Accessibility links

Израиль Газаға соққы жасады. Тель-Авив ХАМАС-ты бітім келісімін бұзды деп айыптаған


Израиль шабуылынан кейін пайда болған түтін. Газа аймағы, 29 қазанға қараған түн.
Израиль шабуылынан кейін пайда болған түтін. Газа аймағы, 29 қазанға қараған түн.

Сейсенбі, 28 қазан күні Израиль ұшақтары Газаға соққы жасады. Тель-Авив ХАМАС қарулы тобын Палестина жеріндегі бітім келісімін бұзды деп айыптаған. Бір ай бұрын қос тарап АҚШ президенті Дональд Трамптың араласуымен бітім жасасып, екі жылға ұласқан соғысты аяқтауға келіскен.

Газадағы жергілікті денсаулық сақтау мекемелерінің хабарлауынша, соққыдан кемі 26 адам қаза тапқан. Оның ішінде бес адам Бурейж босқындар лагерінде, төртеуі Сабра қаласындағы ғимаратта, бесеуі Хан-Юнистегі көлікте мерт болған. Куәгерлердің айтуынша, Израиль шабуылы сәрсенбіге қараған түні де жалғасқан. Бұл туралы Рейтер агенттігі хабарлады.

Израиль әскері бұл шабуыл туралы әлі мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ шабуылдың алдында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху "қуатты соққы" жасауға бұйрық бергенін айтқан. Премьер-министр соққы жасауға нақты себеп келтірмеді, алайда ХАМАС-ты (Еуроодақ пен АҚШ террор ұйымы деп таныған) Газаның Израиль бақылауында тұрған аумағында жүрген Израиль күштеріне шабуыл жасады деп айыптаған.

АҚШ араағайындығымен жасалған бітім келісімі 10 қазанда күшіне енген. Сөйтіп 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС Израильге шабуыл жасаған соң басталған соғыс аяқталғандай болған.

Ал енді қос тарап та бір-бірін келісімді бұзды деп айыптап отыр.

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс кейінгі күндердегі қақтығысқа қарамастан бітім келісімі күшінде деп мәлімдеді.

"Бұл дегеніңіз анда-мұнда кішігірім қақтығыстар болмайды дегенді білдірмейді" – деді Вэнс журналистерге Конгресс ғимаратында. "Білетініміз, ХАМАС па, әлде Газадағы басқа біреуі ме Израиль сарбазына шабуылдаған. Израиль бұған жауап қайтарады деп күтеміз, бірақ меніңше, осыған қарамастан президенттің бейбітшілік келісімі күшінде қала береді".

ХАМАС Рафахтағы Израиль күштеріне жасалған шабуылды өз мойнына алмады. Ұйым Газадағы бітім келісіміне берік екенін мәлімдеді.

Өткен сенбіде Израиль Газа секторындағы нақты бір адамға соққы жасаған. Ол адам Израиль күштеріне шабуылдайтынын айтқан деп хабарланды.

Бітім келісімі аясында ХАМАС тірі қалған барлық 20 кепіл тұтқынды босатып, мерт болғандардың сүйегін қайтаруға келіскен. Ал Израиль Газадағы әскери операциясын тоқтатып, шегінуге, сондай-ақ Израиль аумағында түрмеде отырған екі мыңға тарта палестиналықты босатуға көнген.

2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС жауынгерлері Израильге басып кіріп, 1200 адамды өлтірген, 251 адамды Газаға тұтқын ретінде алып кеткен. Израиль бұған жауап ретінде ауқымды әскери операция бастап, Газадағы елдімекендерге жойқын соққылар жасаған. Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, содан бері аймақта 68 мың адамның опат болғаны расталған.

Рейтер агенттігінің хабары.

XS
SM
MD
LG