Қытайдың Санья қаласында Жағажайдағы Азия ойындары аяқталып, Қазақстан бір алтын, бір күміс, үш қола медальмен жалпы есепте 12-орын алды. Алтыншы рет өткізілген ойындарда джиу-джитсудан Нұржан Батырбеков (69 келі) чемпион болды.
Су добынан Қазақстан әйелдер құрамасы күміс жүлдегер атанды. Қола медальды джиу-джитсудан Батыр Теңізбай (62 келі), Әлинұр Қуатұлы (69 келі), Сейілхан Болатбек (77 келі) және құзға өрмелеуден эстафетада Ришат пен Рашид Хайбуллиндер, су добынан ерлер құрамасы иеленді.
Жағажайдағы Азия ойындарында жалпы есепте алғашқы бестікке Қытай (24 алтын), Таиланд (10 алтын), Иран (9 алтын), Вьетнам (3 алтын), Филиппин (3 алтын) енді.
Орталық Азиядан Өзбекстан бір алтын, Қырғызстан бір қола жүлде алды.
Келесі жағажайдағы Азия ойындары 2028 жылы Филиппиннің Себу қаласында өтуі тиіс. Бұл ойындарда жарыстардың көбі ашық аспан астында, жағажайда болады.