Қазақстан Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жабылған соң тәулігіне өндіретін мұнай көлемін екі есеге азайтқан. Бұл туралы мұнай саласындағы дереккөздеріне сілтеп Reuters агенттігі хабарлады.
Дереккөздердің айтуынша, жексенбі, 26 шілдеде Қазақстанда мұнай-газ конденсатын өндіру маусым айымен салыстырғанда екі есе азайған. Яғни, Қазақстан маусым айында күніне 2,16 млн баррель мұнай өндіріп келсе, 26 шілдеде бұл 1 млн баррелье түскен.
23 шілдеде Қазақстан тарабы Қара теңізде мұнай тиеу операцияларын тоқтатқанын және мұнай өндіруді уақытша төмендеткенін мәлімдеген.
Өткен аптада Ресейдің Новороссийск портында және сол маңда жүрген танкерлерге Украина дрондары шабуылдап, КҚК Қазақстан мұнайын қабылдауды тоқтатқан еді. 1500 шақырымдық құбыр Қазақстанның батысында өндірілген мұнайды Қара теңіздегі Новороссийск портына жеткізеді.
Ал бүгін, 27 шілдеде Қазақстан энергетика министрлігі КҚК арқылы мұнай тасымалдау қайта басталғанын хабарлады. Министрліктің ақпаратынша, КҚК-жа "Теңізшевроил" компаниясының мұнайы SEAMAJESTY және MILOS танкерлеріне тиеліп жатыр.
Ресей Украинаны КҚК инфрақұрылымына шабуыл жасайды деп айыптап келеді. Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майко бұған дейін Киевтің ол шабуылдарға қатысы барын жоққа шығарған.
23 шілдеде Қазақстанның энергетика министрлігі "кемелердің, экипаждардың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында" Қара теңізде мұнай тиеуді тоқтатып, өндірісті азайтқанын мәлімдеді. Бұған дейін Reuters дереккөздері Новороссийск маңында КҚК терминалындағы резервуарлар "шикізатқа лықа толып қалғанын" айтқан.
Трамп әкімшілігі Киевті Ресейдікінен өзге кемелерге шабуылды тоқтатуға шақырған. Бұл жөнінде Ақ үй өкіліне сілтеп Wall Street Journal хабарлады.
Каспий құбыры Ресей аумағы арқылы өтіп, Қара теңіз жағалауына жетіп тіреледі. Новороссийскідегі терминалдардан шикі мұнай танкерлерге тиеліп, әлемдік нарықтарға тасымалданады. Қазақстан мұнай экспортының шамамен 80 пайызын осы құбыр арқылы жөнелтеді. 2025 жылы КҚК желісімен 63 миллион тонна қазақ мұнайын тасымалданды. Жалпы алғанда Қазақстанда шамамен 86 тонна шикі мұнай өндірілген.
Биыл шілденің 17-сі, 19-ы және 20-күндері Новороссийскідегі КҚК терминалдарына барған бірнеше мұнай танкеріне дрондар шабуыл жасаған.
- Ресей аумағындағы Ресей, Қазақстан және Батыс компаниялары қатысатын халықаралық консорциум терминалына дрон шабуылы бірнеше рет жасалды. Былтыр қарашада Новороссийскіде КҚК-ның теңіз терминалына экипажсыз катерлер шабуылы зақым келтірген. Ол кезде де Қазақстан билігі мәлімдеме жасап, КҚК инфрақұрылымына жасалған шабуылды айыптаған.
- Желтоқсанда Қазақстан СІМ-інің мәлімдемесіне реакция білдірген Украина шабуыл Қазақстан немесе басқа да үшінші елге қарсы бағытталмағанын, Ресейдің ауқымды басқыншылығын тойтаруды көздейтінін айтқан.
- АҚШ та Украинаның КҚК-ға шабуылын сынға алып, мұны "Қазақстанға жасалып жатқан АҚШ инвестициясына қатер" деп атаған. Американың бұл жөнінде демарш жазғанын биыл ақпанда Украинаның АҚШ-тағы елшісі Ольга Стефанишина айтқан.