Accessibility links

Бекіретұқымдас балықтарды аулауға тыйым салу уылдырық бағасын ұшындырып жіберуі мүмкін


Ыдысқа салынған қара уылдырық. Алматы. 25 мамыр. 2006 жыл.
Ыдысқа салынған қара уылдырық. Алматы. 25 мамыр. 2006 жыл.

Таяу арада ақсерке уылдырығының тапшылығына тап болсаңыз, таң қалмаңыз. Себебі Орталық Еуропа мемлекеттері Каспий теңізінде бекіретұқымдас балықтарды аулауға тыйым салу мәселесін талқылап жатыр. Бұл өз кезегінде уылдырық бағасын одан әрмен ұшындырып жіберуі мүмкін.

БЕКЗАДА МЕН ДЕГДАРДЫҢ АСЫ

Балықты тым көп аулау бекіре тұқымдас балықтар санының тоқсан пайыздайға азайып кетуіне алып келді. Осы себептен оның бағасы бір киләсіне он мың еуро деңгейіне дейін көтеріліп кетті, деп жазады «Дейли телеграф».

Әлемдегі бекіренің 80 пайыздайы Каспий теңізін мекен етеді. Уылдырықты тағам жасау үшін ең көп қолданылатын бекіре, ақсерке және севрюга балығы да осы теңізді мекендейді. Ал балық қоры жылдан-жылға азайып бара жатыр және уылдырықты экспорттауға тыйым салуды ендірудің өзі мұны тоқтатуға қауқарсыз болып отыр.

Қазақстан Каспий теңізі аймағының елдердін – Әзірбайжанды, Түрікменстанды, Иранды, Ресейді – бекіретұқымдас балық аулауға он жыл мерзімге тыйым салуды ендіруге көндіруге тырысып келеді. Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев былай дейді: «Бекіре балық үйірлерінің санын қалпына келтіру он бес жылдай уақытты керек етеді».

Бұл бес ел бекіретұқымдас балықтарды аулаудағы өз үлестерінің мөлшерін белгілеуді 2009 жылдан бері шеше алмай келеді. Аталған мәселе Каспий теңізінен уылдырық экспорттау жолында көптеген қиыншылық туғызып, осы себептен уылдырықтың барлық түрінің бағасы нарықта өсіп кетті.

Женевадағы Caviar House & Prunier атты ұйымның төрағасы Питер Ребеиз былай дейді: «Бүгінгі күні балық бағасы бір киләсіне он мың еуроға барып отыр. Өзіңіз ойлап көріңіз: бутерброд жеу үшін енді мың еуро төлеу керек болады. Бұл күлкілі жайт қой. Тіпті уылдырықты ең сүйіп жейтіндердің өздері де мұны қымбатсынары сөзсіз».

Жиырма жыл бұрын, балық бағасы бір киләсіне бір жарым мың мен екі мың еуро аралығында болған кезде, Ребеиз мырза Каспийден ауланған балықтардың уылдырығын сатудан пайда көрген еді. Ал бүгінгі Каспийден балық аулау қиындап кеткен жайы бар.

Өткен жылдан бастап, ол тек балық фермасының тоғанында өсірілген уылдырықты сатып келеді. Нарықтағы мұндай өзгеріс Лондон, Женева және Париждегі уылдырықты тұрақты сатып алушылардың көңіл - күйіне теріс әсер етіп отыр. Алайда, олар лажсыздан бұл ахуалға көнуге мәжбүр, деп атап көрсетеді газет.

КҮРІШБАЕВ МЫРЗАНЫҢ ЖОСПАРЫ

«Уылдырық туралы арман және онымен бірге келетін таңғажайып ахуал, көптеген ғасыр бойы оны тұтынудың ерекше бір мәдениетін қалыптастырды, - дейді ол. – Әрине, оны көп жылдан бері тұтынып келе жатқан адамдар бар. Олар әлі де оны баяғыдай тұтына беруді аңсайды. Ал балық фермасының тоғанында өсірілген уылдырық олар үшін дәмі татымсыз бірдеңе болып саналады».

Жабайы уылдырықты базарда сатып алуға болады, дегенмен, көбіне ондай балық не заңсыз ауланған не сапасы нашар өнім болып келеді. Қазіргі күні сатылатын уылдырықтың көбі Еуропа мен АҚШ фермаларынан жеткізіліп жатыр.

«Еуропа нарығында әдетте екі жарым жылдай уақыт өткен тауар (яғни сапасы мүлде нашар), немесе заңсыз түрде астыртын, контрабандалық жолмен сатылып жүрген тауар сатылады», - дейді Питер Ребеиз. Балық фермасының тоғанында өсірілген бекіре балық уылдырығының бағасы жабайы уылдырық бағасының көлемінің жартысына тең келеді.

Күрішбаев мырзаның бекіретұқымдас балықтарды аулауға тыйым салу жоспары Қазақстан және АҚШ ғалымдарының Қазақстанның батысындағы Жайық өзенінде уылдырық шашатын бекіре балық үйірлерін зерттеуінің қорытындылары жария етілгеннен кейін пайда болды. Аталған ғалымдар қазір ауланып жүрген балық мөлшері сыни деңгейден бес еседей асып кеткен дейді. Ал аталған деңгейден асыра балық аулау олардың санының қалпына келмейтін күйге дейін құлдыратып, қырылып кетуіне алып келеді.

Каспий теңізін мекендейтін бекіретұқымдас балықтар саны 1970 жылдардан бері тоқсан пайыз мөлшерінде азайып кеткен.

- Біз енді адамдар шынында да осылай болар деп күмәндәніп жүрген ақиқатты жария ете аламыз. Бұл Каспий теңізіндегі бекіре балықты аулауға қадағалау орнату аталған балық санының бұдан әрмен азая беруін тоқтата алмайтыны жайлы ақиқат, - дейді аталған мәселені зерттеген АҚШ - тағы Стоуни Брук университетінің ғалымы, доктор Фаедра Дукакис. Жабайы уылдырықты экспорттау 1998 жылдан бері, Жойылып бара жатқан жабайы флора мен фауна түрлерінің халықаралық саудасы туралы конвенцияның (CITES) баптарына сай белгілі мөлшерде квоталанады.

АДАМЗАТ МҰРАСЫ

Бекіре балығы әлемдегі ең ежелгі балық түрінің бірі болып саналады. Олар екі жүз миллион жылдай бұрын өмір сүрген динозаврлар заманынан бері тіршілік етіп келеді.

Олар жүз елу жылдан артық уақыт бойы өмір сүре алады, әрі ұзындықтары алты метрге дейін жету мүмкін.

2008 жылы CITES негізінде Каспий бекіре балық уылдырығын экспорттау квотасы тек үш тонна мөлшерінде болды. Ал ол кезде ресейлік бекіре балық уылдырығы үшін аталған көрсеткіш көлемі жиырма жеті тонна, парсы бекіре балық уылдырығы үшін отыз жеті тонна мөлшерінде болатын болып бекітілген еді.

CITES аясында жүргізілетін зерттеу жұмыстарының жетекшісі Дэвид Морган былай дейді: «Теңіздегі балық саны өз орнына келеді деген үмітіміз бар, алайда, Каспий маңы елдері пәрменді шараларды іс жүзіне асыруы тиіс. Олар, әрине, күнкөріс үшін балық аулауды кәсіп еткен балықшылардың белсенділігімен байланысты күрделі мәселеге тап болып отыр. Мен бұл мәселені шешу оңай болады деп айта алмаймын. Алайда, аталған балық түрі бүкіл адамзаттың мұрасы болып табылады».
XS
SM
MD
LG