабылдаған сол заң – демократиялық заң болатын. 1990-шы жылдары сондай бір көтеріңкі сезім, серпіліс болды. Көптеген жекеменшік газеттер ашылды. Тіпті, кезінде мен жекеменшік газет қоғам өмірі туралы қалай жаза алады деген пікірді ұстанып, оларға қарсы да шыққан едім. Бірақ, жекеменшік газеттердің де өмір сүруге құқығы бар екенін өмірдің өзі көрсетіп берді.

Расында, кейіннен Қазақстанда сөз бостандығын шектейтін заңға қосымша құжаттар пайда болды. Интернетке қатысты заңдарға (мәселен, ұлттық қауіпсіздік туралы заңға), азаматтық, әкімшілік кодекстерге түзетулер енгізіле бастады. Яғни, БАҚ туралы заңнан да жоғары тұратын заңдарға түзетулер енгізілді.

Сөзіме дәлел ретінде БАҚ туралы заңға Мәжіліс енгізген түзетуді келтірейін. Оған сәйкес, редактор шетел азаматы бола алмайды. Мен
Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев.
бұл өзгерту Ирина Петрушоваға қатысты қабылданғанын білемін. Мен сонда: «егер шетел азаматы немесе азаматтығы жоқ тұлға бас редактор бола алмаса, онда бүкіл редакция алқасына түзетулер енгізу керек» деген едім. Өйткені Ирина бас редактордың орынбасары, жауапты хатшы бола алатын еді. Редакцияда басқа да қызмет жетеді емес пе?

Билік соңынан түсінді: егер бұл Конституцияда, БАҚ туралы заңда жарияланып жазылса, онда ойынның жалпы ережелері болуы керек екендігін. Шығармашылық одақтың жетекшісі ретінде мұндай жайттарға үнемі кезігемін.

Бізде бір кездері қоғамдық телеарна ашпақшы болды. Алайда, ол қиын нәрсе. Себебі, мемлекет оны қаржыландырмауы керек. Сонымен бірге, бізге, журналистерге жұмыс істеуге БАҚ туралы заңға бәлендей қатысы жоқ болса да журналистердің жағдайын қиындататын әртүрлі түзетулер кедергі жасайды.

«Республика» газеті журналистерінің қайсарлығын атап айтқым келеді. Олар қазір газетті ротапринттен басып шығарады. Мен, шынын айтқанда, жанарым нашарлап, көзілдірік жасатуға тапсырыс бердім. Себебі, газеттің әріпі өте ұсақ. «Республика» Интернетте бар. Енді билік ғаламторға қатысты заңнамалық актілерге түзетулер енгізбекші. Меніңше, билік Интернеттің не екенін сезбейді де, білмейді және барлығына бірдей тыйым салуға болмайтынын түсінбейді.

ҚОС ӨЛШЕМ

Жүргізуші:

– Орталық Азияның басқа мемлекеттерімен салыстырғанда Қазақстанда тәуелсіз және оппозициялық баспасөз бар. Билікке бағынатын және мемлекет иелігіндегі басылымдарға қарағанда «Свобода слова», «Республика. Деловое обозрение», «Тасжарған» және басқалары анағұрлым танымал. Оны жақында Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев та мойындады. Олай болса, Қазақстан оппозициясының, оппозициялық және тәуелсіз баспасөздің не нәрсеге көңілі толмайды?

Серікболсын Әбділдин:

– Егер осы аталған газеттердің санына қарар болсақ, билікке, президентке бағынышты ақпарат құралдарының ағынымен салыстырғанда түкке тұрғысыз. Мұнымен қанағаттануға болмайды. Сіз айтқан басылымдарға қызығушылық бары рас. Оларды міндетті түрде сатып алып оқитын оқырмандардың белгілі бір тобы қалыптасқан. Алайда, олар одан әріге бара алмайды. Бойларында үрей бар. Тәуелсіз жүргізілген сауалнама нәтижесі көрсеткендей, он қазақстандықтың біреуі ғана өз ойын, өз пікірін еркін айта алады. Адамдардың санасына қорқыныш сезімі осыншама терең бойлап алған.

Сонымен қатар, 16 миллион халықты оппозициялық басылымдармен қамтамасыз ету мүмкін еместігін баса айтқым келеді. Биліктің ықпалымен барлық телеарналар мемлекеттің меншігінде немесе мемлекеттің айтуымен жұмыс істейді. «Хабар», «Қазақстан» сияқты телеарналарды Қазақстанның кез келген бұрышында жұрт көре алады.

