Accessibility links

Сотқа дейін жеткен сақал дауы қытай компаниясында басқа да былықтың барын байқатты


"СНПС-Ақтөбемұнайгаз» мұнай компаниясының бұрынғы қызметкері Талғат Қырқымбай. сурет кейіпкердің мұрағатынан
"СНПС-Ақтөбемұнайгаз» мұнай компаниясының бұрынғы қызметкері Талғат Қырқымбай. сурет кейіпкердің мұрағатынан

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» мұнай компаниясының бұрынғы қызметкері Талғат Қырқымбай өзінен сақалын қырып тастауды талап еткен компания басшылығымен дауласып, соттасып жатыр.

32 жастағы Талғат Қырқымбай 2008 жылдың 27 қарашасында техника қауіпсіздігі ережелерін сақтамағаны үшін жұмыстан босатылған. Осы компанияның мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы Аман Әлқуатовтың: «сақалыңды қырып таста, әйтпесе жұмысқа шықпайсың» деген талабына келіспей қарсы шыққан жұмысшы бұл кәсіпорында үздіксіз 11 жыл еңбек істепті.

«Сақалымды өсірем бе, әлде қырып тастаймын ба – ол жеке басымның шаруасы. Одан да маған кеңдеу противогаз сатып алып беріңдер деп өз ұсынысымды айттым. Бірақ басшылық көнбеді. Мен жұмыс істейтін мұнай айыру цехы арнайы противогазды киюді қажет етеді. Ақыры, «ППС-95» деп аталатын қорғаныш-бетпердені әкеп тастады. Оның резина түтігі болғанымен, зиянды заттарды сүзгіден өткізетін құралы жоқ. Содан мен оны киюден бас тарттым.

Біріншіден, берген бетпердесі басыма сыймайды. Екіншіден, тіпті арнайы нұсқау-ережесі де жазылмаған, әр жерден құрастыра салынған. Ақыры, өзім іздеуге кірістім. Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласындағы американдық компанияда жұмыс істейтін таныстарым Германияда шығарылған противогаз барын айтты. Ақтөбеде осы фирманың өкілдігі де бар екен. Содан өзім барып киіп көріп, бағасын біліп басшылыққа сатып алып беріңдер дегенімде, олар мүлдем бас тартты.

Біздің бергенімізді киесің, не сақалыңды қырасың деген талап қойды маған. Әйтпесе, жұмыстан шығасың деп тұрып алды. Бұл өткен жылдың аяғында болған оқиға. Сол кезде сақал қырудан бас тартқан жігіттер жұмыстан өз еріктерімен кетуге мәжбүр болды. Кейбіреулері үнсіз көніп, сақалдан айрылды. Себебі, бала-шаға асырау керек, мойындарында несиелері бар», - дейді Талғат Қырқымбай.

Сот процесінде Талғат Қырқымбайдың қорғаушысы Александр Манько жұмыс беруші қызметкердің жеке басына тиіспей, оның наным-сенімін құрметтеп, өндірісте қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуі тиіс деп баса көрсетті. Адвокат қазірде адамдарды былай қойғанда, жан-жануарларға арналған қорғаныш құралдары – жылқыға, тіпті мысықтарға арналған противогаздардың барын тізіп шықты.

«Бұл жерде мәселе сақалда емес, шетел инвесторының қазақстандық жұмысшыға деген көзқарасында, - деді Манько. - Қырқымбай жұмыс істейтін Жаңажол мұнай өңдеуші зауытында сүзгілеуші противогаз кию керек. Ал, бұлардың ұсынғаны противогаз емес, бетперде ретінде киілетін резина бас киім ғана. Тіпті, осы заттың қай жерде, қашан шығарылғаны жөнінде ешқандай құжаттары да жоқ».

Ал, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының заңгері сотта Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасына жіберген сұраудың қорытындысын жұрт көзінше оқып берді. Онда қызметкер жұмыс берушінің талабын орындауы керек деп жазылған. «Қырқымбай қауіпсіздік ережелерін сақтаудан бас тартты» деді компания өкілі.

Талғат Қырқымбайдың сақалы Жаңажолдағы өрт қауіпсіздігін тудыруға қаншалықты себепші болып отырғаны әлі анықтала қойған жоқ. Судья Ли ханым «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» кәсіпорны ұсынған бетперденің құжаттарын әкелуді міндеттеді. Қытай компаниясы заңгерінің қолында Қырқымбайға тықпалаған бетперденің тиісті құжаттары болмай шықты. Жалғыз бетперде емес, 11 жыл бойы жұмыс ауыстырмаған Талғат Қырқымбаймен жеке еңбек шартын жасаспаған болып шықты.

Судья сол жерде жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы ұжымдық шартты талап етті. Әдетте, ұжымдық еңбек шарты – кәсіподақ пен жұмыс берушінің арасындағы келісім рөлінде. Қазіргі қалыптасқан тәртіпке сәйкес кез келген компания ұжымдық еңбек шартынсыз аттап баспауы тиіс, онсыз әрекет ету – заңды бұзушылық деп саналады.

Ал «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясында жұмысшымен екі арада ондай келісімшарттың жоқтығы – Қазақстан заңын белден басудың осы сотта ғана әйгіленген көрінісі дейді Талғат Қырқымбай:

«Қытайлық басшылық 1998 жылдан ертерек жұмысқа кіргендермен еңбек шартын жасаспайды».

Қаңтардың 10-ы күні Жаңажол газ өңдеуші зауытынан 10 шақырым жерде, дәнекерлеу жұмыстары кезінде, сұйықтық құйылған бөшке жарылып, екі жұмысшы жанып кетті. Қасындағы 4 адам ауыр халде ауруханаға түсті. Кейбіреулер ол жерде ашық жарылыс болды дейді. Алайда, компания басшылығынан ол жарылыстың бүге-шігесін білу мүмкін болмады. Сондай-ақ, газ өңдеуші зауытта қандай сұйықтықтар қолданылады және қайдан әкелініп жатыр деген сұраққа да жауап табылмады. Мұнай мен газды айыруда қандай қоспалар қолданылады, олар адам денсаулығына қаншалықты зиянды? Жұмысшылардың киген киімдері қауіпсіздік талабына сай ма? Оны тексеріп жатқан құзырлы органдардың жұмысы көзге көрінбейді.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы жұмысшылардың киетін арнаулы киімдері мен құрал-жабдықтарды тек Қытайдан ғана тасып жатыр. Бұл іске қазақстандық компаниялар қатыстырылмайды екен.
XS
SM
MD
LG