Иран ислам революциясы сақшылары корпусының бас қолбасшысы Ахмад Вахиди Ирандағы соғыс басталғалы алғаш рет ел алдына шықты. Иран басылымдары көрсеткен фотоларға қарағанда, Вахиди Тегеранда АҚШ пен Израильдің соққысынан қаза тапқан рухани көсем Аятолла Әли Хаменеимен қоштасуға келген. Ол табытқа қолын қойып, дұға оқыған.
АҚШ пен Израиль Иранға соғыс ашқалы Вахиди жұрт алдына шықпаған. Себебі соғыс уақытында Израиль пен АҚШ Иранның жоғарғы лауазымды әскери қызметкерлері мен шенеуніктерін нысанаға алған.
Бір күн бұрын Иранның IRNA мемлекеттік агенттігі Вахиди Иран президенті Масуд Пезешкиан, парламент спикері Мохаммед Багер Калибаф, Тегеран мэрі Алиреза Заканимен мемлекеттік жиналысқа қатысқанын хабарлаған.
Бұрын қорғаныс министрі қызметін атқарған Вахиди биыл наурызда сақшылар корпусына қолбасшы болып тағайындалды. Ал бұрынғы қолбасшы Мохаммед Пакпур АҚШ пен Израильдің шабуылынан қаза тапқан.
Иран ислам революциясы сақшылар корпусы – елдегі әскерге, ұлттық қауіпсіздікке, сыртқы саясат пен экономикаға ықпал ететін әскери күш.