Accessibility links

"Алға, Қазақстан" белсендісі Амангелді Жахинді полиция ұстап, үйін және ұлының пәтерін тінтті


Тергеушілер белсенді Амангелді Жахиннің ұлының пәтерінің алдында тұр. Астана. 18 қараша, 2025 жыл.
Тергеушілер белсенді Амангелді Жахиннің ұлының пәтерінің алдында тұр. Астана. 18 қараша, 2025 жыл.

"Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшілерінің бірі Амангелді Жахинді 18 қараша күні полиция ұстап, Көкшетаудағы Ақмола облыстық полиция департаментіне жеткізген. Бұл ақпаратты Азаттыққа адвокат Мейіржан Досқараев айтты.

– Мені онымен телефонмен қысқа ғана сөйлестірді. Тергеушінің айтуынша, Қылмыстық кодекстің 405-бабы ("тыйым салынған ұйымның ісіне қатысу") бойынша іс қозғалыпты. Оны қай жерде, қалай ұстағаны маған әзірше белгісіз, – деді Досқараев.

Сол күні кешке Астанада тергеушілер Амангелді Жахиннің ұлының және кейін өзінің үйін тінтті. Тергеушілердің бірі Азаттық тілшісіне "тінту шаралары заң бойынша жүргізіледі" дегеннен өзге ақпарат беруден бас тартты.

Белсендінің әйелі Зәуреш Жахина ұлының үйіне тінту жүргізген тергеушілер телефондар мен ноутбукты алып кеткенін айтты. Ол сейсенбі күні таңертең Ақмола облысындағы Шортанды кентіне кеткен күйеуінен хабар ала алмай отырғанын жеткізді.

Жаңалықты толықтыру: Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Амангелді Жахин жөнінде Азаттықтың сауалына сәрсенбі 19 қарашада берген жауабында: "18 қарашада азамат А.Д. тыйым салынған экстремистік бірлестіктің қызметіне қатысуға, оған қоса экстремистік әрекетті қаржыландыруға қатысты қылмыстар жасаған деген күдікпен ұсталды. Істің мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес, сотқа дейінгі тергеу деректерін жариялауға болмайды" деп жазған.

Амангелді Жахин – "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшілерінің бірі. Олар бірнеше жылдан бері партияны тіркете алмай жүр. Әділет министрлігі "құжаттары қате" деп, белсенділердің берген өтінішін кемі 24 рет қайтарып тастаған. Жахин бұған дейін "бейбіт жиын өткізу ережесін бұзды" деп әкімшілік жауапқа тартылып, 20 күнге қамалған еді.

"Алға, Қазақстан" ұйымы жетекшілерінің бірі болған марафоншы, белсенді Марат Жыланбаев 2023 жылы "экстремистік ұйым жұмысына араласты, оны қаржыландырды" деген айыппен 7 жылға түрмеге қамалған. Сот ұйғарымында Жыланбаев "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы экстремистік ұйым деп танылғанын біле тұра Астана қаласы аумағында "ҚДТ" ұйымының қызметіне белсенді түрде араласып, Мұхтар Әблязов ұйымдастырған заңсыз митингілерге қатысқан деп көрсетілген.

2018 жылы Қазақстан соты шетелге қашқан банкир, Қазақстан билігін сынап жүрген Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" оппозициялық қозғалысын (ҚДТ) "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған.

Белсенділер Амангелді Жахин, Бибігүл Иманғалиева, Марат Жыланбаев (солдан оңға қарай) "Алға, Қазақстан" ұйымының жиынында отыр. 2015 жыл.
Белсенділер Амангелді Жахин, Бибігүл Иманғалиева, Марат Жыланбаев (солдан оңға қарай) "Алға, Қазақстан" ұйымының жиынында отыр. 2015 жыл.

Жыланбаев пен оның жақтастары тағылған айыптарды саяси астары бар деп жоққа шығарды. Ал Еуропарламент 2019 жылы наурызда қабылдаған қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.

XS
SM
MD
LG