Accessibility links

Үш биге көше беріле ме?


Қостанай облыстық сотының ғимараты. 10 шілде 2009 жыл.
Қостанай облыстық сотының ғимараты. 10 шілде 2009 жыл.

Қостанайда Сарыарқаға мәлім үш би Наурызбай Қазыбайұлы, Тоқсан Жабайұлы, Шеген Мусин есімдерін көшелерге беру туралы ұсыныс аяқсыз қалды

Қостанай қаласында биылғы жылдың наурыз айында “Билер институтының дамуы” деген тақырыпта аймақтық ғылыми-теориялық конференция өткен болатын. Конференция қорытындысында Арқаға аты жайылған үш би Наурызбай Қазыбайұлы, Тоқсан Жабайұлы, Шеген Мусин есімдерін Қостанай қаласының көшелеріне беру туралы ұсыныс жасалып, ол бір ауыздан мақұлданған.

БИЛЕР СӨЗІН БИЛІК СӨЙЛЕМЕЙДІ

Алайда, қалалық мәслихат бұл ұсынысты тағы да ұзын арқау, кең тұсауға салды. Билердің өмірбаяны туралы жергілікті ақпарат құралдарында танымдық материалдар берілсін, әйтпесе олардың есімдерін көпшілік білмейді деген уәж айтылды.

Облыстық сот осыған орай арнайы жұмысшы тобын құрып, олар жергілікті теледидар және “Алау” жекеменшік арнасы арқылы хабарлар циклін ұйымдастырды. Газеттерде мақалалар жариялана бастады. Арнайы журнал жарық көрді. Қазіргі уақытта Қостанай өңірінің би-шешендері туралы жинақ дайындалып жатыр.

Мұның өзі екінші топтың қарсылығын туғызды. Жергілікті “Наша газета” секілді басылымдарда көше аттарын өзгертуге ешқандай негіз жоқ деген пікірлер жарияланды. Олардың уәжіне қарағанда, “Қостанай - орыстар салған қала. Губернаторлардың да, тың игерушілердің де, ғарышкерлердің де облыс тарихына тікелей қатысы бар. Ендеше олардың аттарын тарихтан сызып тастауға болмайды”.

“Қостанайда Рабочая, Строительная, Заводская секілді ешқандай мағынасы жоқ көшелер бар. Оның үстіне тарихымызға мүлде қатысы жоқ адамдардың есімімен аталған көшелер де толып жатыр. Ал билер есімімен көшелер аталатын болса, оның маңызы зор болар еді” – дейді қала тұрғыны Аманкелді Сейітбатталов.

Облыстық соттың судьясы Сайлау Шәкіров: ”біздің судьялар мен журналистер,тарихшылар бас қосып, Торғай өңіріне арнайы экспедиция ұйымдастырдық. Қостанай облысында үш емес, отыз биге де көше берсе лайықты. Ондай тұлғалар біздің өңірде жеткілікті” – деген пікірін білдірді. Ал, көше аттары берілмей жатқан билердің бәрі де қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына зор үлес қосқан тұлғалар.

ДАУЫСЫ ҚОҢЫР ҚАЗДАЙ НАУРЫЗБАЙ ҚАЗЫБАЙҰЛЫ

Аққошқар би дауысы қоңыр қаздай деген баға берген Наурызбай Қазыбайұлы орта жүзге есімі мәлім болған, аузы дуалы билердің бірі. Би туралы тарихи деректер орыс құжаттарында кездеседі.

Наурызбай би Қазыбайұлының мөрі. Сурет 2006 жылы Алматыдағы «Дайк-Пресс» баспасынан шыққан «История Казахстана в русских источниках ХVІ-ХХ веков» кітабынан алынды.
“История Казахстана в русских источниках ХVІ-ХХ веков” (8 том, 1-ші бөлім. Алматы: “Дайк-Пресс, 2006 ж.) кітабында оған қазақтың қайталанбас көрнекті ақыны деген баға берілген.

Орыс шенеуніктері қалдырған тарихи құжатта отыз бір жасында 27-ші дистанцияның бастығы болып тағайындалған Наурызбайдың қыпшақ ішінде танабұға тайпасының Есенгелді тармағынан тарайтыны айтылып, оның екі ұлы және екі қызы болғаны жазылған.

Аталған құжатта Наурызбай бидің ата қонысы, яғни, жаз жайлаған, қыс қыстаған орындар көрсетілген. Бұл қоңыстар қазіргі Қостанай облысының Қарабалық және Таран аудандары аумағына жатады. Наурызбай бидің мөрі де осы уақытқа дейін мұрағатта сақталған. Оның бетіне араб әріптерімен “қырғыз-қазақтардың 27-ші дистанциясы басшылығы мөрі” деген жазу жазылған.

БАТЫРДАН АСЫЛ ТУҒАН АСЫЛ ТҰЯҚ ТОҚСАН БИ

Тоқсан би Жабай батырдың жетінші ұлы екен. Жабай батыр кезінде Абылай ханның мыңбасысы болған. Аманқарағай дуаны құрылғанда Тоқсан Керей болысының биі болса, кейінірек Тобыл губерниясы қазақтарының төбе биі болып сайланған.

Тоқсан бидің зираты Солтүстік Қазақстан облысы жерінде жатса да, бидің билік айтқан, дауға түскен, басынан кешкен оқиғаларының көпшілігі Қостанай өңірімен тығыз байланысты.

Кезінде қазақ ағартушысы Ыбырай Алтынсарин “Қырғыз хрестоматиясына” енгізген қостанайлық тағы бір би Ізбасты бидің ел құлағында қалған сөз қағысуы атақты Тоқсан бимен арада болған. Ізбасты аузы дуалы бидің бетін қайтару үшін: “Құлағы жоқ шұнақ би, құйрығы жоқ шолақ би, екі елді араздастырайын деп келдің бе? Сөйле ендеше!” – дегенде Тоқсан би:

“Құлағым жоқ болса, сұңқар шығармын,
Құйрығым жоқ болса, тұлпар шығармын.
Ешкі егіз табады,
Ит сегіз табады,
Шошқа тоғыз табады.
Сен әбден толған екенсің,
Қырсық болған екенсің,
Сенің тоғызыңды аламын десе, құдайдың шамасы жоқ па,
Маған перзент берейін десе, баласы жоқ па ?” – деп жауап қайтарады.

Осы сөзді естіп отырған Наурызбай Қазыбайұлы сол кезде: ”Сөйлеме енді, Ізбасты, сені басты албасты” – деп, дауды өршітпей, тоқтау салады.

ОРЫС ОТАРШЫЛДЫҒЫНА ҚАРСЫ ШЫҚҚАН ШЕГЕН МУСИН

Шеген Мусин арғынның атақты биі, Ыбырай Алтынсаринның нағашы жұртынан шыққан танымал тұлға. Кезінде ұлы ағартушыға мектеп ашуға тікелей көмек беріп, қолдау жасаған кісі.

Оның 1845 жылы Ахмет правительге жазған хаты тарихта өзіндік орны бар құжат. Онда би орыстардың қазақ даласына келуіне қарсы шығып, хатында: “біз әйел болдық, шенге ие болдық, орыстың алқасын мойнымызға салдық, енді оның қолқасын орындау ғана қалды” - деп ашына жазған.

Оның ел басқарудағы өнегесі, кейінгілер тағылым аларлық өсиет сөздері де аз емес.
XS
SM
MD
LG