Accessibility links

Қосағашта қазақ мектебін бітіргендер жоғарғы білімді қайдан алады?


Алтай өлкесі, Ресей. Маусым 2008 ж.
Алтай өлкесі, Ресей. Маусым 2008 ж.

Ресми дерек бойынша, көршілес Ресейде 1 миллионға жуық қазақ бар. Олар Ресейдің әр өңіріне тарап кеткен. Солардың бір шоғыры – Ресейдің Алтай Республикасы Қосағаш ауданында тұрады.

Онда он мың қазақ бар. Осы он мың қазақтың басын қосып, олардың қазақы келбетін сақтап қалуына жағдай жасап отырған «Мирас» қазақ мәдени орталығы. Алматыда арнайы сапармен жүрген осы орталықтың директоры Бесайдар Алашқызымен кездесудің сәті түскен еді.

Оның айтуынша, Қосағаш қазақтары Ресейдің өзге өңірлерімен салыстырғанда қазақтың салт-дәстүрлерін жақсы сақтаған екен.

- Оған Қосағашпен іргелес отырған Моңғолияның Баян-Өлгий аймағындағы қазақтардың ықпалы ерекше, - дейді ол.


Қосағашта қазақ тілі пән ретінде жүргізіледі екен.


- Қай ауылда қанша қазақ бар, соған орай, қазақ тілін үйретеміз. Оқулықтарды Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінен алып тұрамыз. Бірақ, жылдан-жылға қазақ тілінің сағаты азайып барады, алдағы уақытта бұл пән жабылып қала ма? - деген күдігіміз де жоқ емес.


Сонымен қатар, Қосағаш қазақтары қазақтілді ақпарат құралдарына да зәру. Бесайдар Алашқызының айтуына қарағанда, ауданда «Чуйские зори» дейтін газет шығады екен. Қазақтар осының ішінен қосымша «Шүй нұры» атты екі беттік газетті айына төрт рет шығарып тұрады. Басқа ақпараттардың көбі Қазақстаннан келеді. «Алтын бесік» журналы, «Туған тіл», «Достық» журналдары келіп тұрады. Мұнда қазақ теледидары көрсетпейді. Тек ауқаттылары ғана спутниктік табақша арқылы Қазақстанның арналарын көреді. Ол санаулы үйде ғана. Яғни, қазақ ақпаратынан жұрдаймыз. Бәлкім жақындығынан болар, Шыңжаңның қазақ радиосын тыңдайды.


Қосағаш қазақтары соңғы жылдары өзінің ана тілін үйренуге ден қойып, Қазақстанда білім алуға ниеттенеді екен. Соңғы бес жылдан бері Қазақстандағы «Дарын» мемлекеттік орталығы жылына он баланы халықаралық олимпиадаларға қатыстырып тұрады. Соның 1, 2, 3-ші дәрежелі дипломға ие болғандары Қазақстанның мемлекеттік білім грантына ие болады екен. Сондай жолмен оқуға түскен оншақты бала қазір Қазақстан жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Бесайдар Алашқызы ондағы қазақ балалары Қазақстанды көргеннен кейін, өзгеше сезімде болатынын айтады:


- Балаларды Қазақстанға экскурсияға алып келеміз, бұның өзі балаларға жақсы әсер етеді. Алғашында балалар қазақ тілі пәні ашылған кезде «қазақ тілін оқымаймыз» деп бас тартушы еді. Қазақстанға екі-үш мәрте келіп кеткеннен кейін, қазақ тілін оқу былай тұрсын, оның мұғалімі болуға ұмтыла бастады, - дейді.


Бесайдар Ресейдің 33 субьектісінде қазақ мәдени орталығы бар екендігін айтады Қазақстанның Мәскеудегі елшілігі жылына бір рет Ресейдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің басын қосып тұрады екен. Сондай-ақ, Сібірдегі қазақтар Омбы және Самара қалаларында бас қосып, өздеріне ортақ проблемаларды талқылайды.


Бесайдар, сонымен қатар, Ресейде де қазақ мектебі бар екендігін айтты:


- Ресейдегі қазақтарға ортақ мәселе – тіл мәселесі. Алайда, ұланғайыр Ресейдегі қазақ диаспорасы үшін қазақ мектебін ашу қиын. Өйткені, ол жерде қазақ мектебін бітірген балаларды Қазақстанда оқыта алсақ қана ол бізге қажет. Қазақстан олардың барлығын оқытуға мүдделі емес болғандықтан, бізге қазақ мектебінің қажеттілігі шамалы.


Дегенмен, Алтай өлкесінің Керей және Байхамит ауылдарында бірінде 50, екіншісінде 100 үй тұрады. Оларда таза қазақ мектебі жұмыс істеп тұр. Олардың бізге қарағанда жарасы жеңіл. Павлодар қаласымен шекаралас. Сондықтан да қазақ мектебі түлектерінің Павлодарда білім алуға мүмкіндіктері бар, - дейді ол.

XS
SM
MD
LG