Ал олардың сюжеттеріне қарасаң, Қазақстанда коммунизм баяғыда орнағандай әсерде қаласың. Гүлденген Қазақстан өзге мемлекеттермен салыстыруға келмейді. Жер шарының ешқандай проблемасы жоқ өлкесі секілді көрінеді. Сондықтан, мен біздегі барлық оқиғаларға, заңдарға қос стандарт, қос сипаттама жасалған деп есептеймін.

Бір жағынан қарасаңыз, оппозицияның баспалық мүмкіндіктері жоққа тән. Ал екінші жағынан, билік оны таптап тастай алатын орасан
Еркін жарияланымдар, қоғам мен халықтың шынайы жағдайын көрсету тұрғысынан алып қарағанда еліміздегі жағдай өзге мемлекеттердегіден де нашар күйде деп есептеймін. Бұл жақсылыққа апармайды.
күшке ие. Қазақстанда оппозиция бар сияқты көрінгенімен, онда бір де бір портфель, бір де бір депутаттық мандат жоқ. Оппозициялық бір де бір партия билік құрылымында жұмыс істемейді және билікте бір де бір мүшесі жоқ. Мәселен, Батыста оппозицияның қоғамдық өмірге қатыспауы, билік құрылымында жұмыс істемеуі сияқты жайттар атымен болмайды. Қазіргі билік жүйесі оппозицияны мүлдем жаншып, тұқыртып ұстап отыр.

1990-шы жылдары біз аталмыш заңды қабылдаған кезде, қазіргідей емес, жеткілікті демократия бар еді. Біз демократия мен сөз бостандығына қатысты үлкен жоспарлар құратынбыз. Қазір Қазақстанның ресми ақпарат құралдары елде бәрі жақсы деп жар салады. Алайда, еркін жарияланымдар, қоғам мен халықтың шынайы жағдайын көрсету тұрғысынан алып қарағанда еліміздегі жағдай өзге мемлекеттердегіден де нашар күйде деп есептеймін. Бұның соңы жақсылыққа апармайды.

Елбасы туралы заң Қазақстанда жеке басқа табынуды қалыптастырудың айқын мысалы. Меніңше, Қазақстанның әрбір азаматы өз құқығын қорғап күресе алуы үшін адамдардың санасын оятатын уақыт келген сияқты.

Андрей Свиридов:

– Осы заңның қабылдануы бойынша пікір білдіріп, осы заңға қарсы шыққандарға әкімшілік сот белгілеген айыппұлдарды төлеп үлгермей жатқанымызда «Назарбаевқа сыйлық» («Подарок для Назарбаева») мақаласының авторына, Қостанайдағы «Наша газетаның»
Андрей Свиридов, журналист, адам құқығын қорғаушы.
редакторына қарсы алғашқы қылмыстық іс те қозғалып үлгерді. Бұл мақала мерейтойға орай жеке басқа табынушылыққа қарсы жазылған болатын. Бір атап өтерлік жайт, бұндайда әдетте президенттің абыройы мен қадір-қасиетіне қол сұққаны үшін (Қылмыстық кодекстің 318-ші бабы) жауапқа тартатын болса, бұл жолы мақала авторын Қазақстан Республикасының Президенті – ұлт көшбасшысының абыройы мен қадір-қасиетіне қол сұқты деп айыптап отыр.

Егер бұрын осы бап бойынша шартты мерзімге сотталған Қазис Тоғызбаевтың ісінің куәсі болсақ, бұл жолғы мақала үшін Ольга Колокованы темір тордың ар жағына қамап жазалай ма деп қорқамын. Мемлекеттік құпияны жариялады деген айыппен сотталған Рамазан Есіргеповтың мерзімінен бұрын босату бойынша берген өтінішін ЕҚЫҰ саммиті алдында кезекті рет қанағаттандырмай тастады.

Президентке қатысты заңдарға міне осындай қатаң жазалау түрлері енгізілген. Мен советтік Главлит цензурасына қарағанда, тек темір торға тоғытуды білетін цензура әлдеқайда жаман екендігін айтқым келеді.

