Accessibility links

Ішкі істер қызметкері құрған "Бүркіт" клубының қылмысқа бейім балаларды анықтағаны үшін басы бәлеге қалды


Ақтөбе қаласындағы №11 мектеп. Сәуір, 2009 ж.
Ақтөбе қаласындағы №11 мектеп. Сәуір, 2009 ж.

"№ 11 мектептегі астыртын құрылған қылмыстық топты әшкерелеуге «Бүркіт» әскери-патриоттық клубы көмектескен" деген ақпарат жергілікті полицейлерді қатты ашуландырды. Ақтөбе қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы Есен Есмаханов жергілікті журналистер алдында мектептерде қылмыстық топ ұясы бар деген мәліметті жоққа шығарды.

«Бұл – Батыс аймақтық көлік ішкі істер департаментінің қызметкері Серік Сағиевтің өзі құрған «Бүркіт» клубының беделін көтеру мақсатында жасаған қарекеті. Дәл қазір осы клубтың жұмысын тексеруді қарастырып жатырмыз. Ішкі істер қызметкерінің қоғамдық бірлестік құруы заңға қайшы. Сағиев №11 мектеп директоры Людмила Бошковаға келіп, мектепті қарауылдауға рұқсат сұрағаны бізге мәлім болды», - деді Есмаханов.

Қалалық бас полицейдің айтуына қарағанда, Сағиев журналистерге №11 мектепте 3 қылмыстық топ бар деп айтпаған. Бұл – жергілікті журналистердің кінәсі.

Ресми органның мәліметі бойынша, жағдай былай болған: 10 наурыз күні Ольга Долгова 6 класта оқитын баласын 7 кластың оқушысы ұрып-соғып, ақша бопсалады деп, ҰҚК Ақтөбе департаментіне арызданған. Анасы өз баласының ақша бермегендіктен жоғарғы класс оқушыларынан таяқ жеп жүргенін жазған.

Осы оқиға мектептердегі бопсалаушыларды әшкерелеуге түрткі болды. Мұнымен бір кезде көліктегі ішкі істер қызметкері, капитан Серік Сағиев құрған «Бүркіт» клубының жасөспірімдері № 11 мектептегі «кассирлерді» анықтайды.

Қылмыскерлермен байланысты оқушылар өздері оқитын мектептен аптасына 50 мың теңгеден жинап отырады екен. Сөйтіп, әр айда бір мектептен 200 мың теңге түрмеге ағылатынын анықтапты. Содан дүрбелең басталды.

Ал, Есен Есмаханов осы оқиғаны оқушылар арасында жиі кездесетін тентектік деп жуып-шайды:

«№11 мектепте ақша бопсалау оқиғасы анықталған жоқ. Әр мектептен айына 200 мың теңге жиналған болса, Ақтөбе қаласындағы бүкіл мектептен 2 миллион теңге құралар еді. Ай сайын түрмеге осындай көлемдегі мол ақша ағылып жатса, біздің көзімізге түспей ме? Әрине, бұл – шындыққа сай емес».

Полицейлер көлік департаментіндегі әріптесінің әрекетін көршінің бақшасына түскен адамның қимылына бағалайды. Көпшіліктің пікірінше, «Бүркіттің» басқарушысы әріптестің қорасына түсіп қана қойған жоқ, көзден мұқият жасырылған жайтты әшкерелей білді.

Теміржол колледжінің бір бөлмесін жалға алған «Бүркіттің» кеңсесіне жыл басынан бері оқушылардан 100-ден астам қоңырау түскен. Балалар өздерін қиналтқан жайттар жөнінде ақыл-кеңес сұраған. Көпшілігі әлімжеттіктен зардап шеккендер. Ағынан жарылған жасөспірімдер не мұғалімге, не ата-анаға бастарындағы жағдай жөнінде айта алмайтындарын жеткізген.

Енді Серік Сағиевтің кәсіби қызметіне зор қауіп төнді. Жан-жақтан төнген қысымнан соң балалар қолымен құрылған «Бүркітті» жауып тастамақшы. Қалай болғанда да Ақтөбеде «жел болмаса, шөптің басы қимылдамайтын» жағдай туды.

Мектептердегі әлімжеттік жасаушылардың көбейгені, әлсіздерді «есепке» қойып, ақша сұрататын жағдайлар жиілеп кеткені рас. Ал, кейбір мектептерде түрме заңы орнағаны туралы ішкі істер қызметкерінің аузымен айтылуы, расында да – нағыз сенсация!

«Біздің мектепте қылмыстық топ жоқ, - дейді № 11 мектеп директоры Людмила Башкова. - Мектебіміз білім сапасы жөнінен қаладағы оқу орындарының алдыңғы санатында. Сағиевтың біздің мектепте қылмыстық топ бар дегені ұжым ұстаздарының жұмысына қара бояу жаққанмен бірдей. Осы кезге дейін жасаған еңбегіміз далаға кетті».

Азаттықтың тілшісі осы жайтқа қатысты Есен Есмахановтан: «Сіздер «Бүркіт» клубының соңына түскеннен гөрі балалар арасындағы қылмыстық топтарды әшкерелеу жұмысын жүргізбейсіздер ме?» деп сұрағанда, ол:

«Көлік ішкі істер қызметкері болса, сол жақта қызмет жасасын. Қылмыс бар екендігін анықтаса, біздің мекемеге арызданбай ма? Балалар арасындағы қылмыспен күрес қалалық ішкі істер бөлімінің құзырында емес пе?» деп жауап берді.

«Сабақтан кейін балалардың не істеп, не қойғандарын мұғалімдер қайдан біледі? Біз тек сабақ кезінде мектеп ішіндегі тәртіпті қадағалаймыз. Сондықтан да бірден оқу орны басшылығын кіналау дұрыс емес. Әр ата-ана өз баласының іс-әрекетіне жауап беруге тиісті. Көпшілік ата-аналар бала тәрбиесіне жауапсыз қарайды. Сондықтан да осындай оқиғалар жиі кездеседі. Баланың жүріс-тұрысын, оқуын қадағалап отырған ата-аналар көп болса, мұндай абыройсыздықтарға бармас еді», – дейді №11 мектепте әскери сабақтарды жүргізетін мұғалім Жәңгір Әжігерев.

Мектептегі қылмыстық топтар оқиғасынан соң, Ақтөбеде шу әзір басылар емес. Құқық қызметкерлері қала мектептеріне жиі қоңырау шалып, мектеп директорларын мазалауға кірісті. Олар ақша бопсалау оқиғасын сұрастырып, тәртібі қиын балаларды бақылауға алмақшы.

Бірақ, онсыз да жүйкелері жұқарып жүрген мектеп мұғалімдерін қайта-қайта түрткілей беру оңайға түспей тұр. Негізінен, тәртібі қиын балалармен жұмыс тәсілдері өзгермейінше, жасөспірімдер ортасының көңіл-күйі ересектер үшін жұмбақ қалпында қала бермекші.

Ішкі істер департаменті таратқан дерекке қарағанда, Ақтөбе облысы бойынша бұзақылыққа бейім 508 жасөспірім есепте тұр. Биылғы жылдың өзінде тәртібі қиын 131 бала тіркеуге алынды.
XS
SM
MD
LG