Accessibility links

Американдық этнограф Анна Генина ағылшын тілінен гөрі қазақ тілін көбірек қажетсінеді


Мичиган университетінің докторанты Анна Генина. Алматы, 20 қараша, 2009 жыл.
Мичиган университетінің докторанты Анна Генина. Алматы, 20 қараша, 2009 жыл.

АҚШ-тағы Мичиган университетінің докторанты Анна Генина 2006 жылдан бері Қазақстанның көші-қон және демография саясаты тақырыбын зерттеп жүр. Анна Азаттық радиосына берген сұхбатында өзінің осы салада ойға түйгендерімен бөлісіп, қазақ тілін қалай, не үшін үйреніп алғанын да әңгімелеп берген еді.


ОРАЛМАНДАР ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКОНОМИКАСЫНА ӨЗІНДІК ҮЛЕС ҚОСУДА


- Анна, қазақ тілін үйренуге не түрткі болды?

- Қазақ тілі ең әуелі менің жұмысыма қажет болды. Мен негізінен Қытайдан, Моңғолиядан келген қазақтармен қарым-қатынас жасаймын. Олар орысша білмейді немесе қажетті деңгейде сөйлей алмайды. Олардың ана тілі – қазақ тілі ғой. Демек, маған ең әуелі қазақ тілі практикалық тұрғыда қажет болды. Екіншіден, Қазақстанға келетін болған соң, сол елге деген құрмет белгісі ретінде қазақ тілін аз да болса да үйренуге тырыстым. Әрине, мен қазақ тілінде еркін сөйлей алмаймын.

- Зерттеу тақырыбыңыз қалай еді?


- Мен Қазақстанға оралған оралмандар туралы зерттеу еңбегін жазып жүрмін. Соның ішінде Моңғолиядан келген қазақтар туралы. Себебі, олар 1991 жылы Қазақстанға көштің алғашқы легін бастап келген еді. Олардың келу тарихы да қызық. Сол себепті де мен осы тақырыпты таңдап алдым.

Ең алғаш Қазақстанға 2006 жылы келдім, сонда Шамалған ауылындағы Моңғолиядан оралған қазақтың үйінде тұрдым. Сондай-ақ, өзге де репатрианттармен танысып сұхбаттастым. Екінші рет 2008 жылы күзде келгенмін, мұнда жылдан астам уақыт болдым.

- Қандай әсер алдыңыз?

- Өте жоғары деп айтсам болады. Егер, алғашқы әсерім сондай жақсы болмағанда, мен бұл тақырыпты осындай ұзақ зерттемес те едім. Олардың ұлттық мәдениетті сақтау деңгейі өте жоғары.

- Ал, қандай қорытындыға келдіңіз?

- Мен әуелі бейімделу мәселелеріне көбірек назар аударған едім. Мен Моңғолияда болғанда көзім анық жеткен бір мәселе – екі елдің даму деңгейі, әлеуметтік қарым қатынастар, демократиялық құндылықтар екі түрлі екен. Қазақстанда әлі күнге дейін жергілікті және оралмандар деп бөлінушіліктің барлығы байқалады. Меніңше, бұл алғашқы буын үшін солай болуы мүмкін. Бір буын ауысқаннан кейін бұл бөлінушілік те ұмытылатын шығар.

- Қазақстан шеттен оралған отбасыларына материалдық және рухани тұрғыдан қолдау көрсетіп отырған ел. Сіз осы тұрғыдан Израиль мен Германияның тәжірибесін зерттеп көрдіңіз бе? Бұл мемлекеттермен салыстыруға келе ме?

- Израиль мен Германиядағы жағдай сәл басқашалау. Ондағы көші-қон мәселесі мүлдем басқа сипат алады. Олар репатрианттарды әлеуметтік және материалдық тұрғыдан жақсы қолдайды. Әрине, Қазақстан да қолынан келген көмегін аяп жатқан жоқ. Бірақ, сол көмектің деңгейі үнемі өзгеріп отырады. Алғаш келгендерге бір жағынан қиын, екінші жағынан жеңіл болды. Әуелгі кезде олар қиналғанымен, кейінірек баспанамен қамтамасыз етілді, жерге иелік етті.