Сейітқазы Матаев:

– Мен Серікболсын Әбділдиннің ұстанымын қолдаймын. Ол қашан да шындықты айтатын адам. Шындық тек үнемі көпшіліктің жағында бола бермейді. Кейде шындық азшылық жағында да болуы мүмкін. Саналы қоғамда бөтен пікір үнемі болуы керек. Ол Қазақстан сияқты
Советтік Главлит цензурасына қарағанда, тек темір торға тоғытуды білетін цензура әлдеқайда жаман.
елге даму үшін көмектесуі қажет. Кемшілік-қателіктер, әттеген-айлар билікте де болып тұрады. Оған жақ ашпай қалуға тағы болмайды.

Бүгінгі талқылауда Серікболсын Әбділдин мырза атап өткендей, Қазақстанда әртүрлі себептерге байланысты оппозиция әлі аяғынан тік тұрып кете алған жоқ деген сөздер айтылды. Тек Қазақстан ғана емес, оппозициясы әлсіз кез келген мемлекетте баспасөз биліктің қарсыласының рөлін атқаруы тиіс.

Еркін баспасөз болмайынша қалыпты азаматтық қоғам құру мүмкін емес. Мен бұл жерде тек қана оппозициялық газеттерді айтып отырған жоқпын. Басқа да көптеген басылымдар бар. Бәлкім, олар билікті өршелене сынамайтын шығар. Дені дұрыс қоғамда билік пен қоғам арасын жалғайтын дәнекер болуы керек. Және қазіргі уақытта бұл міндетті баспасөз атқарып отыр. БАҚ арқылы биліктегілер елдің қандай бағытпен кетіп бара жатқанынан хабар берсе, өз кезегінде баспасөз билікке бағыт ұсынуы тиіс.

Билік Маловодныйдағы оқиға, Оңтүстік Қазақстан облысындағы СПИД дертінің таралуы сияқты қоғамның жағымсыз құбылыстарын көрсетпеуге қанша тырысса да, бұл туралы қоғамды бірінші болып хабардар еткен баспасөз болатын.

Оппозициялық газеттердің жағдайы ауыр. Елде дағдарыс әлі аяқталған жоқ. Бірақ, соған қарамастан, үкімет мемлекеттік тапсырыс беру арқылы мемлекеттік газеттерге көбірек жәрдем жасайды. Оппозициялық баспасөз ондай қолдаудан кенде қалған. Мемлекеттің оппозицияны, оппозициялық газеттерді қаржыландырғаны дұрыс болар еді.

«Қазақстанда сөз бостандығы бар ма?» деп сұрағандарға, мен 95 мың данамен шығатын «Свобода слова» бар деп жауап қайтарамын.

Ирина Петрушова:

– Қоғамда бөтен ой болатындығына барлығымыз да шүбәланбаймыз. Оны Ақорда да түсінеді деген ойдамын – елде, шағын да болса, оппозициялық басылымдар әлі шығып жатыр. Ермұхамет Ертісбаевтың Батыста жасаған баяндамаларында елімізде сөз бостандығының барын, өйткені, мәселен, «Республика» сияқты газеттердің шығып жатқанын үнемі айтатыны кездейсоқ емес.

Біздің көңіліміз неге толмайды? Мәселе мынада, газетімізді бізге берілген рұқсаттың арқасында емес, керісінше, Ақорданың бізге деген қас-қабағына қарамастан шығарып отырғанымызда. Бұл ешқандай талассыз шындық. Бұған соңғы жылдары бізге қарсы сот істерінің жиі өтетіндігі, газетімізді басудан баспаханалардың жаппай бас тартуы, осы таяу уақытқа дейін бізде артығымен болған жарнама атаулының газетіміздің бетінен жоғалуы дәлел бола алады. Өздерін жеке меншіктеміз деп қанша жариялағанымен мемлекетке қандай да болмасын қатысы бары аңғарылатын «Караван», «Дауыс» секілді тарату желілерінің біздің газетті қабылдамайтындығы да соған айғақ. Біздің журналистерімізге ҰҚК, полиция, әкімдік қызметкерлері қоқан-лоққы жасайды. Осының бәріне біздің көңіліміз толмайды.

Жүргізуші:

– Қадірменді қонақтар, Азаттық радиосы өзінің дөңгелек үстелін осымен тәмамдайды. Қатысқандарыңыз үшін рақмет.
XS
SM
MD
LG