Астана қаласы әкімдігі балалары әскерде өлген немесе жарақаттанған ата-аналарға митинг өткізуге рұқсат бермеді.
Бір топ ата-ана бұған дейін Астана әкімдігіне өтініш түсіріп, 16 желтоқсанда митинг өткізуге рұқсат сұраған. Алайда әкімдік рұқсат етпеді деп хабарлады әскерде қаза болған Алмас Шахимовтың анасы Индира Мұратқызы.
“Алмас Шахимовтың соты бітті, сот офицерді кінәлі деп танығанмен оны қамаған жоқ. Біз әділ сот талап етеміз, үкіммен келіспейміз” деді Индира Мұратқызы желіде тараған видеода.
Оның сөзінше, оны "жүздеген ана қолдап отыр". Астана әкімдігіне жіберілген өтініште 10 адамның аты-жөні көрсетілген.
Өтініш бергендердің арасында әскери оқуда жүріп ауыр жараланған Ұлан Мұсаевтың анасы Гүлмира Мұқажанова да бар. Ол Азаттыққа:
"Алмас Шахимовтің ісі 453-бап емес, 99-бапқа ауыстырылып, тергеу әділ жүргізіліп, қайтадан істі сотқа жіберуін талап ету. Одан кейін жаңа реформа жүргізу. Біз мұнымен тоқтамаймыз. Біз аналар осы 3,5 жылда не көрмедік..." дейді. Ол аналардың әділ тергеу мен әділ сотты талап етіп отырғанын айтты.
Астана қаласы әкімдігі әйелдерге жіберген жауабында “өтініштің толық емес” (Бейбіт жиын туралы заңның 14 бабы 1-бөлігі 5-тармағы) екенін алға тартып, митингке рұқсат етпеген.
Астана әкімдігі әзірге түсініктеме бермеді.
Бір күн бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарулы күштердің басшыларымен кеңес өткізіп, онда әскердегі сарбаздардың өлімі мен жарақаттануы мәселесі де сөз болғаны белгілі болған. Бірақ кеңесте нақты қандай дерек айтылғаны, жай-жапсары айтылмады.
“Президент заң мен тәртіпті одан әрі қамтамасыз етуге, әскердегі тәрбие жұмысын жетілдіруге, әскери қызметшілердің мерт болуына және жарақат алуына жол бермеу бойынша қабылданған шаралардың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді” деп жазылған Ақорда хабарламасында.
Қараша айының басында Астанада балалары әскери борышын өтіп жүрген кезде қаза болған немесе жарақаттанған ата-аналар митинг өткізіп, биліктен реформа жүргізуді, жапа шеккендерге әділ өтемақы төлеуді талап еткен. Ізінше Тоқаев бас прокурорға ата-аналардың арызын қарауды тапсырған еді. ҚазТАГ-тың жазуынша, кейінгі бес жылда Қазақстан әскерінде жүздеген сарбаз қаза болған.