Қазіргі келіп жатқандар баспана мен жерге иелік ете алмайды. Өз басым Ұзынағаштағы оралмандардың тәжірибесінен айтып отырмын. Олар қазір көбіне- көп туыстарына сүйенеді екен. Тіпті, көші-қон квотасын алуға да тым құлықты емес. Бұрынғыдай мемлекеттен көмек сұраушылар азайған. Заң бойынша, Қазақстан азаматтары 10 сотық жерге тұрғын үй тұрғызу мақсатында тегін қол жеткізе алады деп жазылғанымен, оны беріп жатқан ешкім жоқ. Жұмыспен қамтамасыз ету ісі де жолға қойылмаған.

- Жалпы, жұрт арасында оралмандар туралы әртүрлі түсінік бар. Соның ең бастысы – оралмандар мемлекетке не берем деген пиғылмен емес, не алам деген пиғылмен келеді. Үнемі билікке алақан жаяды дегенге саяды. Бұған не дер едіңіз?

- Әрине, ондай пікірлерге де тап болдым. Көбі осындай ойда екендігін де естіп білдім. Тіпті, ақпарат құралдарында да осындай ойларға кездесіп қаламын. Бірақ, бұл өте қате түсінік, қате пікір. Мен Шамалғанда және Ұзынағашта болған екі жылымды осы Моңғолиядан келген қазақтардың арасында өткіздім. Бұл екі ауылда да Моңғолиядан келген қазақтар өте көп. Олар онда көптеген бизнес обьектілерін ашуда. Айталық, шаштараз, кафе, дүкен секілді шағын бизнестерді жүргізіп отыр. Демек, Қазақстанның экономикасына, соның ішінде, ең маңызды сектор шағын және орта бизнесті дамытуда олар үлкен көмек болып отыр. Бірақ, бұл істеліп жатқандардың барлығы да көзге көріне бермейді. Қазіргі дағдарыс жағдайына қарамастан, олар жер сатып алып, үй тұрғызып жатыр.

- Жалпы, Қазақстанда оралмандардың рөлін қалай бағалауға болады? Олар деміккен демографияға үлес қоса алды деп ойлайсыз ба?

- Біріншіден, Моңғолиядан келген қазақтардың тарихы сәл өзгешелеу. Олар өзге елде туып-өсті. Моңғолияда демократия өте жоғары деңгейде дамыған. Олар өздерімен осы бір ерекшеліктерді де ала келуде. Сондай-ақ, әсіресе, әйелдер (әрине еркектер де) осындағы жергілікті халық ұмыта бастаған халықтық өнерлерді қайта жаңғыртуда үлкен үлес қосып отыр. Мәселен, киіз үйді әшекейлеу, оның барлық жабдықтарын жасау ісін алып қарайықшы. Оны жасау жергілікті қазақтардың қолынан келе бермейді.

МЕНІ ОНДАҒЫ КОММУНИКАЦИЯНЫҢ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ДАМЫҒАНЫ ТАҢҚАЛДЫРДЫ

- Сіз осы жазда Баян-Өлгей аймағында болып қайттыңыз. Ондағы мәдениет пен өмір сүру деңгейі қалай екен?

- Осы жазда шілде мен тамыз айларында Баян-Өлгейде болдым. Жаздың кезі болғандықтан, көбі киіз үйін тігіп, жайлауға шығып кетеді екен. Көбі – мал шаруашылығымен айналысады екен. Сондай-ақ, қолөнермен айналысу ісі де жолға қойылған. Мен сонда жүрген кезде екі үлкен кооператив ашылды. Онда негізінен әйелдер жұмыс істейді. Ұлттық нақыштағы заттарды өндіріп шығаратын кооперативтер еді. Осы қыста Моңғолияда жұт болған екен. Сондықтан, биылғы көктем мен жаз олар үшін тым көңілді емес көрінді. Көбі Қазақстанға қоныс аударуға ниетті екендіктерін білдірді.

