Сейсенбі, 11 қараша күні Пәкістан астанасы Исламабадта сот ғимараты алдында өзін-өзі жарып жіберген лаңкес 12 адамды мерт қылды. Бұл туралы елдің ішкі істер министрі Мохсин Накви мәлімдеді.
Рейтер агенттігінің ауруханадағы дереккөзіне сілтеп хабарлауынша, жарылыс салдарынан бірнеше адам жарақат алған, кейбірінің жағдайы ауыр.
Наквидің айтуынша, лаңкес әуелі сот ғимаратына кірмек болып, бірақ 10-15 минут күтіп, ғимарат алдындағы полиция көлігінің жанында жарылғыш затты іске қосқан.
"Оқиғаны түрлі қырынан тергеп жатырмыз. Бұл кезекті жарылыс емес. Ол тура Исламабадтың өзінде болып отыр" деді министр.
Жарылыс сот ғимаратының кіреберісінде болған. Әдетте онда сотқа талап-арызбен келген көп адам жүреді.
Жергілікті баспасөз құралдары таратқан видеода полиция көлігінің жанында үсті-басы қан-қан болған адамдар байқалады.