Accessibility links

Торғын Сұлтанқызы: Ана тіліңді жоғалтсаң да, ұлттық рухыңды жоғалтпа


Торғын Сұлтанқызы - "Түркия үні" радиосындағы қазақ тіліндегі бағдарламаның редакторы (сурет оның мұрағатынан алынды)
Торғын Сұлтанқызы - "Түркия үні" радиосындағы қазақ тіліндегі бағдарламаның редакторы (сурет оның мұрағатынан алынды)

Шетелде жүрсе де, қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне үлес қосып, қазақ тілін өркендетуге барын салып жүретін азаматтардың бірі Түркияның Анкара қаласында тұратын Торғын Сұлтанқызы.

Мен осы уақытқа дейін Түркияда қазақ тілінде радио хабар таратылатындығы жайынан бейхабар едім. Түркияның мемлекеттік телерадио корпорациясында «Түркия үні» атты радио бағдарлама жұмыс істейді. Бұл радио әлемнің 30 тілінде хабар таратады екен. Соның бірі – күніне қысқа толқыннан тікелей эфирде жарты сағат тыңдарманымен қауышатын қазақ тіліндегі бағдарлама. Бұл бағдарламаның жұмыс істегеніне он жыл толыпты. Әрі интернет парақшасы бар екен. Оның жүргізушісі әрі редакторы Торғын Сұлтанқызы.

Торғын Қазақстанның Маңғыстау өңірінде туып өскен. 1992 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия президенті Сүлеймен Демирелдің екі ел ынтымақтастығына орай, өзара студент алмасу бағдарламасы бойынша Түркияға оқуға аттанады. Анкара қаласындағы Гази университетінің журналистика факультетін бітіріп, Түркия мемлекеттік радиосы мен телевидениесінде жұмысқа орналасады.

Торғын «Түркия үні» радиосының мақсаты мен міндетін былай деп таныстырды:

- Түркияның мемлекеттік радиосы болғандықтан, мақсатымыз – Түркияны таныту. Оның ішкі-сыртқы саясатын насихаттау. Соған орай, Түркия мен әлемде болып жатқан маңызды оқиғаларды беріп тұрамыз. Түркияны мәдени, әдеби және рухани жағынан таныстыру мақсатында хабарлар дайындаймыз. Радио соңғы жаңалықтармен бірге, Орталық Азия және әлемде болып жатқан оқиғаларды сараптама жасайды әрі осы оқиғаларға орай Түркияның ресми көзқарасын білдіреді. Сонымен қатар, радио түрлі байқаулар ұйымдастырып, тыңдармандардың назарын аударуға тырысады екен.

Дегенмен, Торғын Сұлтанқызы тыңдармандардан хат-хабар, пікір ұсыныстардың аз түсетіндігін айтады. Ол «Түркия үні» радиосындағы қазақ тіліндегі бағдарламаны атажұрттағы ағайындар да тыңдап, оған өз ықылас-ниеттерін танытып, үлестерін қосса деп армандайды. Сол себептен де қазақ ағайындардан хат күтеді. Радионың интернеттегі мекен-жайы – www.trt.net.tr Ал, электронды адресі - kazak@trt.net.tr

Торғынның айтуына қарағанда, Анкарада он қазақ үйі бар екен. Жалпы, Түркияға қазақтардың бару тарихы екі кезеңге бөліп қарастырылады. Бірі – өткен ғасырдың 50-ші жылдары болса, екіншісі, Қазақстанның тәуелсіздік алған кезімен тұспа-тұс келеді. Торғын сол екінші толқынның өкілі. Түрік азаматына тұрмысқа шыққан. Торғын жергілікті қазақтармен қазақтың ұлттық мейрамдарында, той-томалақтарда кездесіп тұратындығын айтады. Оның айтуынша, Түркиядағы қазақтар өз ана тілін, салт-дәстүрін сақтауға барынша тырысады екен.

- Олар қазақтың баяғы салт-дәстүрін ұмытпаған, отбасында қазақ тілінде сөйлеседі. Жергілікті халық өкілдерімен қыз алысып, қыз беріспейді. Өздерімен өздері. Түркияда қазақтар аз болғандықтан, қазақ тілінде мектеп, газет секілді мәселелерден мақұрымбыз. Өздерінің қазақ мәдени орталығы бар - деген ол ондағы қазақтардың кейінгі буынының ана тілін ұмытуы заңды мәселе деп есептейді.

- Әрине, түрік тілінде сауат ашып, түрік тілінде білім алса, ана тілін ұмыту табиғи нәрсе. Менің ойымша, ана тілін ұмытқанымен, ұлттық сана-сезім жоғалмауы керек. Тіл жоғалса да, «мен қазақпын» дегенді ұмытпауы тиіс. Қазіргі ұрпақ тілін ұмытқанымен, ол өзінің қазақ екенін білсе, тегінде бала-шағасын алып барып, қазақша үйретіп, қазақ етіп алуына болады, - дейді ол.

Торғынның айтуынша, ондағы қазақ қоғамдары мәдени шаралар ұйымдастырып тұрады. Қазақстанның Түркиядағы консулдығы тарапынан қазақ тілінің курсы ашылған.

- Бұдан өзге қолдан келер қайран жоқ, - дей келе Торғын Қазақстаннан Түркияға мәдени шара өткізу мақсатында делегация көп келетіндігін айтады.

Сондай-ақ, Түркияға келген лауазымды тұлғалар алдымен Түркиядағы қазақ диаспорасымен кездесуді көздейді екен.

XS
SM
MD
LG