Мен Өлгейдің өзінде болдым. Бірақ, көктем шығып, күн жылынысымен олар киіз үймен жайлауға кетіп қалады екен. Демек, әлі күнге дейін көшпенділік дәстүрі үзіле қоймаған. Олардың барлығының да қалада жұмысы, қызметі бар. Бірақ, бәрібір өздерінің тамыры бастау алатын өмір салтынан қол үзгісі келмейді. Сондай-ақ, Қазақстанға қоныс аударып кеткен қазақтардың көбі жазғы демалыстарын сонда өткізуді жөн санайды екен. Екі ел арасында виза қажет емес.

Өлгийдегі тұрғындардың басым көпшілігі – қазақтар. Бәрі қазақ тілінде сөйлейді екен. Сондай-ақ, онда этникалық моңғолдармен де ұшырасып қаласыз. Дүкен ұстап тұрған бір моңғолдарда да қонақта болдым. Олар да қазақ тілінде сайрап тұр. Жасамыстарының көбі Совет Одағында білім алған, орысша біледі, жастары Еуропа елдерінде оқиды екен, ағылшынша жақсы сөйлейді.

Мені таңғалдырған тағы бір дүние – интернеттің, коммуникацияның өте жоғары деңгейде дамығаны. Қазақстанда кейде тіпті қалалы жерлерде интернет табу оңайға түспейді ғой. Табылса да, әжептәуір қаржы керек. Ал, онда интернет проблема емес екен. Ұялы байланыстың құны тым арзан әрі интернетке қосылған.

- Жалпы, көшіп кетушілер мен көшуге ниеттілердің санын анықтау мүмкін бе екен?

- Дәл осы мәселеге мен көп назар аудардым. Әсіресе, жұрттың көбі Қазақстанға көшуге неге ынталы екендігін білгім келді. Менің ойымша, әрине, ең негізгі себеп – экономикалық ахуал көрінді. Егер Моңғолияда экономикалық жағдай жақсарып, өмір сүру деңгейі дұрыстала қалса, адамдар көшіп кету райларынан қайта қалады екен. Биылғы жұт оларды тұралатып кетіпті. Сондықтан да, көшуге ынталылардың саны артып отыр. Дегенмен, бұның өзі шартты жағдай. Жасы жер ортасына келіп қалған қарттар көшуге тым ынталы емес, ал жастарда керісінше көңіл-күй. Өйткені, олар өздерінің білімдерін кішкентай Өлгийде қадеге жарата алмайды екен. Сол себепті де рыногы үлкен Қазақстанға қарай ұмтылатын көрінеді.

Мен осы мәселеге байланысты жергілікті әкімшіліктің өкілдерімен кездесіп, пікірлерін білдім. Олардың арасында 90-шы жылдардың басындағы көші-қонның басы-қасында болған адамдар да, қазіргі көші-қон мәселесімен айналысып жүрген адамдар да болды. Негізінен ресми статистика жүргізіп отырған ешкім жоқ көрінеді. Ондағы қазақтардың қаншасы көшіп кетті, қаншасы көшуге дайын, қаншасы қайта оралды, бұл ақпаратты табу қиынға соқты. Жергілікті әкімшілік бұл мәселемен 90-шы жылдардың басында өте тыңғылықты айналысқан екен. Қазір қазақтар өз бетімен көшіп жатыр. Көбінің осында туған-туыстары бар. Соларға сүйенеді. Бұрынғыдай көмек сұрап жатқандары аз.

- «Нұрлы көш» бағдарламасымен таныс па екен?

- Иә. Маған кездескендердің барлығы «Нұрлы көш» бағдарламасы жайында сұрады. Өйткені олар телеарналардан болсын, радио, интернет арқылы болсын бұл бағдарлама жайында хабардар болған. Алайда, анық-қанығын біле бермейді. Олар осы бағдарлама бойынша, қоныс аударғысы келетіндігін айтады, бірақ, мен дәл осы бағдарлама бойынша көшуге дайындалып жатқан ешкімді кездестіре алмадым.

- Рақмет!
XS
SM
MD
LG